Бүкіл қоғамның ортақ міндеті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткеніндей, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес – бұл тек құқық қорғау органдарының міндеті емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі.  Президент Жолдауындағы негізгі екпін әрбір азаматтың қауіпсіздігі мен конституциялық құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін әділетті Қазақстанды құруға бағытталған.

Президентіміз қашанда бала мен әйел құқықтарын қорғауға ерекше мән береді.

Осы бір мемлекеттік мәселені қозғауда «Ауыл» партиясының да атқарып жатқан жұмысы біршама. Олар жуырда облыс оталығы Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр елді мекенінде гендерлік зорлық-зомбылық жөнінен пайдалы жиын өткізді. Жалпы бұл құбылыс тек жеке тұлғалар арасындағы мәселе емес, ол адам құқықтарының бұзылуын айқындайтын өткір әлеуметтік дерт болып табылады. Бұл бағыттағы терминологияны нақтылау барысында биологиялық ерекшеліктерді сипаттайтын жыныс ұғымы мен қоғамда қалыптасқан әлеуметтік рөлдерді білдіретін гендер терминінің аражігін ажыратып алу маңызды.

– Жалпы, іс-шараға 150 бала жиналып, Ақмола облыстық полиция департаменті мен «Сенімен болашақ» ұйымы белсене атсалысты. Осы агротехникалық колледждегі іс-шараны ұйымдастыра алғанымызға қуанышытымын, – дейді «Ауыл» партиясының Ақмола облыстық филиалының төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты Анар Аяпбергенова.

Қазіргі таңда бұл бастамалар практикалық тұрғыда жүзеге асып, отбасылық жанжалдарды тергеу кезінде тараптардың татуласуына қарамастан қылмыстық істі тоқтатпау сияқты нақты құқықтық кепілдіктер қалыптасты. Бұл қадамдар қоғамдағы агрессия деңгейін төмендетуге және әрбір адамның өз үйінде қауіпсіз сезінуіне жағдай жасамақ.

–  Қазіргі таңа зорлық-зомбылыққа қарсы күрес акциясы өткізілуде. Бұл акцияны тек біз ғана емес, дүние жүзі өткізіп жатыр. Әуелі студенттерге дәріс оқып, заңнамамен таныстырдық, – дейді «Сенімен болашақ» РҚБ Ақмола филиалының басшысы Айгүл Нұрмағанбетова.

Біріккен Ұлттар Ұйымының ресми ұстанымы бойынша, әйелдерге қатысты жасалатын кез келген сипаттағы зорлық-зомбылық гендерлік зорлық-зомбылықтың негізгі формасы ретінде танылады және ол уақыт пен мәдени ортаға қарай өзгеріп отыратын әлеуметтік қарым-қатынастардың салдары болып есептеледі.

Зорлық-зомбылық формаларының ауқымы кең және ол тек физикалық күш көрсетумен ғана шектелмейді. Оның құрамына денсаулыққа зақым келтіру мен медициналық көмектен айыруды қамтитын физикалық қысым, адамның ерік-жігерін жасытып, әлеуметтік ортадан оқшаулайтын психологиялық қорлау, сондай-ақ қаржылық тәуелділік пен мүліктік құқықтарды шектейтін экономикалық қанау түрлері кіреді. Сонымен қатар, кез келген мәжбүрлі әрекетті қамтитын сексуалдық зорлық-зомбылық адамның жеке басының бостандығы мен қадір-қасиетіне тікелей нұқсан келтіреді. Бұл формалардың барлығы біртұтас агрессивті мінез-құлық жүйесін құрап, зорлық-зомбылық құрбанының өміріне ұзақ мерзімді зардаптарын тигізеді.

Дүниежүзілік статистика бойынша әрбір үшінші әйел өз өмірінде зорлық-зомбылыққа тап болады, ал, әрбір он минут сайын бір әйел жақын адамының қолынан қаза табады. Қазақстандағы ахуал да ерекше назар аударуды талап етеді, себебі, әйелдердің 16 пайызы жақын серіктесі тарапынан қысым көретінін айтса, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының 70 пайыздан астамын әйелдер құрайды. Соңғы жылдары елімізде заңнаманың қатаңдатылуы нәтижесінде отбасы ішіндегі кісі өлімі көрсеткіші 35 пайызға төмендегенімен, жәбірленушілердің тек 7 пайызы ғана арнайы дағдарыс орталықтарынан көмек сұрайды. Бұл көрсеткіш қоғамдағы жабық тақырыптар мен қорқыныш сезімінің әлі де басым екенін және жүйелі оңалту жұмыстарының қажеттілігін көрсетеді.

Зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс істеу процесі тек физикалық жарақаттарды емдеумен шектелмей, кешенді психологиялық қолдауды қамтуы тиіс. Мақсат іштей қалыптасқан кінә мен қорқыныш сезімін жою және оның қоғамға толыққанды мүше ретінде қайта бейімделуіне жағдай жасау болып табылады. Тек қана құқықтық қорғау мен сапалы психологиялық көмектің ұштасуы ғана гендерлік теңсіздік пен зорлық-зомбылық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының»  өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар