Мектептер жеткілікті әрі жайлы болса, өсер елдің белгісі

Қоғамдық кеңесте

Ақмола облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында Көкшетау қаласындағы жаңа мектептердің құрылысы, бұрыннан бар білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу және кейбір шағын аудандардағы оқушы орындарының тапшылығы өткір сөз болды.

Қоғамдық кеңес төрағасы Қабдуәли Құлышевтің төрағалығымен өткен жиында қоғам белсенділері мүдделі басқарма басшылары мен мердігерлерге білім саласында салынып жатқан нысандардың сапасына қатысты тікелей сұрақ қойып, бюджеттен қомақты қаражат бөлінсе де, құрылыс мерзімдерінің созбалаңға түсетінін сынға алды.

Күн тәртібіне сәйкес кеңесте екі өзекті мәселе қаралды. Жиналғандар алдымен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуы, соның ішінде Сарыарқа шағын ауданындағы 1500 орындық №20 мектептің құрылыс барысы талқыланды. Сондай-ақ, «Білім-Инновация» лицей-интернатындағы жағдай мен күрделі жөндеуі үш жылға созылған №14 мектептің қазіргі жай-күйі пысықталды.

Қоғамдық кеңес төрағасы атап өткеніндей, бұл тақырыптар бекерден-бекер күн тәртібіне шығарылып отырған жоқ. Былтыр қоғамдық кеңес мүшелері қала мектептерінің бірқатарына мониторинг жүргізіп, көптеген кемшіліктер анықтаған. Соның ішінде жаңа мектептер мен жөндеуден өтіп жатқан нысандар да болған.

– Жаңа мектептерді пайдалануға беруде біз бірінші кезекте санға емес, сапаға назар аударуымыз қажет. Оқушыларға білім алуға жайлы жағдайлар жасалуы тиіс, –деп мердігерлер мен тапсырыс берушілерге ескертті. Сонымен, қоғамдық кеңес мүшелері Көкшетаудағы Сарыарқа шағын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған №20 мектептің бүгінде олардың жіті бақылауында екендігін айтты. Құжат бойынша нысан пайдалануға берілгенімен, оны тексеру барысында 45 кемшілік анықталған. Оның ішінде дабыл қағу және желдету жүйелерін орнатуда ақаулар шыққаны бір бөлек, тіпті сапасыз құрылыс материалдары да қолданылған көрінеді. Құрал-жабдықтарында да талапқа сай келмейтін жайлар кезіккен. Жалпы, бұл тәжірибеде жиі қайталанатын жағдай. Мәселен, құрылыс барысында бастапқы жоба түзетуге ұшырайды, кей жерлерде жұмыс көлемі азайса, кей жерлерде арзан материалдар қолданылады. Соның салдарынан мектеп пайдалануға берілгенімен, алғашқы айларда-ақ оның сапасына қатысты мәселелер туындайды. Аталмыш мектепте де осы жағдай орын алып отырған тәрізді.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазовтың айтуынша, тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы. Компания конкурсты өзі өткізіп, мердігерлерді өзі анықтаған. Сонымен бірге, авторлық және техникалық қадағалауды да жүзеге асырған осы компания. Құрылыс аяқталғаннан кейін нысан қабылданып, білім беру жүйесінің теңгеріміне өткізілген. В.Гамазовтың айтуынша, бүгінде орын алған олқылықтардың басым бөлігі жойылған. Десе де, жаңа мектептен мұнша ақаудың шығуы құрылыс сапасына деген күмәнімізді арттырып отыр.

Ал, қаладағы №14 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары өз алдына бір бөлек жеке тексеруді талап ететін мәселе. Аталған білім ошағы 650 орынға шақталғанымен, іс жүзінде мұнда бір мыңнан астам бала білім алуда. Жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталып, 2025 жылы аяқталуы тиіс болатын. Жобаның жалпы құны 780 миллион теңгені құраған. Мердігері – «Севимсталькон» компаниясы. Жөндеу жұмыстарының алғашқы кезеңінде-ақ авторлық және техникалық қадағалау тарапынан ескертулер түскен. Мектеп әкімшілігі мердігермен келісім-шартты бұзбақшы болып, сотқа да жүгінген, алайда сот келісім-шарт мерзімі әлі аяқталмағанын алға тартып, бұл талаптан бас тартқан.

2024 жылы жұмыстардың бір бөлігі аванстық қаражат есебінен орындалды. Негізгі жұмыс көлемі немесе 600 миллион теңгеден астам қаржы 2025 жылы игерілуі тиіс еді.

Мердігерге жұмысты ертерек бастауға мүмкіндік берілгеніне қарамастан, жөндеу жұмыстары тағы да кешіктіріліп басталған әрі сапасына қатысты шағымдар да шаш-етектен. Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, жаңа оқу жылын бастар алдындағы мұндағы жағдайды іс жүзінде «қолмен басқару» режиміне ауыстыруға тура келген. Соның арқасында оқу процесін тоқтатпау үшін ғимарат ішіндегі әрлеу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтап үлгерген. Алайда, атқарылған жұмыстар бойынша құжаттама уақытылы ұсынылмаған. Нәтижесінде, 600 миллион теңгеден астам қаражаттың тек 300 миллионға жуығы ғана төленген. Себебі, мердігер тапсырыс берушіге дәл осы соманы ғана растайтын құжаттарды өткізген. Қалған жұмыстар іс жүзінде орындалғанымен, олар авторлық және техникалық қадағалаудың келісімінен өтпеген.

Аумақты абаттандыру, спорт алаңы, кіші сәулет нысандарын орнату және автоматты өрт дабылы жұмыстары аяқталмай қалды. Бұл жұмыстарды, сірә, енді басқа мердігер ұйым аяқтайтын болады. Сонымен қатар, қоғам белсенділерінің айтуынша, жөндеу сапасына қатысты мұндай мәселелер тұрақты сипат алған. Қоғамдық кеңес мүшесі Игорь Плюснин мониторинг кезінде облыстағы бірқатар мектептерде де елеулі сәйкессіздіктер анықталғанын еске салды. Атап айтқанда, кейбір күрделі жөндеу жобаларында жекелеген бөлмелерде желдету жүйесі мүлдем қарастырылмаған, ал, жобалау кезінде түсініксіз шешімдерге жол беріледі. Мысалы, объективті тұрғыдан қажеттілік болмаса да, бір мектептің сыртын жылу ұстап тұратын материалмен қаптау жұмыстары да жоспарға енгізіліпті.

Қоғам белсенділерінің пікірінше, мұндай жағдайлардың орын алуының басты бір себебі – қоғамдық бақылаудың әлсіздігінен. Заң бойынша бюджеттік жобалар іске асырылып жатқанда арнайы қоғамдық мониторингтік топтар құрылуы тиіс, алайда, іс жүзінде мұндай топтар өте сирек құрылады.

Жалпы, облыстық білім басқармасы мамандарының мәліметінше, облыста 523 орта білім беру ұйымы бар. Бұл – республика бойынша екінші көрсеткіш. Соңғы үш жылда өңірде 18 мыңға жуық оқушыға арналған 24 мектеп салынған. Бұл апатты жағдайдағы мектептерді толықтай жоюға және үш ауысымды оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік берді. Дегенмен, бұл мәселелер толық шешілді деп айта алмаймыз. Мәселен, ауылдық жерлерде көбіне оқушы орындарының артықшылығы байқалып жатса, Көкшетау қаласы мен елорда маңындағы аудандарда орын тапшылығы әлі де сақталып отыр.

Бұл мәселе, әсіресе, облыс орталығының орталық бөлігінде қатты сезіледі. Орталық базар мен Радиозауыт шағын ауданының тұрғындары маңайда мектептің жоқтығына шағымданып жүргеніне бірнеше жыл болды. Балалар қаланың басқа аудандарында оқуға мәжбүр, ал, орталықтағы №1, 2, 8 мектептерде бала саны шамадан тыс көп. Білім басқармасы аталмыш мәселенің бар екенін растады. Соңғы жылдары бұл түйткілді жағдайды қолданыстағы мектептерге қосымша ғимараттар салу арқылы шешуге тырысқан. Соған қарамастан, орталық мектептерде әлі де оқушылар жүктемесі саябырлайтын емес.

Осыған орай, екінші мәселе қаралды. Бұл ретте, кеңеске жиналғандардың назарына «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалиновтың өтініші ұсынылды. Ол қаланың орталық базар мен радиозавод маңындағы аудандарында жаңа мектеп салу қажеттігін алға тартыпты. Ендігі кезекте радиозауыт ауданында 300 орындық, орталық базар маңында 600 орындық және «Сарыарқа» шағын ауданында тағы бір 1200 орындық мектеп бой көтереді деген жоспар бар екен. Бірақ, бұл ретте де объективті қиындықтар бар. Айталық, қала орталығында бос жер телімдері жоқ. Бұл үшін жерді алдымен сатып алуға және ондағы ғимараттарды бұзуға тура келеді. Бұл ұзақ әрі қымбатқа түсетін жұмыс дейді шенеуніктер.

Сонымен қатар, қоғам белсенділері ретсіз құрылыстарға да назар аударды. Мемлекет бір шағын ауданда мектеп салуды жоспарлағанша, ол аумақта ондаған жаңа көпқабатты үйлер пайда болып үлгереді. Кеңес мүшелерінің пікірінше, қала билігі алдымен аудандарды әлеуметтік инфрақұрылыммен, яғни, мектептермен, балабақшалармен, жолдармен және коммуникациялармен қамтамасыз етіп, содан кейін ғана жаппай тұрғын үй құрылысына рұқсат беруі тиіс.

Жалпы, Қоғамдық кеңес отырысынан ұққанымыз, оның мүшелері бұл бағыттағы істің жайына және әлеуметтік нысандардың құрылысы неғұрлым ашық әрі тиімді жүргізілуіне бақылауды күшейтпекші.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар