Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру  – ортақ міндетіміз

«АДАЛ БІЛІМ – АДАЛ ҰРПАҚ» ӨҢІРЛІК ФОРУМЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында білім мен тәрбие мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында әділетті қоғам құрудың негізі – сапалы әрі адал білім алған, жауапкершілігі жоғары ұрпақ екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл ой «Адал білім – адал ұрпақ» қағидасымен тікелей үндеседі. Өйткені, адал жолмен алынған білім ғана жас ұрпақтың бойында еңбекқорлық, әділдік, отаншылдық секілді қасиеттерді қалыптастырады.

Көкшетауда Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орай өткен «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумы парасаттылық мәдениетін қалыптастыруға, оқушылар мен жастар арасында әділдік пен адалдық қағидаттарын нығайтуға бағытталды.

Академиялық адалдықты дамыту – білім саласында ғана емес, тұтас қоғам алдындағы маңызды міндет. Жиын барысында білім берудегі адалдық пен әділдікті қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Бүгінде өңірдің білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбиелік жұмыстар белсенді жүргізіліп, жастардың бойына әдептілік пен парасаттылық қағидаттары сіңірілуде.

Өңірлік форумды құттықтау сөзімен ашқан Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қазіргі заманғы білім беру жүйесі адами капиталды қалыптастырудың жетекші факторы саналатынын атап айтты.  Себебі, парасаттылық пен адалдықты қалыптастыру оқу-тәрбие процесінің маңызды буыны болып табылады.

Бүгінде Ақмола облысындағы 1265 білім беру ұйымдарында 222,5 мың  тәрбиеленушілер, оқушылар мен студенттер және 27 мың ұстаз бар. Облыстың білім беру саласында мектептердің заманауи инфрақұрылымын құруға, оқушыларға қосымша мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Өңірде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешілген. Тек соңғы 3 жылдың ішінде 19220 орындық 24 жаңа мектеп салынған. Негізгі бағыттардың бірі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 12200 орындық 9 мектептің (7 мектеп ауылдық жерлерде орналасқан) құрылысы болды және олар қолайлы орта құруға, ауыл мектептерінде білім сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.

Аймақ басшысы орынбасарының айтуынша, Президент Жолдауын жүзеге асыру аясында облыстың 20 мектебі жаңартылған, бұл – оқу жабдықтарын жаңарту арқылы жүргізілген кешенді күрделі жөндеу жұмысы. Биылғы жылы Көкшетау қаласында «Казцинк» компаниясының жеке инвестициясы есебінен 500 орындық мектеп салынған.

Облыста балалардың дарындылығын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Осы мақсатта Көкшетау қаласында 600 орындық «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды. Соңғы 3 жылда облыс орталығында 1650 орындық 5 студенттік жатақхана салынып, биыл 2 жатақхана студенттерді қабылдаған.

Білім беру жүйесінде мемлекеттік қызметтерді көрсетудің ашықтығы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде облыста мектепке дейінгі білім беруде ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізіліп, бұл жүйе балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды 97,1 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік берген. Әрбір білім беру ұйымында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, ақпараттық стендтер мен кюарлар бар. Оларға балалар мен ата-аналары да жүгіне алады.

– Балаларды әлеуметтік қолдау маңызды фактор болып табылады. Осы бағытта облыс мектептерінің 1-4 сыныптарының 55 мыңға жуық оқушысы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан оқушыларға ыстық тамақпен қатар, мектеп формасы мен кеңсе тауарларын сатып алуға қаражат бөлінеді. Өңірімізде балаларды мектептерге қажетті тасымалдау толық қамтамасыз етілген, ол үшін үш жыл ішінде 24 көлік сатып алынды. Балалардың қауіпсіздігі мақсатында 2024-2025 жылдары облыстың барлық мектептері қауіпсіз жол инфрақұрылымымен қамтамасыз етілді. Бұл шаралардың барлығы біздің оқушылар мен студенттердің заманауи жағдайда білім алуына және болашақта табысты маман болуына бағытталған.

Парасаттылыққа тәрбиелеу отбасы мен білім беру ұйымдарынан басталуы керек. Бүгінгі форум әрбір білім беру ұйымында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүргізу және академиялық адалдықты енгізу қажеттілігінің маңызды көрсеткіші болып табылады, – деді Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев.

Өңірдегі барлық білім беру ұйымында «Адал азамат» атты бірыңғай кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – парасатты, елжанды және салауатты жас ұрпақ тәрбиелеу.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов, құқық бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу – барлық мемлекеттік органдардың, соның ішінде Ақмола облысының білім беру ұйымдары жұмысының маңызды басымдығы болып табылатынын айтып өтті.

«Адал Азамат» тәрбие бағдарламасының құндылықтарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағыты енгізілген және бағдарлама негізінен: «Тәуелсіздік және патриотизм, Бірлік және ынтымақ, Әділдік және жауапкершілік, Заң және тәртіп, Еңбекқорлық және кәсіби шеберлік, Шығармашылық және жаңашылдық» секілді алты бағыттан тұрады. Аталған бағыттар «Адал Азамат» бағдарламасымен реттелген: «Қамқор», «Ұшқыр ой алаңы», «Еңбегі адал жас өрен», «Шабыт», «Smart бала», «Балалар кітапханасы» әлеуметтік жобаларда көрініс табады.

Аймақта 523 мектеп пен 27 колледжде балалар мен жастар арасында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар жүйелі түрде жүргізіледі. Соның ішінде «Адал Ұрпақ» және «Саналы Ұрпақ» клубтарының қызметі ерекше орын алады. Бұл клубтар жыл бойы жоспарлы түрде жұмыс жасап, өз жетістіктерін жыл сайынғы слёттерде қорытындылайды. Сонымен қатар, адалдық сағаттары, дебаттық қозғалыс сияқты форматтар да дамыған. Дебат алаңдарында жастар заңға бағыну, әділ білім алу, объективті бағалау және оқу барысында әділетсіз әдістерді қолданбау мәселелерін талқылайды, пікір алмасады.

Облыстағы барлық колледждерде «WorldSkills» талаптарына сәйкес демонстрациялық емтихандар өткізіледі. Демо-емтихандар студенттердің кәсіби құзыреттілік деңгейін объективті бағалауға, субъективтілікті болдырмауға және қорытынды аттестацияны адал тапсыру мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тапсырмалар өндірістік жағдайға барынша жақын ортада орындалады, бұл нәтижелердің ашықтығын және шынайылығын қамтамасыз етеді. Кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері демонстрациялық емтихандарға тәуелсіз сарапшы ретінде қатысады. Олардың қатысуы нәтижелерге деген сенімді арттырып, бақылаудың тәуелсіздігін қамтамасыз етеді және академиялық адалдық қағидаттарының ілгерілеуіне ықпал етеді. Мұндай кешенді жұмыс болашақ мамандардың кәсіби қалыптасуында академиялық адалдықты мінез-құлық нормасы ретінде орнықтыратын білім беру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Төрешілдікті жою және цифрландыру мақсатында басқарма мемлекеттік қызметтердің көрсетілуін тұрақты түрде мониторинг жасап отырады. Білім беру саласында барлығы 48 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олардың 37-сі автоматтандырылып, электрондық форматта ұсынылады, ал, 11 қызмет қағаз түрінде мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларына сәйкес көрсетіледі. 2025 жылғы 1 желтоқсанға дейін облыстың білім беру ұйымдары тарапынан 149 071 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Білім беру ұйымдары тарапынан жүргізіліп жатқан осындай іс-шаралар адалдыққа бағытталған және бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.

Облыстық білім басқармасы жанындағы Көкшетау жоғары аграрлық-технологиялық колледж – елу жылдан астам тарихы бар, аграрлық сала үшін бәсекеге қабілетті кадрлар даярлайтын заманауи оқу орны. Жоғары агротехникалық колледжі басшысының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ұлпан Құртбаеваның сөзінше, колледжде 12 мамандық бойынша мамандар даярланады және олардың жетекшілері – электрлендіру және агрономия болып табылады. Колледжден түлеп ұшқан 11,5 мыңнан астам білікті түлектер республиканың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға өз үлестерін қосуда.

Колледж басшысының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Жұмысшы мамандықтар жылының агротехникалық колледждер үшін жаңа мүмкіндіктер мен даму кезеңін ашқан маңызды бастама болғанын атап өтті. Ең алдымен, бұл жыл аграрлық саладағы жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға ықпал етті. Агротехникалық колледждер заманауи ауыл шаруашылығы техникасымен, зертханалармен, оқу-өндірістік шеберханалармен жабдықталуға мүмкіндік алған. Қазіргі таңда колледжде 712 студент білім алып, 80 педагог пен өндірістік оқыту шеберлері еңбек етеді.

Колледж әлеуметтік серіктестермен бірлесе отырып, дуальды оқыту жүйесін енгізуді ескере отырып, агроөнеркәсіптік секторға кадрлар даярлауды жүзеге асырады. Бұл орайда «Eurasia Group Kazakhstan» ЖШС, «Агрофирма TNK», «Тыныс» АҚ, «Көкшетау тәжірибелік-өндірістік шаруашылығы» ЖШС, «Зеренда Астық» ЖШС, Ақмола облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы кәсіпорындармен Меморандумдар жасалған. «Жас маман» жобасы аясында колледж базасында «Электромонтаж жұмыстары» құзыреттілік орталығы құрылған. Аталған бастамалар студенттер үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың кәсіби бағдарын күшейтіп, түлектердің табысты жұмысқа орналасуына жағдай жасайды.

2025 жылы іске қосылған Каменка ауылының агротехникалық колледжі өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың маңызды қадамы болған. Ол студенттерге оқу және өндірістік практикадан өту базасын едәуір кеңейтуге, қосымша оқу-өндірістік шеберханаларды, ауыл шаруашылығы техникасын және еңбек қызметінің нақты жағдайларын пайдалануға мүмкіндік берді.

Колледж жыл сайын «WorldSkills» жастар қозғалысына белсенді қатысып, кәсіби білім беру сапасын арттыруға жүйелі түрде үлес қосып келеді. «WorldSkills» қозғалысына белсенді қатысу студенттердің еңбек нарығында бәсекеге қабілетті, өз ісіне сенімді және жоғары білікті маман болып қалыптасуына берік негіз қалайды. Жас маман ретінде өндірістік оқыту шебері Еламан Қабиболла ҚР халықаралық деңгейде «WorldSkills Лион 2024» чемпионатында жоғары деңгейде көрсеткен. Ол 2025 жылғы 1–8 желтоқсан аралығында Астана қаласында өткен «WorldSkills Kazakhstan – 2025» республикалық чемпионатында колледж 4 құзыреттілік бойынша Ақмола облысының намысын қорғап, электромонтаждық іс, өндірістік автоматика, желілік және жүйелік әкімшілендіру құзыреттері бойынша 3 медальон иеленген. 2024 жылдың қараша айында Жастар істері комитетінің басшысы бастаған «Саналы ұрпақ» колледж командасы Атырау қаласында өткен «Адал табыс – адал азамат» атты республикалық бірінші слетінде үздік бестік қатарынан көрінген.

– Колледж студенттерінің республикалық және халықаралық деңгейдегі жетістіктері тәрбиелік және кәсіби дайындықтың өзара сабақтастығын айқын көрсетеді. Аталған жетістіктер студенттердің кәсіби құзыреттілігін, тәртіп пен жауапкершілікті, адал еңбекке деген көзқарасын дәлелдейді.

Адалдықты нығайту және сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында студенттерге «Адалдық сағаттары» мен топ сағаттары жүйелі түрде өткізіледі. Аталған іс-шаралар барысында адалдық, әділдік, заңға құрмет, азаматтық жауапкершілік секілді құндылықтар дәріптеліп, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зияны туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, парасатты мінез-құлық қалыптастыруға ерекше назар аударылады, – дейді Жоғары агротехникалық колледжі басшысының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ұлпан Құртбаева.

Елімізде 2019 жылдан бастап «Адалдық сағаттары» ресми түрде енгізілген болатын. Мұндағы мақсат – қазақ жазушыларының әдеби шығармаларындағы кейіпкерлердің адалдығы мен әділдігі жайындағы тәрбиені бала санасына жеткізу. Ал, 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, биылғы жылы ол «Адал азамат – біртұтас тәрбие» бағдарламасы болып өзгертілді. Красный яр ауылының №1 жалпы білім беретін мектебінің директоры Тлеукен Ахметбеков өзі басқарып отырған білім ошағының осы бағыттағы жұмысына тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзінде балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығын атап, білім беру ұйымдарындағы тәрбие ісіне ерекше назар аударуды тапсырды. Осыған орай 2023 жылы «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы әзірленіп, барлық білім беру ұйымдарына енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл – бұрын жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, бірақ мазмұны жаңартылып, Мемлекет басшысының «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиялық қағидасымен үндестірілген.

«Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – ұрпақ тәрбиесін балабақшадан бастап жүйелеуге арналған кешенді құжат. Ол жас буынды әділ, еңбекқор, отансүйгіш, жауапкершілігі жоғары тұлға етіп қалыптастыруға ықпал етеді. Мұндай қадам елдің рухани жаңғыруына, ұлттық бірегейлікті сақтауға және бәсекеге қабілетті азамат тәрбиелеуге бағытталған, – деді Тлеукен Ахметбеков.

Бағдарлама аясында оқушыларды мейірімділік пен жанашырлыққа баулитын «Қамқор», шығармашылық пен өнерді дамытатын «Шабыт», еңбекқорлыққа тәрбиелейтін «Еңбегі адал – жас өрен», ойлау қабілетті шыңдайтын «Ұшқыр ой алаңы», цифрлық сауаттылық пен инновацияға бағыттайтын «Smart Bala» және өрендердің оқу сауаттылығы мен кітап мәдениетін дамытуға арналған «Балалар кітапханасы» жобалары енгізілген.

Жастар – еліміздің дамуының өзекті қозғаушы күші. Жастармен жүйелі және тығыз жұмыс істеу – әділеттілік, жауапкершілік тұрғысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрақты мәдениетті қалыптастырудың негізгі шарты болып табылады. Өңірлік форумда «AMANAT» партиясы жанындағы Ақмола облыстық жастарды қолдау кеңесі төрағасының орынбасары Даниил Спильный «Жас Қыран» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жастар ұйымының басшысы ретінде жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы идеологияны ілгерілету, сондай-ақ, бағаны көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу порталының мониторингі бойынша белсенді атқарылған жұмыстарды айтып берді.

– Біздің жастар қала мен облыстың проблемалық объектілерінің қоғамдық мониторингіне белсенді қатысуда. «Жастар Рухы» жастар қанатының бөлімшелері аудандарда және оқу орындарында жұмыс істейді. Ол – білімге ұмтылатын, еңбекқор, өз елін, жерін сүйетін 100 мыңнан астам патриот жастарды біріктіруге бағытталған, – деді Даниил Спильный.

Парасатты ұрпақ қалыптастыру – жүйелі еңбекті талап ететін ортақ міндет. «Адал білім – адал ұрпақ» өңірлік форумында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа немқұрайлы қарамауға бағытталған, аймақта атқарылған бірқатар жұмыстар баяндалды. Баяндамашылар бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасын табатынына сендірді.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар