Біріккен Ұлттар Ұйымының анықтамасына сәйкес, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық гендерлік негізде жасалған кез келген әрекетті, соның ішінде физикалық, жыныстық немесе психологиялық зиян келтіруді, сондай-ақ, бостандықтан ерікті түрде айыруды қамтиды.
Ал, бұл аспектілердің әрқайсысын жастарға түсіндіру үшін арнайы кездесулер өткізіліп тұрғаны абзал. Осыған байланысты «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалы Краснояр елді мекеніндегі көпсалалы инновациялық колледжінде 150 студенттің қатысуымен кездесу өткізді.
Гендерлік зорлық-зомбылық дегеніміз – адам құқықтарының бұзылуына, билікті теріс пайдалануға және жеке тұлғаға зиян келтіруге негізделген акт. Бұл ұғымның негізінде жыныс пен гендер арасындағы айырмашылық жатыр. Жыныс түсінігі ерлер мен әйелдердің биологиялық, әмбебап және тұрақты ерекшеліктерін білдірсе, «гендер» термині адамдар арасындағы әлеуметтік қатынастарды, сондай-ақ, қоғамда қалыптасқан рөлдерді сипаттайды.
– Ішкі істер департаменті қызметкерлері өз тарапынан заңға қандай өзгерістер енгізілгенін және қандай іс-әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатындығын түсіндірді. «Сенімен болашақ» өкілдері де балалар арасында сауалнама жүргізіп, гендерлік теңдікке байланысты құнды ақпараттармен бөлісті, – дейді «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрағасы Анар Аяпбергенова. Оның айтуынша, бұл кездесуді жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында партия мүшелері ұйымдастырған.
Жалпы, зорлық-зомбылықтың бірнеше айқын формасы бар, олардың әрқайсысы адам өміріне ауыр зардап әкеледі. Физикалық зорлық-зомбылыққа ұрып-соғу, дене жарақатын салу, медициналық көмектен қасақана айыру және адамды өз еркіне қарсы зиянды заттарды тұтынуға мәжбүрлеу жатады. Психологиялық немесе эмоционалдық зорлық-зомбылық әйелді қорлау, оқшаулау және үнемі сынау арқылы оның әлеуметтік байланыстарын бұзуды көздейді. Бұл көбінесе физикалық агрессияның бастамасы болып табылады. Экономикалық зорлық-зомбылық кезінде адам заңды түрде тиісті баспанадан, тамақтан немесе қаражаттан қасақана айырылады, бұл денсаулықтың бұзылуына немесе тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сексуалдық зорлық-зомбылық кез келген мәжбүрлі сексуалдық әрекетті білдіреді және ол ұзақ мерзімді психологиялық жарақаттарға, жұқпалы аурулар мен қалаусыз жүктілікке себеп болады.
– Біз колледж ауласына шығып, «теңдік» деген сөзді жазып жатырмыз. Полиция департаменті мен қоғам зиялыларымен бірлесе отырып, заңнамадағы өзгерістерді білім ордаларындағы оқушыларға, студенттерге және ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, – дейді «Сенімен болашақ» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облысы филиалының директоры Айгүл Нұрмағанбетова.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бұл отбасы мүшелері немесе интимдік серіктестер арасындағы агрессивті мінез-құлық. Ол тек қазіргі емес, сонымен қатар, бұрынғы жұбайлар тарапынан болатын бақылаушы мінез-құлық пен физикалық агрессияны қамтиды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша, зорлық-зомбылық құрбаны болған әйелдердің басым көпшілігі өз серіктестерінен зардап шеккен. Мұндай жағдайларда әйелдер балаларымен бірге үйін тастап кетуге, қауіпсіз жер іздеуге мәжбүр болады. Сондай-ақ, қоғамдағы «қыз алып қашу» сияқты тозығы жеткен дәстүрлер де енді зорлық-зомбылық ретінде қарастырылады, салттың атын жамылған құқық бұзушылар заң алдында жауап береді. Зардап шеккендермен жұмыс істеу кезінде психологиялық кеңес берудің маңызы зор, өйткені, ол қорқыныш, кінә сезімі мен сенімсіздікті жоюға, адамның өмір сапасын қалпына келтіруге көмектеседі.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі
![]()

