ЖОЛДАУ – ЖАҢҒЫРУ ЖОЛЫМЕН
Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының инфляцияны төмендету бойынша алға қойған міндеті аясында өңір басшыларының назарын осы бағыттағы жұмысты күшейту қажеттігіне аударды, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Соңғы екі айда инфляция деңгейі 12,4%-ға дейін төмендегенін, алайда, кейбір өңірлерде, атап айтқанда, Ұлытау, Ақмола және Атырау облыстарында керісінше, өскені байқалады. Басты себеп – азық-түлік бағасының қымбаттауы болып отыр.
«Өңір әкімдерінде азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін жеткілікті құралдар бар. Тек осы бағыттағы жұмысты күшейту керек», — деп атап өтті Премьер-министр.
Жалпы, инфляциялық процестерді төмендету үшін 2026–2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасын жүзеге асыру барысын бақылауда ұстау қажет.
2026 жылы Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтеді
2026 жылғы 22-24 сәуір аралығында Астана қаласында Өңірлік экологиялық саммит өтетін болып шешілді.
Саммит Орталық Азия елдерін климат пен экология саласындағы негізгі мәселелер бойынша келісілген диалог қалыптастыру мақсатында біріктіреді. Саммиттің тақырыптық бағдарламасы климаттық өтуді қолдауды, экологиялық және табиғи қатерлерге бейімделу мен экономикалық тұрақтылықты, азық-түлік қауіпсіздігі мен өңір экожүйелерін, табиғи ресурстарды орнықты басқаруды, атмосфералық ауаның ластануына қарсы күресті және қалдықтарды басқаруды, әділетті әрі инклюзивті өңірлік өтуді, экологиялық мақсаттарға қол жеткізу тетіктерін, сондай-ақ орнықты болашақ үшін экологиялық және цифрлық құзыреттерді қамтиды.
Іс-шараға өңір елдерінің мемлекеттік органдарының өкілдері, халықаралық ұйымдар, даму институттары, ғылыми қауымдастық, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері қатысады. Шамамен 1500 делегаттың қатысуы күтілуде.
Саммит аясында орнықты даму саласындағы практикалық технологиялық және инвестициялық шешімдерді көрсетуге бағытталған «RES 2026 EXPO» халықаралық экологиялық және жасыл технологиялар көрмесін өткізу көзделген.
Автожолдардың нақты жөндеуаралық мерзімдері бекітілді
Қазақстанда алғаш рет ұлттық деңгейде республикалық және халықаралық маңызы бар автомобиль жолдары мен жол инфрақұрылым элементтерінің бірыңғай қызмет ету мерзімдері бекітілді.
Бұл нормалар құрылыс, қайта жаңғырту және жөндеудің барлық түрлерінен кейін қолданылады. Құжатты «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» («Қазжол ҒЗИ») әзірлеп, Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті бекітті.
«Қазжол ҒЗИ» мәліметінше, бұған дейін жол саласында қызмет ету және кепілдік мерзімдеріне қатысты бірыңғай міндетті талаптар болмаған. Көп жағдайда олар ұсынымдық сипатта көрсетіліп, жекелеген келісімшарттарда немесе «кемінде» деген жалпылама формулировкалармен шектелген. Бұл мердігерлердің міндеттемелерін нақты түсіндіруге мүмкіндік бермей, жолдарды ұзақ мерзімді күтіп-ұстауды жоспарлауды қиындатқан.
Жаңа құжат нақты және міндетті кепілдік мерзімдерін белгілейді. Атап айтқанда, құрылыс, қайта жаңғырту және күрделі жөндеуден кейін кепілдік мерзімі жол санаты мен көлік қозғалысының қарқындылығына байланысты 4 жылдан 8 жылға дейін, ал орташа жөндеу кезінде 3 жылдан 6 жылға дейін белгіленген. Барлық мәндер нормативтік түрде бекітіліп, қолданысқа міндеттелген.
Жөндеуаралық мерзімдер жеке белгіленіп, жол конструкциясының келесі күрделі араласуға дейінгі есептік қызмет ету кезеңін көрсетеді. Бұл мерзімдер қолданылатын технологиялар мен материалдардың сапасына тікелей байланысты. Мәселен, цементбетон жамылғысы бар автомобиль жолдары үшін жөндеуаралық мерзім 25 жыл, ал асфальтбетон жамылғысы бар жол киімдері үшін 16 жыл болып белгіленген. Заманауи технологиялар мен модификацияланған материалдар қолданылған жағдайда жолдың қызмет ету мерзімі қосымша ұзартылуы мүмкін.
Кепілдік мерзімі аяқталғаннан кейін орындалған жұмыстарға комиссиялық тексеру жүргізіледі. Ол жолдың нақты техникалық жай-күйін белгіленген нормативтерге сәйкестігін жан-жақты бағалауды көздейді. Комиссияның жұмыс тәртібі, құрамы және бағалау өлшемдері регламенттелген, ал тексеру нәтижелері объектіні одан әрі пайдалануға беру және мердігер ұйымдардың жауапкершілігін айқындау үшін негіз болады.
Сонымен қатар, алғаш рет жол инфрақұрылымы элементтеріне арналған жеке талаптар блогы бекітілді. Қолданылатын материалға байланысты борттық тастардың (бордюр) қызмет ету мерзімі 30 жылға дейін ұлғайтылды: бетон тастар үшін 20 жылға дейін, гранит тастар үшін 30 жылға дейін. Жол белгілері үшін жарық қайтару қабілетінің деңгейі бойынша жіктеу енгізіліп, олардың қызмет ету мерзімі 10 жылға дейін белгіленді. Қоршаулар, тіректер және инженерлік элементтер үшін 5 жылға дейінгі бірыңғай кепілдік мерзімдер, сондай-ақ, жол таңбалары, шу жолақтары мен қорғаныс құрылыстары үшін нормативтік мерзімдер айқындалды.
Бұған дейін нақты мерзімдердің болмауы кей жағдайларда инфрақұрылым элементтерін техникалық қажеттіліксіз ерте ауыстыруға жол бере алған. Ал, нақты көрсеткіштердің бекітілуі автомобиль жолдарын күтіп-ұстаудың ашық әрі болжамды жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп атап өтті «Қазжол ҒЗИ».
Мамандардың айтуынша, жаңа тәсіл автомобиль жолдарының нақты жай-күйін талдауға және оларды пайдалану тәжірибесіне негізделген. Құжатты әзірлеу барысында Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, автожол саласындағы салалық қауымдастықтардың, жол-құрылыс компанияларының, сондай-ақ тиісті мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың ұсыныстары ескерілген. Бұл мемлекет, бизнес және салалық қатысушылардың мүдделері арасындағы теңгерімді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұзақ әрі бекітілген мерзімдер жол жобаларының экономикасын өзгертіп, мердігерлермен атқарылатын жұмыстардың сапасы мен ұзақмерзімділігіне тікелей әсер етеді деп күтілуде.
Бекітілген нормалар еліміз бойынша жол жұмыстарын жоспарлау, келісімшарттар жасау және объектілерді қабылдау кезінде негізгі базаға айналады.
Айта кетейік, «Құрылыстан, қайта жаңғыртудан, күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуден кейін автомобиль жолдарының конструктивтік элементтерінің, оның ішінде жол жағдайының жөндеуаралық мерзімдерін белгілеу» атты құжат Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің 2025 жылғы 18 қарашадағы №119 бұйрығымен бекітіліп, нормативтік-техникалық құжаттардың бірыңғай мемлекеттік қорының ресми сайтында орналастырылған.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі цифрлық форматқа көшеді
Халыққа арналған дәрі-дәрмектерді жоспарлау мен беру тиімділігі мәселелеріне бөлек назар аударылды.
Клиникалық хаттамаларды цифрландыру және бірлесіп төлеу тетіктерін енгізу бойынша кезең-кезеңмен жұмыстар жүргізілуде, бұл ем алушыларды қажетті препараттармен қамтамасыз ету үдерістерін оңтайландыруға мүмкіндік береді.
«Біздің бағыт – көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын үнемі жақсарта отырып, қолжетімділігін арттыру. Цифрландырудың алғашқы нәтижелерін қазірдің өзінде көріп отырмыз. Озық технологияларды қарқынды енгізуді жалғастыру қажет.
Процестерді автоматтандыру медициналық персоналды бюрократиялық рәсімдерден босатып қана қоймай, емдеу мен дәрі-дәрмекке бөлінген қаражаттың жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сол кезде азаматтар да, дәрігерлер де, мемлекет те реформалардың нәтижелерін айқын көретін болады», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Жиын қорытындысы бойынша Премьер-министр Денсаулық сақтау, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктеріне процестерді цифрландыру жұмысын жандандыруды тапсырды. Қаржы министрлігі денсаулық сақтау жүйесінде қаржылық тәртіпті күшейту жөнінде шаралар қабылдайды.
Денсаулық сақтау саласын цифрландыру жалғасады
Премьер-министр Олжас Бектенов денсаулық сақтау саласын цифрландыру және қаржылық сауаттылық мәселесі бойынша кеңес өткізді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша қойған міндеттері шеңберінде денсаулық сақтау саласын цифрландыру мәселесі бойынша кеңес өткізді.
Онда Денсаулық сақтау министрлігінің Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының қызметін жетілдіруге және цифрлық трансформациясына қатысты тәсілдері қаралды. Халыққа МӘМС шеңберінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен шамамен 17 миллион адам қамтылған, оның 12 миллионға жуығы жеңілдікке ие санаттарға жатады. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова МӘМС қаражатының жиынтық көлемі 6 жыл ішінде 6,8 триллион теңгеден асқанын баяндады, оның 2 триллион теңгесі – азаматтардың жеңілдікке ие санаттары үшін берілген мемлекеттік жарналар. Тек биылдың өзінде ғана осы мақсаттарға 1,4 триллион теңге аударылған.
Жиынға қатысушылар міндетті әлеуметтік сақтандыру пакеті 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап кеңейтілетініне байланысты цифрлық тетіктерді енгізу арқылы қадағалауды күшейте түсу және жүйенің ашықтығы мәселелерін талқылады. Келер жылдан бастап халықты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамту айтарлықтай кеңеймек. Тиісті заңнамалық өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енеді.
Бүгінде Қазақстанда медициналық көмектің 92%-ы автоматты түрде жүзеге асырылады. 2026 жылдың соңына дейін оны 100%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр, бұл адами факторды толығымен алып тастауға мүмкіндік береді.
Одан бөлек сатып алу, медициналық қызметтерге ақы төлеу сияқты басқа да негізгі бизнес-процестер цифрландырылды. Қордың ақпараттық жүйесін Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері және eGov жүйелерімен интеграциялау жеңілдікке ие санаттар бойынша деректердің автоматты түрде жаңартылуын қамтамасыз етті және медициналық сақтандыру жүйесі жарналарын есепке алудың дәлдігін арттырды.
Биыл халықтың медициналық қызметтер көлеміне нақты қажеттілігін есептеуді ескере отырып, жоспарлау қағидаларын, әдістері мен тәсілдерін бекіту маңызды қадам болды. Келесі жылы жоспарлаудың барлық процесін цифрландыру аяқталады, бұл есептеулерді тек бұрынғы деректер негізінде ғана емес, сонымен қатар, көрсетілген медициналық көмектің нақты көлемін және болжамдарды ескере отырып жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
2025 жылдың 1 шілдесінен бері медициналық қызметтердің сапасына мониторинг жасау және ақы төлеу бірыңғай цифрлық контурға біріктірілген. Жаңа модуль төлем құжаттарының санын 9-дан 3-ке дейін қысқартты және 1С бухгалтериямен үздіксіз интеграцияны қамтамасыз етті. Сонымен бірге, жүйенің «әлсіз тұстары» да анықталды. Ықтимал тәуекелдер Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында, олар цифрлық құралдарды енгізу арқылы жойылады.
Медициналық ұйымдарда Face ID жүйесі енгізілуде, бұл бүгінде медициналық мекемелер тарапынан тіркеулер санын 7%-ға төмендетуге және бюджет қаражатының шамамен 10,5 миллиард теңгесін үнемдеуге мүмкіндік берді.
Келесі жылы медициналық қызметтерді бөлу үшін рейтингтік бағаны есептеу индикаторларын толық цифрландыру жоспарлануда. Соның нәтижесінде медициналық көмектің жоғары сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз ете алған жеткізушілер қаржыландыру мүмкіндігіне ие болмақ. 2026 жылы медициналық деректердің бірыңғай қоймасын қалыптастыру жөніндегі жұмыстың аяқталуы көрсетілетін медициналық көмекті жоспарлау мен сапасын жақсартуға әсер етеді.
kazgazeta.kz
![]()

