«Сәкен» фильм-концерті көрермен көңілінен шықты

ПРЕЗИДЕНТ БАСТАМАЛАРЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында сөйлеген сөзінде «Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни, негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр.

Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан, жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн. Сондай-ақ, жақсы мысалдар да бар» деп атап көрсеткен болатын.

Мемлекет басшысы назар аударған кинодағы осы жетістіктерімізге  соңғы кездері экранға шыққан «Ахмет», «Міржақып», «Шәмші» фильмдерін қосуға болар еді. Енді міне, бұл айтулы кино туындылардың қатарын таяуда Сәкен Сейфуллиннің өмірі мен шығармашылығы жайлы түсірілген «Сәкен» фильм-концерті де толықтырып отыр. Бұл ерекше кинокартинаны көрермендер жаңадан пайдалануға берілген «РИО» сауда-ойын орталығындағы кинозалда тамашалады. Фильмнің көрсетіліміне Ақмола облысының әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар  кеңесінің мүшесі Жабал Ерғалиев, өзге де мемлекеттік органдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында фильм көрсетіліп, көрермендерге ақынның әдеби мұрасы мен өмірлік жолын тереңірек тануға мүмкіндік берілді. Фильм-концерт жанрының басты ерекшелігі – оның көркем кино, деректі фильм және театр элементтерін ұштастыруында. Мұнда ән де, әсерлі актерлік ойын да, тарихи желі де бар. Бар сұлулықты паш еткен бұл эстетикалық туынды Сәкен әлемінің сұлулық әлемі екенін айқын көрсетеді. Сонымен қатар, фильмде бұрын-соңды халыққа беймәлім болып келген Сәкен Сейфуллиннің шынайы бейнесі алғаш рет көрініс тапқан.

Ерекше туынды жас ғалымның мемлекет қайраткері, ақын әрі композитор Сәкен Сейфуллиннің мұражайына келуінен бастау алады. Мұражай қабырғасында ілініп тұрған портретке ғалымның көзі түскен сәтте, кенет бейнеге «жан бітіп», экранға ақ боз ат мінген ақын шыға келеді. Осы сәтте фонда дәстүрлі әншінің орындауындағы Сәкеннің әйгілі «Тау ішінде» әні қалықтайды.

Көрермен бірден асқар тау, айдын көл мен ақ қайыңдар көмкерген көркем табиғат аясына еніп кетеді. Жас Сәкен мен сұлу қыздың арасындағы махаббат сахнасы әуезді әнмен әдемі үйлесім тапқан. Әсіресе, ақынның туған жері Ор тауының баурайындағы кадрлар көрерменді ерекше әсерге бөлейді. Одан әрі сюжет «Біздің жақта» әнімен жалғасып, туындының эстетикалық мазмұнын байыта түседі. Картинаның басты жаңалығы – тың ақпарларды аша білуі. Көрермен санаулы минутта тарихи тұлға туралы мол ақпарат алып қана қоймай, эстетикалық ләззатқа бөленеді. Бір эпизодта қазақ халқының қасіретті тағдыры «Ақсақ киік» күйінің мұңды сазымен астасып жатса, енді бір сәтте Сәкеннің «Көкшетау» әні көп дауыста шырқалып, экраннан қазақ даласының ғажайып сұлулығы мен табиғаты көрінеді.

– Фильмнен қатты әсер алдым. Ара-арасында көңілімізді де босатып жіберді. Сәкен туралы көп ақпарды мектеп бағдарламаларынан да білемін. Осы кино арқылы білімімді толықтыра түстім, – дейді Жаннұр есімді Көкшетаудағы мектеп оқушысы.

Бұған қоса, фильмде бір жылда туып, бір жылда, тіпті бір тәуліктің ішінде өмірден өткен үш арыс – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің бейнелері сомдалған. Олардың күрделі тағдырлары әсерлі кадрлар арқылы беріліп, тарихи шындықтың беті ашылады. Фильм соңындағы иесіз қалған үш ақ боз аттың көрінісі – осы бірегей тұлғалардың қасіретті тағдырын бейнелейтін көркем символ іспетті. Саяси тұтқынның азапты күндері «Бабаларым» әні арқылы жан түршігерлік азаптаулармен жалғасады. Сәкеннің соңғы сәтінен кейін «Көкшетау» әні көп дауыста айтылып, Бурабайдың ғажап табиғатын шарлап жүрген ақынның рухы көрініс табады.

Талантты актерлер мен әншілер өнер көрсеткен бұл туынды – қазақ кино өнеріндегі елеулі оқиға!

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
“Арқа ажарының” өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар