САЙЛАУ РЕФОРМАЛАРЫ
«Соңғы жылдары біз тікелей сайлану институтын айтарлықтай кеңейттік. Бұл жүйе алдымен ауыл әкімдері үшін, кейін аудан әкімдері үшін, содан соң облыстық маңызы бар қалалар үшін енгізілді. Сондықтан, Қазақстанда іс жүзінде ай сайын сайлау науқандары өтіп жатыр. Мұндай саяси тәжірибе біздің өңір үшін бірегей болып табылады».
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында осы жаңа саяси тәжірибені атап өтіп қана қоймай, «…Қазақстандықтар бұл жаңа құбылысқа орындылық тұрғысынан қарауы керек. Егер жағымсыз салдары болса, тиісті шаралар қабылдау қажет» деген мәселеге де назар аударды.
Зеренді ауданында түрлі сайлаулар қаншалықты жиі өтеді, бұл процесте қандай қиындықтар туындайды және олар қалай шешіледі? Осы сауалдар төңірегінде Зеренді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алмат Балтағаринмен сұхбаттасқан едік.
Облыстағы барлық аудандық және қалалық сайлау комиссияларының ішінен біздің таңдауымыздың дәл осы ауданға түсуі тегін емес. Бұған тек комиссия мүшелерінің нағыз кәсіби маман ретінде мінсіз жұмыс істеуі ғана емес, ауданның өзіндік ерекшелігі де себеп болды.
Облыс орталығымен іргелес жатқан бұл өңір – өте перспективалы әрі қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Инвесторлар мұнда ықыласпен келеді, ал «болашағы жоқ» деп есептелетін ауылдар қазір мұнда мүлде жоқ. Тіпті, сондай ауылдар болған күннің өзінде тұрғындар алысқа ұзамай, ауылдық округ орталығына немесе аудан орталығына ғана қоныс аударады.
Елорда маңындағы аудандар сияқты, мұнда да «маятниктік миграция» құбылысы байқалады. Тұрғындар ауылда тұрып, мал-құсын баққанымен, отбасы мүшелерінің бірі, тіпті кейде екеуі де күн сайын таңертең қалаға жұмысқа барып, кешкісін үйлеріне оралады.
Тағы бір маңызды жайт – биылғы маусым айында дәл осы Зеренді ауданында аудан әкімінің тікелей сайлауы өтті. Осыған дейін облыстың үш ауданында мұндай сайлаулар пилоттық режимде өткізілген болатын, ал бұл жолғы доданың маңызы ерекше болды.
Сайлаушылардың сайлауға келу-келмеуі неге байланысты?
Әңгімеміздің негізгі өзегіне айналған «Халықтың сайлауға қатысу белсенділігі неге байланысты?» деген сұраққа жауап бере отырып, Алмат Қайроллаұлы нақты мәліметтерді алға тартты. Көрсеткіштер әртүрлі: кейбір ауылдық округтерде сайлаушылардың келуі 50-60 пайыздан асса, кей жерлерде бұл межеден әлдеқайда төмен.
Осы бір «Неліктен?» деген сұрақтың жауабын ғалымдар, соның ішінде сайлау социологиясы бағытындағы мамандар зерттеуі тиіс. Десе де, Алмат Балтағариннің пікірімен келіспеу мүмкін емес.
Елді мекеннің даму қарқыны мен сайлаушылардың белсенділігі арасында тікелей пропорционалды байланыс бар. Егер халық ауылдың абаттандырылып жатқанын, жолдардың жөнделіп, су құбырының іркіліссіз жұмыс істеп тұрғанын көрсе, сайлау учаскесіне де зор ықыласпен барады. Халықтың ертеңгі күнге деген сенімі, биліктің берген уәдесі орындалатынына көз жеткізуі және өз дауысының маңыздылығын сезінуі – өте маңызды факторлар. Ал, егер керісінше, оң өзгеріс болмаған жерде адамдардың көңіл-күйі түсіп, «одан не пайда? Жол жоқ, су құбыры ескі, жарық жиі өшеді…» деп қолдарын бір-ақ сілтейтіні жасырын емес. Мұндай жағдайда үгіт-насихат жұмыстарының да пәрмені төмен болады.
Сайлаудағы белсенділік – тұрғындардың көңіл-күйі мен ниетін білдіретін маңызды барометр. Бұл көрсеткіш жергілікті атқарушы органдар (ЖАО) үшін де, болашақ кандидаттар үшін де үлкен сабақ әрі қорытынды шығаратын негізгі өлшем болуы тиіс.
Халық кімге дауыс береді және сайланған әкімнің қолынан не келеді?
Ауыл әкімдерін тікелей сайлау жүйесі қалыптасқан жағдайды өзгертуге бағытталған. Бұл реформаның басты мақсаты – халықты өздері сенетін, адалдығы мен қабілетіне күмән келтірмейтін кандидаттарға дауыс беруге ынталандыру және сайланған әкімнің алдағы жұмысына жәрдемдесу.
Алайда, бұл процестің өз қиындықтары бар. Мәселелердің шешілуі тек ауыл әкіміне ғана байланысты емес. Тіпті, ірі ауылдық округтердің өзінде жергілікті қоғамдастықпен бірге ауылдың бірінші кезектегі мұқтаждықтарына жұмсалатын төртінші деңгейлі бюджет көлемі өте шектеулі. Бұл қаржымен барлық «жыртықты жамау» мүмкін емес. Ал әлеуметтік инфрақұрылымға инвестиция салатын ірі серіктестіктер барлық ауылда бола бермейді. Аудандық және облыстық бюджеттер де шексіз емес, сондықтан, қаржы бөлу кезінде нақты басымдықтар ескеріледі.
Осындай объективті себептерге байланысты ең игі ниеттер мен шынайы уәделерді іске асыру оңайға соқпайды. Ал, сайлаушылар болса: «Біз саған дауыс бердік қой. Өзіміздің ауылдың баласысың, бізді түсінуің керек», — деп әкімге үміт артады.
Шындығында, бірнеше кандидаттың ішінен халық көбіне өз жерлестерін таңдайды. Бұл тек Зеренді ауданына ғана тән құбылыс емес.
Мәселен, өткен жылдан бері Зеренді ауданының 12 ауылдық округінде әкімдер сайланды. Олардың оны дәл осы өңірдің тумалары мен тұрғындары. Сайлаушылар бұл азаматтардың өздерін ғана емес, олардың ата-анасын, тіпті ата-әжелеріне дейін жақсы таниды. Мұндай жақындық бір жағынан үлкен сенім болса, екінші жағынан әкімге жүктелетін жауапкершілік жүгін еселей түседі.
Қызықты бір дерек келтіре кетейін: сайланған 12 әкімнің ішінде саяси партиялар атынан тек екі адам ғана ұсынылған. Оның бірі – «Amanat» партиясынан, екіншісі – «Respublica» партиясынан. Қалғандарының барлығы – өзін-өзі ұсынушылар. Бұл көрсеткіш саяси партиялардың басшылығы мен активі үшін ойланатын жайт.
– Қазіргі уақытта кандидаттар арасында шынайы бәсекелестікті қамтамасыз ету оңай емес. Бұл мәселе тікелей сайлау комиссиясының құзыретіне кірмесе де, біз тіркеу жұмыстарымен айналысқандықтан, жағдайды жақсы білеміз, – дейді Алмат Қайроллаұлы. – Көбіне халықтың өзі өтініш білдірген немесе туған ауылына шын мәнінде пайдасын тигізгісі келетін азаматтар сайлауға түседі.
Шынында да, бүгінгі таңда әкімдерді пайдакүнемдік ниетпен келді деп айыптау қиын. Кез келген бюджеттік шығыстар мен мемлекеттік сатып алулар бейінді мекемелер мен қоғам белсенділерінің алдында ашық көрініп тұр. Ал, еңбекақы мәселесіне келсек, жұмысын жаңа бастаған ауыл әкімінің жалақысы тіпті жоғары санаты жоқ мұғалімнің табысынан да төмен. Тіпті, шағын бизнес иелерімен де салыстыруға келмейді. Осы себепті де көптеген үміткерлер тіркеу кезеңінде-ақ ойланып, өздері бас тартып жатады.
Мемлекеттік қызмет мектебінен өткен Алмат Балтағарин әр сөзін салмақтап, дәлелді сөйлейді. Оның пікірінше, кандидаттарға қойылатын қазіргі талаптар негізді болуы мүмкін, бірақ, бұл талаптар сайлау кезеңіндегі бәсекелестіктің артуына еш септігін тигізіп отырған жоқ.
Тағы бір күрмеулі мәселе – сайланғанға дейін мемлекеттік қызметте істемеген әкімдер жұмыстың қыр-сырын, қойылатын талаптарды және Әдеп кодексіндегі шектеулердің ауқымын толық түсіне бермейді. Нәтижесінде, бір-екі жыл жұмыс істеген соң біреуі қызметтен кетсе, енді бірі басқа жаққа қоныс аударады. Ал, бұдан соң ауылда қайтадан сайлау өтед.
Сайлау жиі өтсе…
Социологияда «электоралды шаршау» деген ұғым бар. Бұл – сайлаудың тым жиі өтуінен, саяси процестерден қажығандықтан және «бәрібір ештеңе өзгермейді» деген сенімсіздіктен туындайтын саяси апатия. Мұндай күй сайлаушылардың келу көрсеткішін төмендетіп, халықтың пассивтілігіне әкеп соғады.
Бұл құбылыс ең дамыған демократиялық елдердің өзінде кездеседі және ол жақта тиісті қорытындылар жасалған. Президенттің үздіксіз сайлау науқандарының кері әсері болуы мүмкін екенін айтуы да – халықтың осындай шаршаңқылыққа бой алдыруынан сақтандыруы болса керек.
– Маусым айында зеренділіктер аудан әкімін сайлады. Мамыр мен қыркүйек аралығында бес ауылдық округте әкімдер сайланды, ал, қыркүйекте шығып қалған депутаттың орнына қосымша сайлау өтті, – деп хабардар етті Алмат Қайроллаұлы.
Сайлау комиссиясы мүшелерінің жұмыс жүктемесіне келер болсақ, төраға оған шағымданбайды. Комиссия мүшелері – тәжірибелі, кез келген жұмыс режиміне дайын жауапты жандар. Мәселен, хатшы Айнұр Хасенова комиссия құрылған сәттен бастап жұмыс істейді, істің бүге-шігесіне дейін білетін білікті маман.
Алайда, комиссия төрағасы сайлаушылар үшін алаңдайды. Әрине, кеңестік кезеңдегідей, сайлау учаскесінде тапшы апельсиндер сату немесе жәшік алдына пионерлерді тізіп қою сияқты ескі әдістерді қайталаудың қажеті жоқ. Дегенмен, сайлау халықты жалықтыратын күнделікті ығыр дүниеге айналмауы тиіс.
– Біз бұл жағдайды терең талдап, ой елегінен өткізіп, тиісті ұсыныстар енгізуіміз керек, – деп түйіндеді өз ойын Зеренді аудандық сайлау комиссиясының төрағасы.
Аккредиттеуден өту қалай жүзеге асырылады?
Біз демократиялық процестерді дамытудың таптырмас шарты – азаматтық құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз. Сайлауды бақылау – сайлау процесінің ажырамас бөлігі және сайлау легитимділігінің шарты.
Бақылау институты сайлауға қоғамдық мониторинг жүргізеді және ол сайлау комиссиялары қызметінің негізгі принциптері – жариялылықты, ашықтықты және айқындықты қамтамасыз етуді жүзеге асыруға ықпал етеді.
Бақылаушының негізгі функциясы – дауыс беру күні сайлау учаскесінде дауыс беруді, дауыс беру қорытындыларын анықтауды қоғамдық бақылаумен қамтамасыз ету және азаматтардың сайлау құқықтарының сақталуын бақылау.
Сайлауда саяси партиялардан, сондай-ақ, басқа да аккредиттелген қоғамдық бірлестіктерден, коммерциялық емес ұйымдардан Қазақстан Республикасының азаматтары бақылаушы бола алады.
Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде әрбір партиядан, өзге де аккредиттелген қоғамдық бірлестіктен, коммерциялық емес ұйымнан бір мезгілде бір-бір бақылаушыдан қатысуға құқылы.
Жарғылық қызметінде сайлауды бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қоғамдық бірлестіктер, коммерциялық емес ұйымдар аккредиттеле алады.
Республикалық қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеуді Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (ОСК), ал өңірлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аумақтық сайлау комиссиялары жүргізеді.
Аккредиттеуден өту үшін қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдар келесі құжаттарды өткізуі тиіс: белгіленген нысан бойынша өтініш және сайлауға бақылау жүргізу құқығын растайтын жарғыдан үзінді.
Аккредиттеуді жүргізу мынадай кезеңдерді қамтиды: сайлау комиссиясы мүшелерінің ұсынылған құжаттарды қарауы, тиісті сайлау комиссиясының аккредиттеу туралы немесе аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдауы, аккредиттеу туралы куәлікті немесе аккредиттеуден бас тарту туралы жазбаша хабарламаны беру.
Аккредиттеу туралы куәлік немесе аккредиттеуден бас тарту туралы жазбаша хабарлама қоғамдық бірлестікке, коммерциялық емес ұйымға тиісті шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі. Аккредиттеуге өтінішті қарау мерзімі 30 күнтізбелік күнді құрайды.
Сайлау комиссияларының сұрауы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардан аккредиттеуден бас тарту немесе оның күшін жою үшін негіздердің бар-жоғын анықтауға қажетті ақпарат сұрау алынған сәттен бастап жиырма күнтізбелік күн ішінде беріледі.
Өңірлік және жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу кезінде аумақтық сайлау комиссиялары сұрауларды тиісті ақпаратты ұсынатын Астана, Алматы және Шымкент қалалары мен облыстардың әділет департаменттеріне жібере алады.
Аккредиттеуден бас тартуға немесе аккредиттеудің күшін жоюға мыналар негіз болып табылады: құжаттардың толық тізімін ұсынбау, жарғының қолданыстағы талаптарға сәйкес келмеуі, қызметтің тоқтатылуы.
Аккредиттеудің қолданылу мерзімі бір жылды құрайды. Республикалық қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарға берілген аккредиттеу туралы куәлік оларға барлық сайлауларға қатысу құқығын береді.
Өңірлік қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарға берілген аккредиттеу туралы куәлік оларға өздерінің құрылымдық бөлімшелері (филиалдары мен өкілдіктері) бар облыстардың шегінде барлық сайлауларға қатысу құқығын береді.
Жергілікті қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйымдарға берілген аккредиттеу туралы куәлік оларға бір жыл ішінде бір облыс шегінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңмен реттелетін барлық сайлауларға қатысу құқығын береді.
Аккредиттеуге ұсынылған құжаттарда анық емес немесе бұрмаланған мәліметтер анықталған жағдайда, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктің, коммерциялық емес ұйымның қызметі тоқтатылған жағдайда, тиісті сайлау комиссиясы аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын үш айға дейінгі мерзімге тоқтатады.
Аккредиттеу туралы куәліктің қолданысы мынадай жағдайларда тоқтатылады: анықталған бұзушылықтар үш ай ішінде жойылмаса, бірлестік қайта ұйымдастырылса немесе таратылса, ұйым куәліктің қолданысын ерікті түрде тоқтату туралы өтініш берсе…
Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы интернет-ресурсында бес жұмыс күні ішінде аккредиттелген қоғамдық бірлестіктердің, коммерциялық емес ұйымдардың тізімі, сондай-ақ, аккредиттеу туралы куәліктерінің қолданысы тоқтатылған ұйымдардың тізімі орналастырылады.
Ол үшін аумақтық сайлау комиссиялары қоғамдық бірлестіктерді, коммерциялық емес ұйымдарды аккредиттеу, аккредиттеуден бас тарту не болмаса, аккредиттеу туралы куәліктің қолданысын тоқтату туралы шешім қабылданған сәттен бастап үш күндік мерзімде мәліметтерді тиісті тізімге енгізу үшін Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жібереді, сондай-ақ, оларды өздерінің интернет-ресурстарында орналастырады.
Бақылаушының құқықтары
Біз демократиялық процестерді дамытудың таптырмас шарты – азаматтық құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз.
Қазақстан Республикасының саяси партияларынан, өзге де қоғамдық бірлестіктерінен, коммерциялық емес ұйымдарынан тағайындалған бақылаушының өкілеттіктері оның тегі, аты, әкесінің аты көрсетілген жазбаша нысанда куәландырылуы тиіс.
Бұл құжат бақылаушыны жіберген ұйымның мөрімен расталады және жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде жарамды болады. Құжаттар сайлау комиссиясының төрағасына ұсынылады.
Дауыс беру күні әрбір сайлау учаскесінде әрбір партиядан, аккредиттелген қоғамдық бірлестіктен, ҚР коммерциялық емес ұйымынан бір мезгілде бір-бір бақылаушыдан қатысуға құқылы.
Бақылаушылардың мынадай құқықтары бар: сайлау комиссиясының отырысына қатысу, дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың саны туралы, соның ішінде үй-жайдан тыс жерде дауыс беру туралы ақпарат алу.
Олар дауыс беру және дауыстарды санау кезінде сайлау учаскесінің дауыс беруге арналған үй-жайында бола алады, тасымалданатын сайлау жәшіктерін тасымалдау кезінде бірге жүрумүмкіндігіне ие.
Ажырамас құқықтар қатарына дауыс беру барысын, дауыстарды санау рәсімін және сайлау учаскесіндегі, дауыс беру пунктіндегі дауыс беру нәтижелерін рәсімдеуді, аталған рәсімдердің барлығын анық көруге мүмкіндік беретін жағдайларда бақылау да жатады. Олардың тиісті сайлау комиссиясының немесе оның мүшелерінің шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған сайлау комиссиясына немесе сотқа шағым жасауға мүмкіндігі бар.
Сайлаушылар дауыс беру үй-жайына келе алмаған жағдайда, бақылаушының олардың үй-жайдан тыс жерде дауыс беруіне қатысуына ешкім тыйым сала алмайды. Сондай-ақ, пайдаланылмаған сайлау бюллетендерін санау және жою кезінде қатысуға, дауыс беру барысына және оның қорытындыларын шығаруға кедергі жасамай, фото-, аудио- және бейнежазбалар жасауға құқылы.
Дауыс беру аяқталғаннан кейін бақылаушы сайлау комиссиясының дауыс беру қорытындылары туралы хаттамаларымен таныса алады, олардың куәландырылған көшірмелерін ала алады. Ол сайлау комиссиясы мүшелерінің назарын Конституциялық заң талаптарының бұзылуына аударуға, оларға тиісті жазбаша мәлімдемелерді, бұзушылықтар туралы актілерді тапсыруға және тапсырылғаны туралы белгі алуға құқылы.
Бақылаушылардың бірқатар бұлжымас міндеттері де бар
Ең алдымен, олардың жанында жеке басын және өкілеттігін куәландыратын құжаттары болуы тиіс. Олар сайлау процесіне, дауыстарды санау және сайлау комиссиясының шешім қабылдау рәсіміне араласпауға, сайлау комиссиясының жұмысына кедергі келтіретін әрекеттер жасамауға тиіс.
Олар сайлау комиссиясы төрағасының сайлау учаскесіндегі мінез-құлық қағидаларын сақтау жөніндегі талаптарын орындауға, өз ескертулерін құжатталған, шынайы және тексеруге болатын фактілерге негіздеуге, бейтараптылықты сақтауға, нақты бір кандидатқа немесе саяси партияға қолдау білдірмеуге міндетті.
Қазақстан Республикасының сайлау туралы заңнамасы бұзылған жағдайда бақылаушы және өзге де адамдар сайлау комиссиясының жазбаша нысанда қабылданған уәжді шешімі бойынша дауыс беру үй-жайынан шығарылады. Бақылаушылар ҚР заңнамасын бұзған жағдайда тиісті сайлау комиссиясы бақылаушының тіркеуін тоқтатуға құқылы.
Осындай талаптар сенім білдірілген адамдарға да қойылады
Кандидаттар сенім білдірілген адамдарды өз қалауы бойынша тиісті сайлау округіндегі әрбір сайлау учаскесіне үш адамнан аспайтын мөлшерде айқындайды және оларды тіркеу үшін тиісті сайлау комиссиясына хабарлайды.
Кандидат сенім білдірілген адам ретінде ұсынған тұлғалар тиісті сайлау комиссиясына сенім білдірілген адам болуға келісімі туралы өтініш береді. Сайлау комиссиясы сенім білдірілген адамдарды тіркегеннен кейін оларға тиісті куәліктер береді.
Сенім білдірілген адам Қазақстан Республикасы азаматы болуға тиіс. Ол, Сенат депутатын сайлау кезінде мәслихат депутаты, қандай да бір сайлау комиссиясының мүшесі немесе саяси мемлекеттік қызметші лауазымын атқаратын адам бола алмайды.
Кандидаттарды ұсыну және тіркеу тәртібі
Біз демократиялық процестерді дамытудың міндетті шарты болып табылатын азаматтық құқықтық сананы қалыптастыруға бағытталған жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз. Бұл мақалада мәслихат депутаттарын ұсыну, тіркеу және сайлау ережелері туралы айтатын боламыз.
2022 жылы мәслихат депутаттарын сайлау рәсіміне өзгерістер енгізілді. Тиісті түзетулер «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында қабылданды.
Түзетулерге сәйкес, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихат депутаттары аралас сайлау жүйесі бойынша сайланады.
Депутаттардың жартысы біртұтас аумақтық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік жүйесімен, ал екінші жартысы бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады. Аудандық және облыстық маңызы бар қалалық мәслихаттардың депутаттары тек бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланады.
Мәслихат депутаты болып сайлану үшін азамат Конституцияның 86-бабының 3-тармағында белгіленген талаптарға сай болуы, сондай-ақ, Конституцияның 33-бабының 3-тармағына және «Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлау құқығына ие болуы тиіс.
Мәслихат депутаттығына кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну дауыс беру күніне алпыс күн қалғанда басталып, сайлауға отыз күн қалғанда жергілікті уақыт бойынша сағат он сегізде аяқталады.
Егер партиялық тізімдерді немесе кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған күні тиісті сайлау округі бойынша екіден аз партиялық тізім немесе кандидат тіркелсе, тиісті сайлау комиссиясы кандидаттарды ұсыну мерзімін жиырма күннен аспайтын уақытқа ұзартады.
Сайлау комиссиясы барлық кандидаттардың талаптарға сәйкестігіне тексеру жүргізеді. Тексеру рәсімі, атап айтқанда, тиісті органдарға сұрау салуды қамтиды.
Партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялар партиялық тізімге енгізілген әрбір адам үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде өз қаражатынан жергілікті атқарушы орган шотына сайлау жарнасын аударады.
Бір мандатты сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына кандидат жергілікті атқарушы орган шотына депозит ретінде ҚР заңнамасында белгіленген ең төменгі жалақының бес еселенген мөлшерінде сайлау жарнасын салады.
Бұл ретте, мемлекеттік кіріс органдарынан кандидаттың және оның жұбайының активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтерді ұсыну туралы талап алған ұйымдар сұратылған ақпаратты талапты алған күннен бастап төрт күн ішінде беруге міндетті.
Бір мандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттардың кез келген саны тіркелуге жіберіледі.
Партиялық тізімдерді, кандидаттарды тіркеу құжаттардың толық пакеті болған жағдайда ғана жүзеге асырылады.
Партиялық тізімдерді, кандидаттарды тіркеу тиісті сайлау комиссиясының отырысында жүргізіледі. Оған партиялық тізімдерін ұсынған саяси партиялардың өкілдері, депутаттыққа кандидаттар немесе олардың сенім білдірілген адамдары қатыса алады және бұл туралы олар алдын ала хабардар етіледі. Сондай-ақ, қызметтік куәлігі мен редакция тапсырмасы болған жағдайда бұқаралық ақпарат құралдары қатыса алады.
Кандидаттарға, соның ішінде партиялық тізімдерге енгізілгендерге тиісті куәлік беріледі.
Аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер тіркелгеннен кейін жетінші күннен кешіктірмей жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын, партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын көрсете отырып, тіркеу туралы хабарлама жариялайды.
Бір мандатты сайлау округтері бойынша ұсынылған жағдайда мәслихат депутаттығына кандидаттардың кез келген саны тіркелуге жіберіледі. Кандидаттарға, соның ішінде партиялық тізімге енгізілгендерге тиісті куәлік беріледі.
Аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімдер тіркелгеннен кейін жетінші күннен кешіктірмей, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында саяси партияның атауын, партиялық тізімге енгізілген адамдардың санын көрсете отырып, тіркеу туралы хабарлама жариялайды.
Аумақтық сайлау комиссиясы саяси партия партиялық тізімді ұсыну ережелерін бұзған, тіркеу үшін қажетті құжаттарды ұсынбаған, партиялық тізімді ұсынған саяси партия, ол ұсынған кандидаттар, оның сенім білдірілген адамдары тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін сайлау алдындағы үгітті жүргізген жағдайларда партиялық тізімді тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды.
Кандидаттың немесе оның сенім білдірілген адамдарының басқа кандидаттың ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін, оның іскерлік беделін түсіретін жалған мәліметтер таратқаны немесе партиялық тізімді ұсынған саяси партияның немесе оның сенім білдірілген адамдарының сайлаушыларды сатып алу фактілері сотпен анықталуы, сондай-ақ, бүкіл партиялық тізімнің елу пайызынан астамын құрайтын адамдардың партиялық тізімнен шығуы тіркеуден бас тартуға негіз болады.
Аумақтық сайлау комиссиясы партиялық тізімге енгізілген адам заңнамада кандидатқа қойылатын талаптарға сәйкес келмеген, декларация тапсыру кезінде активтері мен міндеттемелері туралы мәліметтердің дұрыс еместігі анықталған жағдайларда оны аталған тізімнен шығару туралы шешім қабылдайды.
Егер партиялық тізімге енгізілген кандидат өзінің сайлау алдындағы науқанында лауазымдық немесе қызметтік жағдайын пайдаланса, партиялық тізімді тіркеу мерзімі аяқталғанға дейін сайлау алдындағы үгіт жүргізсе, сайлаушыларды сатып алса, тізімнен шығарылуы мүмкін.
Тұлғаны партиялық тізімнен шығару туралы шешімге партиялық тізімді ұсынған саяси партия немесе партиялық тізімнен шығарылған адам сотқа шағымдана алады және соттың шешімі түпкілікті болып табылады.
Қаржыландыру ашық болуы тиіс
Демократиялық қоғамның басты тіректерінің бірі – сайлау үдерісінің ашықтығы мен заңдылығы. Осыған орай, біз азаматтардың құқықтық санасын қалыптастыруға, сайлау мәдениетін арттыруға бағытталған жарияланымдар топтамасын жалғастырамыз.
Қазақстан Республикасында мәслихат депутаттарын сайлау республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Бұл қаржы осы мақсатта ашылатын жергілікті атқарушы органдардың арнайы шоттары арқылы бөлінеді. Аталған шоттарға түскен бюджет қаражатын басқару құқығы аумақтық сайлау комиссияларына берілген. Ал, қаржыландыру тәртібі елдің қолданыстағы бюджет заңнамасына сәйкес белгіленеді.
Сайлау науқаны кезінде республикалық бюджеттен сайлау комиссияларын ұйымдастыру және олардың қызметін қамтамасыз етуге, үй-жайларды жалға алуға, комиссия мүшелерінің іссапар шығындарына, кеңесшілер мен сарапшылардың, сондай-ақ, электрондық сайлау жүйесінің жұмысын қамтамасыз ететін мамандардың еңбегіне ақы төлеуге қаржы бөлінеді. Сонымен қатар, бұл қаражат кандидаттардың сайлау алдындағы жария іс-шараларын өткізуге, үгіт материалдарын шығаруға және олардың көлік шығындарын өтеуге жұмсалуы мүмкін.
Ал, сайлау науқанына байланысты өзге де шығындар мемлекеттік емес қаржыландыру арқылы, яғни сайлау қорлары есебінен өтеледі. Сайлау қорлары кандидаттардың жеке қаражатынан, саяси партиялардың қаржысынан, кандидатты ұсынған қоғамдық бірлестіктердің қаражатынан, сондай-ақ, Қазақстан азаматтары мен ұйымдарының ерікті қайырымдылық жарналарынан құралады.
Белгіленген мөлшерден асып түскен қаржы сайлау қорларына қабылданбайды және оны енгізген азаматтар мен ұйымдарға кері қайтарылады. Бұл жағдайда қаражатты қайтаруға байланысты шығындар сол азаматтар мен ұйымдардың өз есебінен өтеледі. Ал, анонимді түрде түскен қайырымдылықтар республикалық бюджет кірісіне аударылады.
Заң талаптарына сәйкес мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, қайырымдылық және діни ұйымдардың, жарғылық капиталында шетелдік қатысуы бар қазақстандық заңды тұлғалардың, сондай-ақ, анонимді жеке және заңды тұлғалардың сайлау қорына қаржы аударуына қатаң тыйым салынған.
Сайлау қорына арналған барлық қаржы тиісті сайлау комиссиясы банк мекемелерінде ашатын арнайы уақытша шоттарға аударылады. Банктер апта сайын сайлау комиссияларына бұл шоттарға түскен қаражат пен оның жұмсалуы туралы есеп беріп отырады. Ал комиссия сұрау салған жағдайда қажетті мәліметтер 24 сағат ішінде ұсынылуы тиіс.
Сайлау қорына түскен қаражаттың жалпы көлемі, ерікті қайырымдылықтардың мөлшері мен көздері, сондай-ақ сайлауалды үгіт-насихатқа жұмсалған шығындар туралы ақпарат сайлау қорытындылары жарияланғаннан кейін бес күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
Сайлау қорының қаражатына билік ету құқығы тек кандидаттарға және партиялық тізім ұсынған саяси партияларға тиесілі. Олар бұл қаражатты бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда сөз сөйлеуге, сайлауалды іс-шаралар, пікірталастар, митингілер, шерулер мен демонстрациялар ұйымдастыруға және өткізуге пайдалана алады.
Сондай-ақ, сайлау қорлары есебінен баспа, аудиовизуалды және өзге де үгіт материалдарын шығару мен таратуға, үгіт жұмысын ұйымдастыратын жеке және заңды тұлғалардың қызметтеріне ақы төлеуге, көлік және іссапар шығындарын өтеуге, тегін таратылатын баспа өнімдерін, сондай-ақ сайлау науқанына арналған төсбелгілерді, туларды, жалаушаларды және басқа да рәміздерді дайындауға рұқсат етіледі.
Бұл мақсаттар үшін өзге көздерден қаражат тартуға, сайлау қоры есебінен төленбеген тауарлар мен қызметтерді пайдалануға немесе олар үшін қандай да бір қолдау көрсетуге заңмен тыйым салынған. Сайлауалды үгітке байланысты қызмет көрсететін жеке және заңды тұлғалар міндетті түрде кандидаттан немесе саяси партиядан жазбаша келісім алуы тиіс. Мұндай келісімі жоқ тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Егер кандидат өз кандидатурасын алып тастаса немесе саяси партия партиялық тізімді кері қайтарса, сайлау қорына түскен барлық қаражат оны енгізген азаматтар мен ұйымдарға дереу қайтарылуы қажет. Бұл жағдайда да қайтаруға байланысты шығындар солардың есебінен өтеледі.
Сайлау қорытындылары анықталғаннан кейін бес күн ішінде кандидат немесе саяси партия сайлау комиссиясына сайлау қоры қаражатының пайдаланылуы туралы есеп тапсыруға міндетті. Жұмсалмай қалған қаражаттың үштен екісі республикалық бюджетке аударылып, үштен бірі саяси партияға қайтарылады.
Сайлау қорларын пайдалану тәртібін бұзу кандидаттың немесе партиялық тізімнің тіркеуден шығарылуына, ал сайлау өткеннен кейін тиісті аумақ немесе округ бойынша сайлауды жарамсыз деп тануға алып келеді.
Ақмола облысының сайлау комиссиясының
материалдары бойынша дайындағандар:
Нина Митчинова,
Ырысалды Төлегенқызы,
Майра Қуанышқызы,
Гүлфайруз Төремұратова.
![]()

