Технологияның қарыштап дамуы адамзат игілігіне қызмет етіп қана қоймай, қылмыстың да сипатын мүлдем өзгертті. Бүгінде қарапайым халықтың қалтасына түсу үшін көше торуылдаудың қажеті жоқ – смартфон мен интернеттің болуы жеткілікті. Шекара талғамайтын интернет кеңістігіндегі алаяқтық – қазіргі қоғамның ең өзекті дертіне айналып отыр.
Осы орайда, Ақмола облысының полиция департаментінің киберқылмыс іс-қимыл басқармасы цифрлық қылмыспен күресті күшейтіп, жүйелі жұмыстарды атқарып келеді.
Рас, қазір біздің өмірімізде цифрлы технологиялар маңызды рөл атқарады. Олардың көмегімен виртуалды қызметтер мен өнімдерге қол жеткіземіз, белгілі бір тауарларға сұраныс та артты. Бүгінде әлеуметтік желілер мен түрлі интернет платформалар тек ақпарат алмасудың емес, сауда-саттықтың негізгі алаңына айналды.
Ақмола облысы полиция департаменті киберқылмыс іс-қимыл басқармасының мәліметінше, биылғы 23 желтоқсандағы жағдай бойынша жыл басынан бері өңірімізде 1123 (өткен жылмен салыстырғанда 15 жағдайға аз) интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Тәртіп сақшыларының жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күні бүгінге дейін оның 216-сы (өткен жылы 181) ашылды. Әсіресе, республикалық деңгейде өткен «Anti-fraud», «Контрафакт» және «Hi-tech» іс-шараларының тиімділігі жоғары болған. Бұл шаралардың барысында 114 қылмыс әшкереленсе, оның 94-і бұрын жасалған күрделі істер.
Тәртіп сақшыларының қырағылығы арқасында интернет-алаяқтардың қылмыстық топтары бірінен соң бірі құрықталуда. Мәселен, биылғы шілде айында банктердің Call-орталық қызметкерлері болып танысып, халықтың қаражатын қолды қылған екі азамат ұсталды. Сондай-ақ, қараша айында Алматыда «Колеса» қосымшасы арқылы жалған хабарландыру жариялап, талай адамды тақырға отырғызған 26 жастағы азамат қолға түсті. Бұл – полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейінің оң көрсеткіші.
Қазіргі заманның интернет қылмыскерімен күресу үшін заманауи қару қажет. Осы мақсатта басқарманың ұсынысымен және жергілікті биліктің қолдауымен бюджеттен қаражат бөлініп, «Iris», «Radix», «Cross», «Bluer» сынды соны аппараттық-бағдарламалық кешендер сатып алынды. «Аргус» кешенінің көмегімен биыл 84 қылмыс ашылды. Ал, «Кибербақылау» жүйесі арқылы 17 920 күдікті сілтеме анықталып, оның 3 мыңға жуығы бұғатталды.
Киберқылмыс іс-қимыл басқармасы тек қылмысты ашумен ғана емес, оның алдын алумен де белсенді айналысуда. Тәртіп сақшылары «Заң мен Тәртіп» жобасы аясында облыс бойынша 8 400-ден астам үйді аралап, мыңға жуық еңбек ұжымымен кездесулер өткізген. Қоғамдық көліктердегі аудио-сақтандырулар, көшелердегі 20 LED-экран, ірі сауда орталықтары мен банктерде орнатылған полицейлердің 25 макеті және 17 билборд – бұлардың барлығы азаматтарды сақтыққа шақырудың тиімді тәсілдері. Сонымен қатар, «дропперлер» туралы түсірілген деректі фильм жастар арасында киберсауаттылықты арттыруға бағытталған.
Мамандардың айтуынша, ең сенімді қорғаныс – «Egov mobile» қосымшасы арқылы банк қарыздарынан өз еркімен бас тарту. Бүгінде еліміз бойынша 12,5 миллионнан астам адам осы мүмкіндікті пайдаланған.
– Әрбір ашылмаған қылмыс бойынша департамент бастығы полиция полковнигі Нұрсұлтан Маратұлы Мұқашев апта сайын аумақтық бөлініс басшыларының есебін тыңдайды. Өйткені, киберқылмысқа қарсы күрес жұмыстары департамент бастығының жеке бақылауында және әр іс бойынша нақты міндеттер мен мерзімдер белгіленген. Дегенмен, киберкеңістіктегі қауіпсіздік – әр азаматтың жауапкершілігі екенін естен шығармаған жөн. Сондықтан, тұрғындарды барлық ескертулерге құлақ асып, сақ болуға шақырамыз, – дейді облыстық Полиция департаменті киберқылмыс іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция майоры Бекзат Назарова.
Киберкеңістік – үлкен мүмкіндіктер ғана емес, сонымен бірге үлкен қауіптер алаңы. Тәртіп сақшылары қаншалықты қырағы болғанымен, әрбір азамат өзінің цифрлық қауіпсіздігіне жауапты екенін сезінуі тиіс. Есіңізде болсын, алаяқтардың басты қаруы – сіздің аңғалдығыңыз, ал, сіздің қаруыңыз – білім мен сақтық.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттер: Ақмола облысы полиция департаменті киберқылмыс іс-қимыл басқармасынан.
![]()

