Он жыл ішінде Жол картасы аясында 7 мыңнан астам жоба іске асырылды

ЖОЛДАУҒА – ҚОЛДАУ

«2029 жылға қарай орта бизнестің ел экономикасындағы үлесі 15 пайызға жетуі керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызды міндет. Қазір бұл көрсеткіш – 7 пайыз шамасында. Жыл басында мен орта бизнесті қолдау үшін нақты шешімдер қабылдау жөнінде тапсырма бердім» деген болатын Ел Президенті өзінің Жолдауында.

2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша Ақмола облысында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің (ШОК) саны 67 мыңнан асты. Осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 63 мың шамасында еді. Десе де, биылғы есептегі кәсіпкерлік субъектілерінің 93,6 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша бұл шағын және орта бизнес субъектілерінің 9896-сы шағын және орта кәсіпкерлік,  47 077-сі жеке кәсіпкерлер, 6 081-і шаруа қожалықтары (фермер) болып тіркелгендер.

Биылғы жылдың 11 айының қорытындысы бойынша осы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен мемлекетке 217,023 миллиард теңге салық түсті. 2024 жылғы сәйкес кезеңге қарағанда 115,9 пайызға өскен. 2025 жылғы 1 шілде жүргізілген статистикаға сәйкес осы субъектілерде жұмыспен қамтылғандар саны 147,016 мың адамды құрайды.

2025 жылғы қаңтар-маусымда шағын және орта бизнесінің өндірісі, жұмыстары мен қызметтерінің көлемі 1 001 миллиард теңгені құрайды.

2025 жылғы қаңтар-қыркүйекте екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнес субъектілеріне 130,1 миллиард теңгеге кредиттер берді, бұл бизнеске берілген кредиттер көлемі 87,3 пайызды құрайды. Соның ішінде, ауыл шаруашылығы саласындағы банк секторының кредиттері 19,6 пайызды, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін өнеркәсіп саласында 3,4 пайызды құрайды.

Сонымен бірге, «Бірыңғай кешенді бағдарлама» шеңберінде 2025 жылдың қаңтар-қараша айларында жалпы сомасы 9 593,1 миллион теңгенің 87 жобасы мақұлданды. «Бірыңғай кешенді бағдарлама» экономиканың түрлі секторларында бәсекеге қабілетті, импортты алмастыратын кәсіпорындарды дамытуды көздейді. Бағдарлама аясында кәсіпкерлер несиенің сыйақы мөлшерлемесін төмендетіп, «Даму» қорының ішінара кепілдігін пайдалана алады. Сонымен, 2025 жылы шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуды іске асыруға 8 786,4 миллион теңге, оның ішінде субсидиялауға 7 982,415 миллион теңге бөлінді. Осы уақыт аралығында 47 жаңа жоба субсидияланды, кредиттерге кепілдік беруге 91,078 миллион теңге қарастырылып, 20 кепілдік берілді.

Кепілдендірілген қор аясында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Ақмола облысындағы аймақтық филиалы 94 бизнес субъектілеріне 15308,8 миллион теңге сомасында несие берді, оның 8 866,8 миллион теңгесі кепілдендірілді. Ал, гранттық қаржыландыру 189 миллион теңгені құрап, соның 77,9 миллион теңгесіне 16 жоба  мақұлданды. Сондай-ақ, инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге 4 жоба бойынша 523,906 миллион теңге бөлінген болатын, алайда, «Central Place» ЖШС-нің 3 жобасы бойынша 379,358 миллион теңгесі ғана игерілді.

Кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының басталған сәтінен, яғни, 2010 жылдан бастап осы күнге дейін облыста жалпы сомасы 406,6 миллиард теңгенің  7 147 жобасы мақұлданған. Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында  2010-2025 жылдар аралығында бизнес өкілдері 8 697,7 миллиард теңге сомасына өнім өндірді, 772,5 миллиард теңге сомасында салық төледі және 51,9 мың жұмыс орнын ашты.

Облыста әлеуметтік кәсіпкерлікті қолдау жұмыстары да оң жолға қойылған. Әлеуметтік кәсіпкерлік – бұл мүмкіндігі шектеулі адамдар іске қосқан бизнес немесе кәсіпкердің ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен оған мұқтаж халыққа жұмыс орындарын тікелей қамтамасыз етуі. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімінде Ақмола облысының 67 кәсіпкері тіркелген, оның ішінде 4 кәсіпкер бірінші, біреуі екінші, 27-сі үшінші, 35-і төртінші санатқа жатады.

Көктемгі су тасқынынан кейін зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылық қолдау облыста 2024 жылдан бері іске асырылып келеді. Еске сала кетсек, 2024 жылы Ақмола облысында су тасқыны салдарынан 28 шағын және орта бизнес субъектісі зардап шеккен болатын. Сол жылы су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидаларына сәйкес Ақмола облысы әкімінің қаулысымен Ақмола облысындағы су тасқыны салдарынан бизнес субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу туралы өтініштерді қарау жөніндегі өңірлік комиссия құрылған болатын.

2024 жылдың 22 мамыры мен 4 желтоқсаны аралығында өңірлік комиссия Ақмола облысында су тасқыны салдарынан шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындардың орнын толтыру туралы жоғарыда аталған 28 өтінішті қарады, оның ішінде өңірлік комиссия мүшелері бірауыздан жалпы сомасы 153,3 миллион теңгені құраған 27 бизнес субъектісіне мүліктік шығындардың орнын толтыру туралы оң шешім қабылдады. Сөйтіп, 2024 жылғы 13 желтоқсанға дейін 27 кәсіпкерге өтемақы төленді. Ал, бір кәсіпкердің өтінішін қараудан комиссия бас тартты, себебі, оның өтініші ереже талаптарына сай келмеді.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы 2024 жылғы су тасқыны салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілерінің мүліктік шығындарын өтеуді қаржыландыру жөніндегі жұмысты жалғастыру шеңберінде 2024 жылғы су тасқыны салдарынан жылжымайтын мүлік бойынша агроөнеркәсіптік кешеннің кәсіпкерлік субъектілеріне келтірілген мүліктік шығындарды өтеу қағидалары бекітілді.

2025 жылғы 28 наурызда өңірлік комиссия 2024 жылғы су тасқыны салдарынан жылжымайтын мүлік бойынша Атбасар ауданының агроөнеркәсіптік кешенінің кәсіпкерлік субъектісіне келтірілген мүліктік шығындардың орнын толтыру туралы 1 өтінішті қарап, бірауыздан сол субъектінің мүліктік шығындарының орнын толтыруды мақұлдау туралы шешім қабылдады. 2025 жылдың 1 маусымында кәсіпкерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен 23,3 миллион теңге сомасында өтемақы төленді.

Сонымен бірге, Ақмола облысында сауда саласында тұрақты өсу жалғасуда. Жыл қорытындысы бойынша нақты көлем индексі 130 пайыз деңгейіне жетеді деп күтіледі, бұлай болса ол жоспарлы көрсеткіштерден асып түседі. Сауданың жалпы көлемі бір жарым триллион теңгеден асты.

Бөлшек сауда айналымы 436 миллиард теңгеден астам соманы құрап, көтерме сауда айналымы 978 миллиардтан астам теңгені құрады. Бұл жағдайға астық пен ауыл шаруашылығы техникасын сатудан бастап, ет өнімдері мен агрохимияға дейінгі агроөнеркәсіптік кешен айтарлықтай үлес қосуда.

Жыл қорытындысы бойынша сауданың жалпы көрсеткіші 125 пайызды құрайды, ал, жоспар бойынша ол 115 пайызға болжанған еді. Өңірде сауда инфрақұрылымы белсенді түрде жаңғыртылуда. Көкшетауда «Шығыс» базарын қайта құру аяқталды. Аталған жобаның құны 320 миллион теңге, жұмыстар толығымен орындалды, қазіргі уақытта базар жұмыс істеп тұр.

Биыл инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулы шеңберінде Бурабай ауданында Gas Energy премиум-класты автожанармай құю кешенінің құрылысы іске асырылуда, сондай-ақ, Көкшетауда жалпы сомасы 13,9 миллиард теңгені құрайтын екі жоба – «Централ Плейс», «Ботай Девелопмент» сауда орталығының құрылысы жүргізілуде.

Сауданы дамыту дүкендер желісін кеңейту, онлайн-сатылымдардың өсуі және ірі дистрибьюторларды тарту есебінен қамтамасыз етілетін болады. Алда сауда алаңдарының толымдылығын арттыруды және шағын бизнесті қолдауды әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмыз.

Өңірде «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасын іске асыру одан әрі жалғасуда. Ақкөл және Көкшетау қалаларындағы супермаркеттер атаулы әлеуметтік көмек алушыларға әлеуметтік маңызы бар тауарларға жеңілдік береді. Қазірдің өзінде 260 азық-түлік ваучері іске қосылды және азаматтардың осал санаттарын қолдау жұмыстары жалғасуда.

Бақытжан САПАР,
Ақмола облысының кәсiпкерлiк  және өнеркәсіп басқармасының басшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар