САЛАМАТТЫ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстанда заңсыз қаржылық қызметтің ең қауіпті түрі болып саналатын қаржы пирамидасын құрушылардың заңсыз әрекеті қаншама рет әшкереленсе де, алаяқтықтың бұл түрі тоқтар емес. Көзі қарақты адамдардың өзі алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатқанын уақыт өткен сайын жиі естіп жүрміз.
Қаржы пирамидалары – бұл жаңа қатысушылар өз ақшаларын жоғары пайда уәдесімен инвестициялайтын алдау жүйесі. Көбінесе пирамидалар инвестициялық компания ретінде жасырылады, бірақ салымшылардың ақшасы ешқандай нақты инвестициялық жобаларға немесе бағалы қағаздарға салынбайды.
Қаржы пирамидалардың белгілерін көре тұра алаяқтардың құрығына түсіп қалып жатқандардың санында шек жоқ. Уәде етілген жоғары пайыздық мөлшерлемелердің тартымдылығы тіпті қаржылық сауаты жоғары салымшылардың өзін соқыр етуі мүмкін.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 28 қаңтардағы Жарлығымен Қаржылық мониторинг агенттігі құрылған болатын. Жаңа ведомствоның алдына қойылған басты мақсат қаржылық барлаудың тиімділігін арттыру және көлеңкелі экономикаға, оның ішінде қаржы пирамидаларының жолын кесуге бағытталған жұмысты күшейту болып табылады.
Қаржы пирамидалары – уақыт өтсе де жойылмайтын қауіп. Олардың саны жыл сайын өзгеріп отырғанымен, бұл мәселе әлі де өзектілігін жойған жоқ. Бір пирамида жабылса, оның орнына «тез әрі оңай олжаға кенелтеміз» деген уәдемен екіншісі пайда болады. Өкінішке қарай, осындай алдамшы жарнамаларға сенген азаматтар жыл сайын орасан зор қаражатынан айырылып жатады.
Ақмола облысындағы жағдайға тоқталар болсақ, соңғы екі жылдың ішінде Экономикалық тергеу департаменті Ақмола облысының аумағында 11 қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшелерін жойды. Тергеу барысында анықталғандай, аталған пирамидаларға 4 мыңнан астам адам қатысқан, салынған салымдардың жалпы сомасы 1 миллиард теңгеден асады.
Қаржы пирамидаларының құрығына ілінгендердің саны мен шығын көлемі нақты деректерден-ақ көрініп отыр. Мәселен, департамент қызметкерлері 2024 жылдың сәуірі мен 2025 жылдың қаңтары аралығында Щучинск, Степногорск және Атбасар қалаларында қаржы пирамидаларының бірінің құрылымдық бөлімшелерін ұйымдастырған 12 адамды әшкереледі. Бұл заңсыз схемаға біздің өңірімізден 2 мыңға жуық адам тартылып, олардың салған салымдарының жалпы сомасы 980 миллион теңгеден асып жығылған.
– Бүгінгі таңда 6 қылмыстық іс бойынша қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға қатысты сот үкімі шығып, олар тиісті жазаларын алды. Қалған істер қазіргі уақытта сотта қаралуда немесе аяқталу сатысында. Бұған қоса, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қаржы пирамидаларын жарнамалаған 5 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, – дейді Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Сәкен Мұшағалиев.
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басты міндеттерінің бірі тек кінәлілерді жазалау ғана емес, заңсыз жолмен алынған қаражатты қайтару. Қылмыстық істер аясында күдіктілердің шамамен 200 миллион теңге сомасындағы мүлкі мен ақшалай қаражатына арест қойылды, соның ішінде 2 пәтер, 2 автокөлік, автотұрақ орны, жер учаскесі, гараж тәркіленді. Бұл шаралардың барлығы зардап шеккен азаматтарға келтірілген шығынды барынша өтеуге бағытталған.
Қаржылық мониторинг органдары қылмысты ізін суытпай ашумен қатар, оның алдын алу жұмыстарына да ерекше көңіл бөледі. Департамент мамандары күмәнді инвестициялық жобаларды насихаттайтын, оған қатысуға шақыратын заңсыз аккаунттар мен чаттарды, сондай-ақ сайт сілтемелерін бұғаттау шараларын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
Ағымдағы жылдың басынан бері Ақмола облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері әлеуметтік желілерде қаржы пирамидаларына тиесілі 8 чат пен аккаунтты жойды. Айта кетерлігі, бұл топтарда 1 953 қатысушы тіркелген болатын. Сонымен қатар, қаржы пирамидаларының қызметін жарнамалаған 875 заңсыз контент пен сілтеме бұғатталды.
– Қазіргі таңда алаяқтар өздерін ірі инвестициялық кәсіпорын ретінде таныстыруға тырысады. Олар халықты қызықтыру үшін неше түрлі қызықтыратындай атауларды ойлап табады. Мысалы, «Болашағы зор бизнес», «Жоғары технологиялық компания», «Инновациялық жоба» тәрізді атауларды пайдаланады. Олар азаматтарға акциялар мен облигацияларды, криптовалюта мен жылжымайтын мүлікті сатып алуды ұсынады. Ақшаңызды «аса табысты» құрылысқа, ауыл шаруашылығына, алтын өндіруге немесе IT-стартаптарға саламыз деп уәде береді. Жалпы, төмен тәуекелмен тым жоғары табыс уәде етілсе, бұл алаяқтықтың алғашқы белгісі, – дейді жоғарыда аталған департамент басшысының орынбасары.
Қаржы пирамидаларының айла-шарғысына түсіп қалмаудың ең тиімді жолы – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Сондықтан, бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар қаржылық мониторинг органдарының басым міндеттерінің бірі болып қала береді.
Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру мақсатында аталмыш департамент ауқымды профилактикалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыруда. Өңірдегі мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерінен бастап, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттеріне дәрістер оқып, мектеп оқушыларына арналған ашық сабақтар ұйымдастыруда. БАҚ беттерінде және танымал блогерлердің сайттарында өзекті мақалалар жарияланып, қала көшелеріндегі LED-экрандарда «Қаржы пирамидалары», «Дропперлік», «Цифрлық гигиена» және «Интернет-алаяқтық» тақырыптарында ақпараттық бейнероликтер көрсетіледі. .
Сонымен қатар, департамент мамандары облыс көлемінде жоғары оқу орындары арасында қаржылық сауаттылық бойынша ауқымды Олимпиада және «XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» атты форум өткізген. Бұл шараларға 300 мыңнан астам адам қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтардың қауіпсіздігі үшін арнайы цифрлық құралдарды іске қосты. Енді кез келген адам «Байқа, Пирамида!» телеграм-боты арқылы компанияның сенімділігін тексере алады, «АФМ-инсайдер» боты арқылы қаржылық айла-шарғылар туралы хабарлай алады. Бұдан бөлек, халықтың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде көтеру үшін «Аманат» партиясымен бірлесіп, «Қарызсыз қоғам» жобасы белсенді жүзеге асырылып жатқаны белгілі.
–Ақмола облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті аймақтағы жағдайды тұрақты түрде бақылап отырады. Біздің басты мақсатымыз – қаржы пирамидаларын бастапқы кезеңде анықтап, олардың жолын кесу. Осылайша, біз мүмкіндігінше көп азаматты және олардың жиған-терген қаражатын алаяқтардың құрығынан сақтап қалуға тырысамыз, –дейді департамент басшылығы.
Агенттік пен оның өңірлік департаменттері тұрғындарды сақ болуға және күмәнді ұйымдарға ақша салмас бұрын олардың заңдылығын тексеруге шақырады.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
“Арқа ажарының” өз тілшісі.
![]()

