Жасөспірімдер мен жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы  неліктен орын алуда және қалай осының алдын аламыз?!.

ӨМІР – ЕҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ

Елімізде жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау жағдайы жиілеп бара жатқаны жасырын емес. Осы тұрғыда көтерілетін мәселелердің алдын алу шаралары аз айтылып жатқан жоқ. Сондықтан, оған арнайы профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Оның басты мақсаты – қазіргі және болашақ жасөспірімдерге мұндай әрекеттің дұрыс еместігін және бұл қиын жағдайлардан шығудың жолы емес екенін түсіндіру, сондай-ақ, олардың мұндай әрекеттерді жасамауы үшін жағдай жасау.

Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсау (суицид) бүгінгі күнгі өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Еліміздің болашағы саналатын олардың мұндай оқыс әрекеттерге баруы алаңдатарлық жағдай. Статистикалық мәліметтерге сүйенер болсақ, әлемде жылына 1 миллион адам өзіне-өзі қол жұмсайды екен. Суицид дегеніміз – бұл саналы түрде өмір сүруді тоқтату, яғни, осы тұрғыдан қарағанда өзіне-өзі қол жұмсау адамның саналы мінез-құлық актісі болып табылады. 

Қазақстандық жастардың арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың ең көп тараған себептері: психикалық күйзеліс, депрессия; қаржылық проблемалар; жалғыздық, қажетсіздік сезімі; ата-анамен екі арадағы жанжалдар. Ал, мамандар көбінесе өмірімен ерте қоштасуға қыздар, жұмыс істемейтін қала тұрғындары, жоғары білімі жоқтар, дінге сенбеушілер осындай қатыгездікке барады деп санайды екен.

ДДҰ мәліметтері бойынша жасөспірімдер арасындағы суицидтің кем дегенде 800 себебі бар. Оның ішінде: 41 пайызының себебі белгісіз болса, 19 пайызы жазадан қорқудан, 18 пайызы психикалық аурудың себебінен болса, 16 пайызы үйдегі қайғы-қасіреттен, қалғаны ақшалай шығындарға, тұрмыстық жағдайларға байланысты ұрынып жатады екен. Нақтырақ айтсақ, қазақстандық психологтардың пікірінше, жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсау себептерінің 30 пайызы психикалық патология, ал, қалған 70 пайызы қолжетімді тұрғын үйдің, білімнің болмауы сынды қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық тұрақсыздыққа тіреледі екен. Осы ретте, баланың өмір сүруге деген құлшынысын жоятын бірнеше себептері де жоқ емес.

Айталық, қоғамнан көретін қысым, отбасылық кикілжің, күнделікті ата-анадан таяқ жеу сияқты іс-әрекеттер де әсер етіп жатады. Нәтижесінде бала өз өміріне балта шабу, аталған қиындықтардан құтылудың ең оңай жолы деп ойлайды.

Суицидке апаратын бұданда басқа бірнеше негізгі себептері бар.

Мәселен, тұқым қуалау. Атадан балаға беріп кететін мұра секілді, суицидта тұқым арқылы, қан арқылы берілетіні дәлелденген. Отбасы, жақындар арасында көп жылдар бұрын бұл нәрсе болған немесе болатын болса, кейін бұл балалардан өз-өзіне қол жұмсау белгілерін байқауға болады екен. Бұл кезде бұндай әрекеттің алдын алып, өмірімен қоштасуына жол бермеуге барын салу қажет.

Оқыс әрекет – психикалық жарақат. Әрине, «Тәрбие тал бесіктен басталады», «Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген мақалдар бекер айтылмаса керек. Бала өзінің ұясында қанатын қатайтып, жылу мен мейірімге зәру болады. Ал, қазіргі көптеген отбасылар керісінше баланың көзінше ұрысып, керісіп тіпті, төбелесіп те жатады. Не болмаса балаға жекіп, «бәле болдың» деген сияқты ауыр сөздер айтып жатады. Бұл балаға жылу да, мейірімділік те бермейді. Керісінше қорқыныш пен үрей сыйлайды. Сондықтан, оқыста жасаған кез келген әрекет балаға жарақат салатынын ескерген жөн.

Тылсым күш. Құлағына түрлі дыбыстар естілетін, түсінде де, өңінде де белгісіз біреу көрінетін адамдар ортамызда бар көрінеді. Бұл, әрине,  өте тереңінен зерттейтін тақырыптардың бірі. Бұл өте қауіпті және қорқынышты жағдайлар. Себебі, белгісіз делінген статистикалардың көбі осындай тылсым бір жан түршігерлік жағдайлардың нәтижесінде орын алып жатады. Осындай әрекеттер өмірлеріңізде де орын алып жатқан болса, уақытында психологқа қаралып, керекті емді алған жөн.

Нашақорлық. Қазіргі уақытта нашақорлық проблемасы әлемдік қоғамдастықтан бөлек Қазақстанда да өзекті мәселенің бірі. Нашақорлық – жеке тұлғаның кері кетуіне, жастар арасындағы өлімнің көбеюіне алып келетін негізгі фактордың бірі болып табылады. БҰҰ Есірткілер мен қылмыс бойынша басқармасының 2008 жылғы деректеріне сәйкес, әлемде есірткі тұтынуда тәжірибесі бар 200 миллион адам бар болса, 110 миллионы есірткіге қатысты дәрілер салса және 25 миллион адам есірткіге тәуелділіктен зардап шегеді екен. Ал, елімізде жыл сайын 17-ге толмаған мыңдаған жасөспірім нашақорлық салдарынан өмірмен ерте қоштасады екен.

Жауапсыз махаббат. Жасөспірімдер арасындағы махаббат жағдайы да өз-өзіне қол жұмсауға дейін әкеліп жататыны белгілі. Жауапсыз махаббат салдары күйзеліске әкеліп, соңында бұл күйзелестен шығу жолын көп жасөспірім осылай өзіне-өзі қол жұмсаудан іздейді екен. Ендеше, суицид тақырыбына қалам тартқан (М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің құқықтық пәндер кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі) А.Өтеуованың пайымдауларында біраз мысалдар келтіріледі. Мәселен, америкалық отбасы асырап алған Айсұлу есімді қазақ қызының өлімі де дәл осы жауапсыз махаббат салдарынан болған екен. «Дэвин деген бір жігітке жауапсыз махаббаттан көп зардап шегеді. Оның үстіне жаңа, жоғары мектепте үлкен қысымға тап болған. Салдарынан өзіне қол салады. Бұл суицид», – деп хабарлаған Айсұлудың әкесі Уэйн Тэкабари.

Цуицид болудың тағы бір түрі науқас жандардың тағдыры. Дертке шалдыққан балалардың көбі ата-анасының қиналғанын, оған масыл болғанын көріп, өзін іштей жеу арқылы күйзелуі мүмкін. Ең бірінші жақындарының қиналғанын көргісі келмеген бала осы жол арқылы барлық қиындықтан құтыламын деп ойлайды. Дегенмен, әр ата-ана мейірімін жеткілікті бөліп, науқас баласының жігерін жанып, қолдау білдірсе, аталған жағдайдың орын алмауына септігін тигізуі әбден мүмкін.

Алайда, кей жағдайда суицид жүйке ауруларына жатпайтынын, әлемде 15-19 жас арасындағы жасөспірімдер арасында жиі орын алып отырғаны айтылып жатады. Сонымен бірге, бұл ата-аналары ажырасқан, қамқоршысыз қалған, қылмыстық жолға түскен, өзіне жақын адамын жоғалтып, қайғы шеккен, отбасында ұрыс-керіс жиілеген, нашақорлық жолда жүрген, бір нәрседен қатты көңілі қалған жасөспірімдер арасында көбірек байқалатыны белгілі.

Психологтар көбіне, өзіне қол жұмсау түрлеріне у ішу, асылып өлу, көлік және поезд астына түсу, ыстық нүктелерге бару, суға кету, үлкендерден зорлық-зомбылық көру сияқтылар жататынын ескертеді. Мамандардың айтуынша, 14-18 жастағылар арасындағы суицидтің 10 пайызы шын өлімге, 90 пайызы көмекке шақыру жанайқайына жатады екен. Яғни, өзінің басындағы жағдайға өзгелердің назарын аудару үшін өзіне қол жұмсамақ болу, бұл да жақсы әрекет емес.

Суицид белгілеріне тұйықталу, еш нәрсеге қызықпаушылық, үнемі мазасыздану, ашуланшақтық, жаман түстерді жиі көріп бастығырылу, көмектен бас тарту, ұйқысыздыққа қарсы дәрілер қолдану жататыны да жасырын емес.

Суицид індетінің біз ойлағаннан да терең салдары бар. Бұл тек қана бір адамның жарық дүниемен қоштасуы емес, қоғам үшін де орны толмас әлеуметтік, экономикалық жоғалту.

Психологиялық қалыптаспаған, тұрақсыз кәмелеттік жасқа толмаған балаға оның замандасы немесе танысы өз-өзіне қол жұмсаған тұста «мүмкін емес» нәрсе «мүмкіндей» көрінеді. Саналы не бейсаналы түрде ол өзін қайтыс болған адамның орнына қойып көруі мүмкін екен. Біреуге бұл «ұнап қалуы мүмкін», ал, өзгесі бұндай ойлардан мәңгілікке арылуы мүмкін. Алайда, көпшіліктің қайғысы «назар аудару» ретінде жалғыз, өмірден түңілген, бәрінен бас тартқан жасөспірімді өзіне тартады. Осылайша, бір өзіне-өзі қол жұмсау фактісі басқа да жағдайларды туындатып жатады.

Балалар мен жасөспірімдердің суициді олардың отбасыларының мүшелеріне айтарлықтай әсер етеді. Әркім «мен кінәлі емеспін бе» деген сұрақты қойып,  өзінің марқұммен қарым-қатынасын еске алып, әрбір болған жанжалда өзін кінәлап, «субъективті» шешім жасайды.

Нәтижесінде, психологиялық ауруға душар болып, күйзеліс, депрессияға ұшырап, тіпті, кейбір жағдайларда өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады екен. Сөйтіп, жасөспірімдік суицид үлкендердің өз-өзіне қол жұмсауының себебіне де айнала алады.

Тағы да бір үлкен зардаптардың бірі – жасөспірімдер арасындағы суицид ел экономикасы үшін де үлкен қасірет. Жас өскіннің өз-өзіне қол жұмсауы қоғамымыздың болашақтағы белсенді халқынан айырып, ел демографиясына әсер етеді. Ресми деректер бойынша Қазақстанда жыл сайын 200-ге жуық жасөспірім өз-өзіне қол жұмсайды екен.

Ғалымдардың зерттеуі бойынша суицидтің үш түрі анықталған. Олар: шынайы суицид, яғни, бұл түрмен ауырғандар расында өлгісі келеді, көңілсіз жүретіндер. Тағы бірі жариялық суицид. Бұған барғандардың көбісі өлгісі келетінін алдын ала жарияға жар салады. Ал, үшінші түрі жасырын суицид. Бұл түріне шалдыққандар өзіне-өзі қол жұмсау жақсы іс еместігін біледі, бірақ, қиындықтан шыға алмаған сәтте өлімге бас тігеді.

Психолог мамандар жастар арасында суицидтің алдын алудың бірыңғай ұлттық бағдарламасын құруды ұсынды. Бағдарлама аясында балалар мен жастарды қорғау мәселелерімен айналысатын ұйымдардың жұмыстарына салыстырмалы талдау жүргізілуі тиіс. Әрі мектеп пен колледждердегі психолог мамандардың біліктілігін арттырып, оларды өзге жұмыстармен жүктемей нақты жасөспірімдердің мәселесімен айналысуға мүмкіндік беру керек.

Осыған орай, психолог Алексей Ли арнайы оқу-әдістемелік оқулық құрастырған. Онда суицидтік белгілерді ерте анықтау, қол салуға итермелейтін ойлар мен сезімдерді ерте тану, баланың проблемасына ерте араласуды не маман көмегіне қалай жүгіну мен ықтимал суицидтің ерте алдын алып, көмек көрсетуге үйретеді.

Суицидтің алдын алу шараларын қарастыратын болсақ: ең алдымен, отбасындағы ашық, еркін қарым-қатынас. Бұл күрделі кедергі тек суицид мәселесінде ғана емес, өзге де кеселді дүниелердің басты себебі болып отыр. Көптеген жеткіншектер мен жасөсіпірмдер ата-аналарынан жасқанып, кез келген тақырыпта ашық пікірін білдіре алмайды. Оның себебі жастайынан ата-ана тарапынан болған асқан шектеу немесе салқын қабақ таныту. Яғни, әр ата-ана бала есін білетін жастан бастап, оның ойын тыңдап, пікіріне құлақ асуды үйрену керек. Күйбең тіршіліктің қамымен жүрсе де балаға әрдайым көңіл бөлуді ұмытпаған жөн. Сондай-ақ, психологтардың жүйелі жұмысы болуы керек.

Отбасы тәрбиесінен кейін баланың дамитын ортасы мектепте қалыптасады. Сондықтан, мектеп психологі әр баламен жеке жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Атүсті қарамай, әр индивидке мінез-құлқы бойынша нақты сараптама жасалса, оқушы бойындағы түйткілді уақытылы байқау ықтималдығы жоғары болары сөзсіз. Психологиялық тұрғыда әлсіз балалармен көбірек уақыт өткізіп, әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың уақытша екенін, тұрмыстық кикілжіңдерді елеумеуге болатынын түсіндірсе суицид жасауды көздеген бала райынан қайтуы әбден мүмкін.

Бастысы балаға досындай сырлас бола білген жөн. Тек оқушымен ғана шектеліп қалмай, ата-анасымен байланысқа шығып, психолог-бала-ата-ана циклі бойынша жұмыс жүргізу аса маңызды.

Суицидтің тағы бір негізгі түрі қоғамдық пікір қалыптастыру. Яғни, бұқаралық ақпарат құралдарында, жалпы адамдар арасында суицидтің тығырықтан шығатын жол еместігін насихаттау. Жай ғана насихаттап қоймай, оның салдары қандай болатынын түсіндірген дұрыс. Жасөсіпірімдердің құлағына жетіп, санасына сіңіретіндей жұмыстар жүргізу керек.

«Қазақстанның тең құқық пен тең мүмкіндік институты» қоғамдық қоры суицид мәселесін шешу үшін төмендегідей ұсыныстарын айтады.

Жастардың суицидтік мінез-құлқына бағытталған арнайы емдеу хаттамасын әзірлеуге және өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алудың бірыңғай хаттамасын әзірлеуге бастамашылық ету қажет. Сонымен қатар, суицид проблемасына тартылған барлық мамандар үшін күш біріктіруге және қайталанатын суицидтердің санын азайтуға көмектесетін бірыңғай іс-қимыл алгоритмін әзірлеу керек екен. Оған қоса, жастар арасында суицидтік мінез-құлықтың алдын алу мақсатында жасөспірімдерге психолог мамандардың, сенім телефонының көмегімен тегін кеңес алу мүмкіндігі бар екенін кеңінен хабардар еткен жөн.

Тағы бір басты мәселе, жалғыздық, қажетсіздік пен немқұрайлылық сезімдерінен арылту үшін жастарды ұжымдық қызметке тарту керек. Біз бұл мәселені осылай қоғам болып жұмыла көтергенде ғана жеңеміз деген үміттемін. Сондықтан, өмір ең басты құндылық екенін ұмытпайық.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар