Сенбінің таңы сауда қызып, жұрт көңілі өсіп қалды

ЖƏРМЕҢКЕ

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс орталығы Көкшетау қаласында   ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылды.  Қала тұрғындары мен қонақтары балғын әрі сапалы өнімдерді қолжетімді бағамен осы жәрмеңкеден алуға асықты. Шара барысында алуан түрлі ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылып, олардың бағасы нарықтағы орташа бағадан 10–15 пайызға төмен бағамен саудаланды.

Ауқымды шараға Ақмола облысының барлық аудандары мен қалаларынан келген жергілікті тауар өндірушілері қатысты. Халыққа барынша ыңғайлы жағдай жасау мақсатында 45 павильонда шамамен 90 сауда орны қойылып,  әрбір келуші өзіне қажетті азық-түлік пен тұрмысқа керек тауарларды еркін таңдап, тиімді бағамен сатып ала алды.

Жәрмеңке жұмысын өзі аралап көрген облыс әкімі Марат Ахметжанов ұсынылған өнімдердің сапасы мен бағасына назар аударды. Аймақ басшысы мұндай жәрмеңкелердің әлеуметтік маңызы зор екенін және халықты қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз етуге әрі қарай да мол күш жұмсау қажеттігін атап өтті. Өз сөзінде облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан да бұл жәрмеңке жаңа жыл алдында аймақ тұрғындарына жасалған нақты қолдау мен көмектің бірі екенін еске салып өтті.
 Бүгінгі жәрмеңкеге облысымыздың тауар өндірушілері 30-дан астам тауар түрлері бойынша 200 тоннадан астам өнім жеткізді. Бұл өз кезегінде халықтың шығындарын азайтып, мерекеге дайындықты жеңілдетеді деген сенімдеміз. Алдағы уақытта осындай жәрмеңкелерді көктем мезгілінен бастап тұрақты түрде өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді ол.

Бұл жәрмеңкенің басты ерекшелігі де сол, өнім түрлерінің кең ауқымы болды. Сатып алушыларға ет және сүт өнімдері, балық, жұмыртқа, көкөністер, жармалар, ұн, өсімдік майы секілді күнделікті тұтынуға қажетті азық-түліктермен қатар, мерекелік дастарқанға арналған өнімдер де ұсынылды. Әсіресе, «Kokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ-ның тұрақтандыру қорынан шығарылған өнімдер тұрғындар тарапынан үлкен сұранысқа ие болды. Мұнда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары  ет, ұн, қант, жарма, макарон өнімдері, күнбағыс майы мен көкөністер төмендетілген бағамен сатылды.

Шара барысында жергілікті тауар өндірушілер де жәрмеңкенің тиімділігін атап өтті. Мысалы, «Гормолзавод» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі Гүлбира Бекенованың айтуынша, жәрмеңке күні өнімдер барынша қолжетімді бағамен, кейде тіпті өзіндік құнымен сатылады.
Тұрғындар сүт өнімдерін, әсіресе, сары май, балмұздақтың бірнеше түрін белсенді түрде сатып алып жатыр. Мұндай жәрмеңкелер халық үшін өте маңызды, өйткені, олар сапалы өнімді арзан бағамен алуға мүмкіндік алады, деді Гүлмира Бекенова тілдесу барысында.

Жәрмеңкеде азық-түлікпен қатар, отын, тұрмыстық қажеттілікке арналған басқа да маусымдық тауарлар ұсынылды. Осылайша, бұл жәрмеңке тұрғындар үшін тек азық-түлік емес, тұрмыстық қажеттіліктерді де бір жерден табуға болатын әмбебап алаң болды. Жәрмеңкеге келген қала тұрғындары да баспасөз өкілдеріне өз пікірлерін жеткізіп, жәрмеңкенің тиімді тұсын айтып жатты. Зейнеткер Зоя Воронкова:
Мен жәрмеңкеге сонау қала сыртынан әдейілеп арзан өнім алу үшін келдім. Баға айырмашылығын бірден байқадым. Дәл қазір ет сатып алдым, енді жұмыртқа мен бал алуға бара жатырмын. Жаңа жылға дайындық жасайтындар алатынын осы жерден алып үлгеріп қалуы керек. Тауарлар сапалы әрі өз бағасына татымды, – деді ол өз әсерімен бөлісіп.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар