Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Цифрлық штабтың отырысы өтті.
Онда Digital Qazaqstan-ның экономиканың барлық салаларын трансформациялауға арналған Кең ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізу стратегиясының жүзеге асыру моделі қаралып, бекітілді.
Модель Цифрлық штаб шеңберінде басқарудың стратегиялық және операциялық деңгейін қарастырады. Операциялық басқаруды болашақ Цифрлық трансформация жөніндегі комиссия, яғни, қазіргі Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия жүзеге асырады.
Құжат Президенттің «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында белгіленген тапсырмалары шеңберінде әзірленуде.
Штаб Стратегияны әзірлеу негізінде тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу, «орташа табыс тұзағын» еңсеру және Қазақстан цифрлық мемлекет форматына көшуге тиіс міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған бірқатар шешімдер қабылдады.
Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға квазимемлекеттік сектормен және мүдделі ұйымдармен бірлесіп атқару үшін келесідей тапсырмалар берді:
- 2025 жылғы 5 желтоқсанға дейін «мұзжарғыш» және технологиялық базисті қалыптастыратын жобаларды жасақтау;
- 2025 жылғы 31 желтоқсан күні Digital Qazaqstan-ның цифрландыру және жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі Стратегиясының жобасын әзірлеуді аяқтау.
***
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметі бойынша жаңа Стратегия ұлттық «мұзжарғыш» жобалар жүйесінде құрылмақ. Олардың әрқайсысында жеке KPI-ы және мерзімдері болады. 10 негізгі бағытты қамтиды. Олар – цифрлық мемлекеттік қызметтер, денсаулық сақтау, білім беру және еңбек нарығы, цифрлық экономика, деректер, киберқауіпсіздік, робототехника, цифрлық инфрақұрылым, реттеу және стартаптар экожүйесі.
Мысал ретінде білім беру саласы таңдалды. «ЖИ негізіндегі интерактивті білім беру» жобасында ЖИ-университетін құру, Tomorrow-school-ды кеңейту, GPT Education енгізу және оқушыларға арналған ЖИ бағдарламасын іске қосу көзделеді. Бұл жобалар цифрлық сауаттылықтың өсуін және Қазақстанның PISA рейтингіндегі позициясын жақсартуға мүмкіндік беруі тиіс.
Стратегияны жүзеге асыру ЖИ есебінен экономикалық өсуді жеделдетуге, автоматтандыру және цифрлық сервистер есебінен еңбек өнімділігін арттыруға, мемлекеттік қызметтер мен шешімдер қабылдау мерзімдерін қысқартуға, жаңа жоғары технологиялық салалар мен жұмыс орындарын ашуға, STEM салаларында жаңа цифрлық мамандарды даярлауға әкеледі деп күтілуде.
Премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев әлемде ЖИ-ге салынатын инвестициялар жоғары қарқынмен өсіп келе жатқанын айтты. 2028 жылға қарай көшбасшы елдерде ЖИ инвестициялары орташа есеппен жылдық ЖІӨ-нің 4-6%-на жетеді, бұл ЖИ-ды экономикалық өсудің негізгі драйверлерінің бірі ретінде айқындайды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, мұндай инвестициялардың негізгі бөлігі (65%-ға дейін) серверлерді, деректерді сақтау жүйелерін және есептеу кластерлерімен қатар IT-жабдыққа бағытталады, ал сервистер мен бағдарламалық қамтамасыз ету сәйкесінше 15-20% және 20-25%-ды құрайды.
Анықтама:
2018-2024 жылдары Қазақстандағы электрондық сауданың үлесі 2,6%-дан 14,5%-ға, қолма-қол ақшасыз төлемдер 30%-дан 89%-ға дейін өсті. Цифрлық сауаттылық деңгейі 83%-дан 91,2%-ға, мемлекеттік қызметтердің электрондық форматы 80%-дан 93,3%-ға, интернет қамту 82%-дан 96%-ға дейін көтерілді. Цифрлық экономика мамандарының саны 182-ден 190 мыңға өсті, ал стартаптарға инвестициялар – $200 млн-нан $665,5 млн-ға артты. EGDI рейтингінде Қазақстан өз позициясын 28-ші орыннан 24-ші орынға дейін жақсартты. Бұл нәтижелер жаңа ауқымды Стратегияға көшуге негіз болды.
Цифрлық штаб: Президент тапсырмасын жүзеге асыру үшін басым бағыт IT-салаларының тізбесі кеңейтіліп, Alem.cloud жұмыс ережелері қабылданды.
Премьер-министр Олжас Бектенов төрағалық ететін Цифрлық штаб Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерді жедел әрі жүйелі түрде жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізуде.
Штаб бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыруға, креативті индустрияны дамытуға, IT-стартаптар мен жоғары оқу орындарын қолдауға бағытталған бірқатар шешім қабылдады.
Мемлекеттік органдарға келесі тапсырмалар берілді:
- Қаржы, Ұлттық экономика, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрліктері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, «Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі» корпоративтік қорын өңірлік инновациялар және кәсіпкерлік орталығы ретінде нығайту үшін 2025 жылғы 10 қарашаға дейін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтсін.
- Азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыру мақсатында мемлекеттік органдар мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдар жеке мобилді қосымшаларды әзірлеуге тыйым салуы және олардың тек eGov және Aitu платформаларында жүзеге асырылуын қамтамасыз етуі тиіс.
- cloud ұлттық суперкомпьютер орталығында есептеу ресурстарын бөлу қағидалары бекітілсін, содан кейін тиісті нормативтік-құқықтық акт әзірленсін. Ғылым және жоғары білім министрлігі қолданыстағы тетіктер шеңберінде ЖОО-ларға қолдау көрсетуді қамтамасыз етсін.
***
Цифрлық штабтың шешімімен мемлекеттік органдарға Astana Hub IT-стартаптар технопаркі қызметінің басым түрлерінің тізбесіне мультимедиа, ойындардың дизайнын жасау мен басып шығару, бағдарламалық қамтамасыз етуді енгізу, сүйемелдеу және түрлендіру, киберспорт саласындағы қызметтер сияқты танымал бағыттарды қосу тапсырылды. Бұдан басқа, аталған тізбе ҚР резиденті еместерге бағдарламалық қамтуды пайдалана отырып, бизнес-процестер аутсорсингі, ағылшын тілін оқыту сияқты қызметтермен толықтырылды. Қызметтер аясын кеңейту Astana Hub-тың жаһандық технологиялық қоғамдастықты тарту орталығы ретіндегі ұстанымын күшейте түседі.
Ыңғайлы және қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастыру мақсатында барлық мемлекеттік мобильді сервистер SuperApp қағидаты бойынша eGov және Aitu экожүйелеріне кезең-кезеңімен біріктірілетін болады. Интеграция мобильді қосымшалардың бытыраңқылық мәселесін жояды, үдерістерді жеделдетеді және халыққа мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын арттырады.
Alem.cloud суперкомпьютерлік орталығының есептеу ресурстарын бөлу ережелерін бекіту Astana Hub стартаптары, ғылыми ұйымдар мен университеттер, мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары, сондай-ақ шетелдік компанияларды қоса алғанда, жеке сектор жобалары үшін жоғары өнімді қуаттарға қол жеткізудің нақты әрі айқын тетігін қалыптастырады.
Alem.cloud қуатын пайдалануға берудің басым бағыттары жасанды интеллектінің ұлттық даму міндеттерін ескере отырып анықталады және білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, сумен жабдықтау, мемлекеттік басқару, мұнай-газ саласы, тау-кен металлургия кешені, энергетика, геологиялық барлау, көлік және логистика, өнеркәсіп, құрылыс, робототехника және тағы да басқа салаларды қамтиды.
Премьер-министр.
![]()

