ҚҰҚЫҚТЫҚ САЯСАТ
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында елдің көлік-логистика саласын дамыту бойынша жаңа міндеттер жүктеген болатын. Мемлекет басшысы Қазақстанды Еуразиядағы көлік хабына айналдырудың стратегиялық маңызы зор екенін атап өтті.
Осы мақсаттарға жетуде аймақтардағы прокуратуралар заңды қадағалап және азаматтар құқықтарын қорғауда белсенді рөл атқаруға тиіс екенін айтқан болатын.
Бұл ретте, Көкшетау аймақтық көлік прокуратурасы көлік саласындағы заңдылықты қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау және қауіпсіздікті арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Прокуратура қызметінің негізгі басымдықтары жол қозғалысы, әуе қатынасы қауіпсіздігі және кәсіпкерлік пен еңбек құқықтарын қорғауды қамтиды.
Президенттің көлік саласына қатысты тапсырмаларына сәйкес, аймақтық көлік прокуратурасы ағымдағы жылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында бірқатар кешенді шаралар қабылдады. Қадағалау актісінің нәтижесінде, апат қаупі жоғары учаскелерді жоюға бағытталған арнайы іс-шаралар жоспары әзірленіп, қолайсыз ауа райы жағдайларында көлік қозғалысының жылдамдығын 60 шақырым/сағатқа дейін шектеу туралы шешім қабылданды. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында профилактикалық іс-шаралар аясында 72 айналмалы ақпараттық жол белгісі орнатылды. Бұл белгілер тұман, көктайғақ, қар жауу сияқты қолайсыз ауа райы кезінде көріну деңгейіне байланысты максималды жылдамдықты онлайн режимде 140 шақырым/сағатттан 60 шақырым/ сағатқа дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Астана – Щучинск ақылы жолының бақылау аркаларына жол-көлік оқиғалары, кептелістер, жөндеу жұмыстары мен уақытша шектеулер туралы жедел ақпарат беретін 10 айналмалы ақпараттық табло орнатылды. Осылайша, қабылданған шаралардың нәтижесінде 44 учаскеде жол-көлік оқиғаларының алдын алу қамтамасыз етіліп, 9 қауіпті аймақ толығымен жойылды.
Экологиялық және авиациялық қауіпсіздік
Көкшетау аймақтық көлік прокуратурасы авиациялық және экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөледі. Қадағалау барысында Көкшетау әуежайына жақын маңда ұзақ уақыт бойы тұрмыстық қатты қалдықтардың заңсыз орналастырылғаны анықталды. Бұл жағдай құстардың жаппай шоғырлануына әкеліп, әуе кемелерінің қауіпсіз ұшуына елеулі қатер төндірді. Осы үшін прокурорлық наразылықтың нәтижесінде, жергілікті атқарушы органның әуежай маңында тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыру үшін жер учаскесін беру туралы шешімі күшін жойды. Бірнеше жыл бойы бақылаусыз жиналған қалдықтар ұшу-қону жолағына дейін таралып, әуе қатынасына қауіп төндірген.
Қабылданған шаралардың арқасында қалдықтарды аталған аумаққа орналастыру тоқтатылып, бүгінгі таңда полигонды рекультивациялау жұмыстары толық аяқталды.
Алдағы уақытта осындай заңбұзушылықтардың алдын алу мақсатында аймақтық көлік прокуратурасы тұрғындармен ұшуларды толыққанды қауіпсіз қамтамасыз ету мәселелері бойынша кездесу өткізді. Кездесу қорытындысы бойынша, уәкілетті органдарға ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін факторларды жою, экологиялық тәуекелдерді азайту және мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермеу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар, қадағалау актісі негізінде Көкшетау әуежайы өрт сөндіру техникасымен толық жабдықталды.
Кәсіпкерлік пен еңбек құқықтары
Ағымдағы жылдың он бір айының қорытындысына сәйкес, аймақта кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтарын қорғау бағытында жүргізілген қадағалау нәтижесінде, 22 кәсіпкерге міндетті кепілдік жарналар бойынша төленген қаражаттары қайтарылды. Еңбек құқықтарын қорғау саласында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметіне талдау жүргізіліп, жұмыс берушілер тарапынан Еңбек кодексі талаптарының бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, қызметкерлер туралы мәліметтер Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізілмеген. Бұл еңбек дауларын реттеу кезінде қызметкерлердің заңды құқықтарының шектелуіне себеп болған. Прокурорлық қадағалау актілерінің нәтижесінде барлық қажетті мәліметтер жүйеге енгізіліп, 1 091 қызметкердің еңбек құқықтары толық қалпына келтірілді.
Көкшетау аймақтық көлік прокуратурасының қабылдаған шаралары көлік саласындағы қауіпсіздікті арттыруға, экологиялық тәуекелдерді азайтуға, кәсіпкерлер мен азаматтардың еңбек құқықтарын қорғауға нақты нәтижелер беріп отыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да заңдылықты қамтамасыз ету мен қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағыттала бермек.
Азамат СҰРТАЕВ,
Көкшетау аймақтық көлік прокуроры.
![]()

