ҰРПАҚ НЕСІБЕСІ
«Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында қанша салымшы тіркелді? Бұл сұраққа Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті жауап берді.
Бұдан бұрын Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жинақтау жүйесін енгізу жөніндегі заң жобасы әзірленген болатын. Оны Қазақстан Республикасының Парламенті талқылағаннан кейін Сенат «Келешек» ерікті жинақтау жүйесіне қатысты заңды мақұлдаған еді.
Бұл жүйе бойынша Қазақстанда, шетелде кәсіптік-техникалық, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімге ақы төлеу мақсатында қаражатты жинақтауға болады. Ағымдағы күнтізбелік жылы 5 жасқа толған балалар үшін салымдарды екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашу мүмкіндігі беріледі. Мұның тартымдылығын арттыру ретінде салымшыларға мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақы беру, инвестициялық кіріс алу (бастапқы білім беру капиталын (60 АЕК), жыл сайынғы мемлекеттік сыйлықақы 5% және 7%, банктің сыйақысын немесе сақтандыру ұйымының инвестициялық кірісіорта есеппен 12% алады), салымға кепілдік беру, өндіріп алудан босатылу және оқу орнын таңдау бойынша шектеулердің болмауы мүмкіндіктері қаралған.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, «Келешек» жүйесі мемлекеттен бастапқы білім беру капиталын, мемлекеттік сыйлықақыны жыл сайын төлеуді, инвестициялық табысты ескеріп отыр. Бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында қалыптастырылған қаражатпен бірге балаларға сапалы білім алуға мүмкіндік береді.
«Келешек» алдында үш негізгі міндет тұр: білімге қолжетімділікті кеңейту; мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын бір бірыңғай жүйеге шоғырландыру; әрбір ата-ана баласының кішкентай кезінен бастап оқу траекториясын құра алатын жүйені құру.
Айта кету керек, «Келешек» – мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы және мемлекеттік гранттарды беруді алмастырмайды. Сонымен қатар, ол толығымен ерікті негізде болады.
«Келешек» салымдары екінші деңгейдегі банктерде және өмірді сақтандыру компанияларында ашылады, онда мемлекеттен жыл сайынғы сыйлықақылар, инвестициялық табыс, салымдарға кепілдік беру, сондай-ақ өндіріп алудан қорғау қарастырылған. Бастапқы білім беру капиталы 5 жасар балаларға бюджеттен бір рет 60 АЕК мөлшерінде, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар үшін – 120 АЕК мөлшерінде есептелетін болады.
2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі аясында 59 862 шот ашылды, оның ішінде бес жастағы 8 046 балаға бастапқы білім беру капиталы төленді. Қараша айының басынан бастап шоттар саны 6177-ге өсті.
Жалпы алғанда, «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі балаларға жоғары білім алуға және ата-аналарға мемлекет тарапынан жәрдемдесу арқылы болашақта өз балалары үшін білім алудың өзіндік стратегиясын құруға мүмкіндік береді.
Министрлік ақпаратына қарағанда, «Келешек» жүйесі салымшыларының көбейгені елімізде мемлекеттік білім гранттарының санын азайтпайды.
– «Келешек» – бұл мемлекеттік қолдаудың қосымша шарасы және мемлекеттік гранттар беруді тоқтата тұруды көздемейді. Сонымен қатар, ол толығымен ерікті негізде жүзеге асырылады, – деп аталып өткен ведомство мәліметінде.
Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, мемлекеттік қолдаудың бұл шарасы Қазақстан балаларына 5 жастан бастап 18 жасқа толғанға дейін елде және шетелде білім беру қызметтеріне, соның ішінде жоғары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру қызметтеріне ақы төлеу үшін қаржы қаражатын тұрақты жинақтау мақсатына арналған.
Бала 18 жасқа толғанша жыл сайын жарна салып, мемлекет пен банктердің сыйақылары мен бастапқы білім капиталын алып, 8-8,5 миллион теңге қаражат жинауға болады.
kaz.inform.kz
![]()

