Жас спортшыларымыз Жапониядан жүлдемен оралды

СПОРТ ЕЛДІҢ АТЫН ШЫҒАРАДЫ

Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы Ақмола облысының спортшылары бірқатар жоғары нәтижеге қол жеткізіп, жуырда Жапония астанасы Токио қаласында өткен каратэден Әлем чемпионатынан жүлдемен оралды. Чемпионатқа әлемнің 42 елінен 800-ден астам спортшы қатысты. Жарыстар жасөспірімдер, ерлер мен әйелдер арасында өтті.

Жеңімпаздарға келсек, 14-15 жас тобында Тимуджин Бектұрғанов пен  16-17 жас жасөспірім қыздар арасында Аружан Шәкей  алтын медаль иеленді. Күміс жүлдегерлер қатарында жасөпірім ұлдардан Әлихан Баймұтов,  қыздардан Малика Бижанова бар. Ал, ересек ерлер арасында Сергей Духов  2-орынға жайғасты. Қола жүлдеге Алан Әскербай мен қыздардан Еркежан Қиямідің ие болды. Командалық есепте Ресей 1-орын, Жапония 2-орын, ал, Қазақстан Республикасының құрамасы 3-орынды қанжығасына байлады.

Бапкердің сөзінше, бүгінде балаларды спортқа ғана баулып қоймайды, ата-аналар өтініш айтса, балалардың рухани тәрбиесіне де көңіл бөліп, ағалық ақыл-кеңесін беріп отырады.

– Іріктеу сәуір айынан басталып, сол кезден бастап дайындық жүрді. Жалпы, Қазақстанның атынан 110 спортшы барды. Екі спортшымыз, өкінішке орай, қаржыландырудың жетіспеушілігінен чемпионатқа  бара алмады. Демеушілердің есебінен бардық. Өзім 2005 жылдан бастап бапкермін. Алты шәкіртіміз Әлем чемпионы атанды. Қазір чемпион атанған балалар 10 жылдай шұғылданып келеді, –дейді бапкер Азамат Айдарханұлы.

Ал, жеңімпаз шәкірттердің бойында орасан күш-қуат, еңбекқорлық қаншалықты көп болса, қарапайымдылық та соншалықты мол екен. Мұны біз сұхбат жүргізгенде балалардың жүздерінен-ақ аңғардық.

– Мен өз жеңісімді бапкерім мен ата-анама арнаймын. Бұл спорт түрімен 10 жылға жуық айналысамын. Жеңіске жету үшін көп рухани, әрі физикалық тұрғыдан дайындық керек деп санаймын, – дейді 14-15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы чемпионаттың алтын жүлде иегері 14 жастағы Тимуджин Бектұрғанов.

– Мен  16-17 жас аралығындағы  50 келіге дейінгі салмақ санатында екінші орын иегері атандым. Мен үшін қиын кезең ақтық мәре болды, себебі, онда өз жерлесіміз, яғни, қазақстандық спортшы қарсыласым  болды. Бұдан бөлек, Германияда, Жапонияда өткен басқа да Әлем чемпионаттарында бақ сынадым, – дейді күміс жүлде иегері, жасөспірім спортшы Малика Бижанова.

Көріп отырғандарыңыздай, Ақмоланың жас арландары жалындаған шағын тиімді пайдаланып, жарқын келешектерін бүгіннен, тіпті, бұрыннан бастап кетті. Бұл спортшылар әлі де дүниежүзілік додаларды бағындырады деп сенеміз. Сондай-ақ, әлем чемпиондарын тәрбиелеп отырған бапкердің сөзінше, қолы ашық, спортқа жанашыр демеушілер табылса, олардың көмегіне қуана-қуана келісетіндігін жеткізді. Облыстың ғана емес, республиканың атын таныта білген жас өрендерге жарысқа барып тұруға қолдаушылар табылса, ғажап емес пе?!

 Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
“Арқа ажарының” өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар