«Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақмола облысы бойынша филиалының негізгі қызметі қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу, метеорологиялық, агрометеорологиялық және гидрологиялық бақылауларды қамтамасыз ету болып табылады.
Қазіргі таңда Ақмола облысы бойынша бақылау желісі жүзден астам бақылау пунктінен тұрады, оның ішінде он бес метеорологиялық станция, он бес автоматты метеорологиялық станция, жиырма бір агрометеорологиялық бекет, отыз жеті гидрологиялық бекет, ауаның ластануын бақылайтын тоғыз пункт, сонымен қатар жер үсті сулары мен түптік шөгінділерден сынама алатын жиырма су нысаны бар. Филиалдың бақылау желісінен алынатын барлық ақпарат жедел түрде және тәулік бойы орталыққа түседі, сондай-ақ, халыққа қолжетімді болу мақсатында кәсіпорын сайтының интерактивті карталарында орналастырылады.
Қысқа мерзімді және орта мерзімді ауа райы болжамдарын, дауылды ескертулерді жасау кезінде синоптикалық ауа райы карталары, Еуропалық орталықтың, Қытай метеорологиялық агенттігінің және Ресей гидрометеорологиялық ғылыми-зерттеу орталығының спутниктік суреттері, мезомасштабты сандық модельдер мен жаһандық сандық модельдер пайдаланылады. Гидрологиялық болжамдар топырақтың күзгі ылғалдылығы, қардағы су қоры, қысқы жауын-шашын мөлшері және топырақтың қату тереңдігі сияқты әртүрлі факторлар негізінде жасалады. Оған қоса, жауын-шашын мөлшері мен ауаның орташа температурасының болжамын қамтитын ұқсас жылдарды таңдау әдісіне негізделген маусымдық және айлық синоптикалық болжамдар қолданылады. Гидрологиялық болжамдарды жасау кезінде көптік регрессия және арнайы сандық модельдер пайдаланылады. Сонымен қатар, екі мың он сегізінші жылдан бастап филиал мамандары Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп, Жабай және Сілеті өзендерінің алаптарындағы жыралар мен орман алқаптарында қар өлшеу жұмыстарын жүргізеді, бұл көктемгі су тасқыны кезеңіне арналған су ағынының көлемін дәл есептеуге мүмкіндік береді.
2025 және 2030 жылдар аралығында облыста гидрометеорологиялық мониторингті дамыту аясында бақылау желісін кеңейту және оны заманауи жабдықтармен жарақтандыру жоспарланған. Жергілікті атқарушы органдар мен Төтенше жағдайлар департаментін су тасқыны туралы уақытылы хабардар ету мақсатында 2025 жылдан бастап филиал үш қосымша маусымдық гидрологиялық пост ашты, ал екі мың жиырма алтыншы жылы тағы сегіз қосымша маусымдық пост ашу көзделген.
Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы мен Жаһандық экологиялық қордың жобасы аясында 2026 жылы Есіл ауданында автоматты агрометеорологиялық пост ашу жоспарлануда. Кәсіпорынды жаңғырту шеңберінде Көкшетау қаласында аэрологиялық станция ашылады, ол қала бойынша қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдарды жасауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ, төрт агрометеорологиялық пост жаңартылады. Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес мониторингпен қамтылмаған Ақмырза, Мигер және Сухая өзендерінің алаптарындағы үш қосымша гидрологиялық пост, сондай-ақ, өндірушілердің аймақтық жауапкершілігі аясында он автоматты пост ашу көзделген.
Биыл Ақмола облысында температура мен жауын-шашын бойынша жаңа рекордтар тіркелді. Қаңтар айы Қазақстан бойынша өте жылы болып, орташа температура нормадан бірден 6°C дейін жоғарылады. Төртінші қаңтарда Көкшетау метеорологиялық станциясында ауа температурасы +1,5°C дейін көтеріліп, рекордты жаңартты. Жиырма бірінші қаңтарда максималды температура -0,2°C дейін көтеріліп, 2019 жылғы рекордтан асты. Наурыз айында Көкшетауда термометр бағанасы плюс 11,9 градусқа дейін көтеріліп, өткен жылдардың көрсеткіштерін жаңартты. Сәуір айы да аномальды жоғары температурамен ерекшеленіп, метеобақылау тарихындағы ең ыстық айлардың бірі болды. Тоғызыншы сәуірде Көкшетауда плюс 19,3 градус°C, ал, сәуірде Есіл станциясында +27,1 градус°C тіркелді. Мамыр айында Жарқайың ауданында диаметрі жиырма миллиметр болатын ірі бұршақ жауды. Қыркүйек айының соңында Көкшетауда ауа температурасы +25,4°C градусқа жетіп, 1983 жылғы рекордтан асты.
2025-2026 жылдардың қыс мезгіліне арналған болжам бойынша қыс қалыпты жылы болады және жауын-шашын мөлшері нормаға жуық күтіледі. Қыс бойы температураның күрт ауытқуы болады деп болжануда, бұл көктайғақ пен мұзды қабыршақтың пайда болуына және қардағы ылғалдың артуына ықпал етеді. Желтоқсанда ауаның орташа айлық температурасы облыс бойынша норма шамасында болады. Желтоқсанның үшінші онкүндігінде температура түнде -20°C — 5°C дейін, күндіз +3°C дейін ауытқиды. Барлық мәліметтер мен жаңартулар «Қазгидрометтің» ресми сайтында орналастырылады.
Бақыт МАҚАЖАНОВА,
«Қазгидромет» РМК Ақмола облысы бойынша филиалының директоры.
![]()

