Көгілдір отын Қараөткел ауылына жетті

ИГІ БІР ІС

Тәуелсіздік күні қарсаңында Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылының тұрғындары алғаш рет табиғи газға қол жеткізді. Бұл ауыл тұрғындары үшін жай ғана тұрмыстық қолайлылық емес, өмір сапасын арттыруға игі әсер ететін маңызды қадам.

Жоба өңірлік әкімдік, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және оның еншілес ұйымы «QazaqGaz Aimaq» АҚ-ның үйлесімді жұмысының нәтижесінде жүзеге асты. Газдандыру елорда агломерациясын дамытуға бағытталған ауқымды жобаның бір бөлігі ретінде жүргізілуде.

–Жоба аясында 63 шақырымдық тарату желілері салынып, 15 газ тарату пункті орнатылды. Бұл шамамен 5 мың тұрғынды газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ауылға табиғи газ беру рәсіміне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Елдос Рамазанов.

Ауыл ішіндегі әртүрлі қысымдағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 100 шақырымға жетті. Алғашқы үш іске қосу кешені 4 110 үйдің ішінен шамамен 2 460 үйді газбен қамтуға мүмкіндік береді. Заманауи газ тарату пункттері газдың тұрақты әрі қауіпсіз берілуін қамтамасыз етеді, бұл солтүстік климат жағдайында аса маңызды.

–Біз жұмысты айтарлықтай жеделдетіп, соның арқасында Қараөткел тұрғындарын газбен жоспарланған мерзімнен ерте қамтуға қол жеткіздік, – дейді «QazaqGaz Aimaq» АҚ Астана өндірістік филиалының директоры Уәлихан Қымбатов.

Көптен күткен табиғи газдың уақытында келуіне ауыл тұрғындары да дән риза.

–Бұрын қыста тәулік бойы пеш жағуға тура келетін. Енді өміріміз әлдеқайда жеңілдеді. Ауылымызға газ жеткізуге атсалысқандардың бәріне көп рахмет, – дейді Рукия Ажарбайқызы.

Қараөткелді газдандыру – Ақмола облысының елді мекендерін табиғи газбен қамтуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі ғана. Тек биылдың өзінде көгілдір отын Нұрлы, Шұбар, Аққайың, Талапкер, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды ауылдарына және Қосшы қаласына берілді. Осы жобалардың арқасында 42 мыңнан астам адам экологиялық әрі заманауи отынға қол жеткізді.

2026 жылы тағы жеті елді мекенді газға қосу жоспарланып отыр. Ол жерлерде шамамен 114 мың адам тұрады. Сонымен қатар, тағы сегіз ауылды газдандыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар