Басты ұстаным – шәкірттерімізді «толық адам» іліміне бағыттау

ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ

Еліміздің рухани және кадрлар әлеуетін арттыру ісінде орта білім беру жүйесі өте маңызды рөл атқарады деп атап көрсеткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында. Көкшетауда ұлттық руханият пен ана тіліміздің жандануының қара шаңырағына, гуманитарлық білім берудің негізгі ордасына айналған білім ұясы бар. Ол осыдан бес жыл бұрын «Абай мектептері» желісіне кірген Ақмола облысындағы Абай атындағы (қазақ тілінде оқытатын) дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаты.

Озық ойлы, ұлтжанды жеке тұлғаны тәрбиелеу, жас ұрпақты «Толық адам» іліміне бағыттау, сондай-ақ, Абайдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста. Сонда толық боласың елден бөлек», – деген тұжырымдамасы білім ордасының басты миссиясы. Ендеше, ұлттық құндылықтар мен Абай іліміне негізделген заманауи білім беруді қамтамасыз ету білім ұясындағы оқытушылардың басты ұстанымы.

Білім ордасының іргетасы 1963 жылы мектеп-интернат болып қаланып, өңірдің аудан-қалаларынан келген дарынды оқушыларына қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқыту бағытында білім берді. 2006 жылы «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы желісіне, ал 2020 жылдан бастап «Абай мектептері» желісіне қосылды. Оның білім беру бағдарламалары қазақ тілі, қазақ әдебиеті және абайтану пәндерін тереңдетіп оқытуға бағытталған.

«…Біз ана тіліміз бен төл әдебиетіміздің қадір-қасиетін балаларға мектеп жасынан бастап сіңіруіміз керек. Бұл бағытта бірыңғай ұстаным қажет» деген еді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде абайтанушылармен өткен бір кездесуінде. Содан еліміздің 12 мектебінде гуманитарлық бағыттағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектептерді заманауи талапқа сай жан-жақты жетілдіріп, «Абай мектептері» желісін құруға тапсырма берілді. Осы тапсырма аясында облыста қазақ тілі мен әдебиеті пәнін тереңдетіп оқытатын біздің мектеп-интернаттың оқу бағдарламасын бейімделуге сәйкес келді. Қазір біз Алматыдағы Абай атындағы республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатымен, яғни осы мектептердің орталық базасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олар белгілеген оқу-әдістемелік кешен, тәжірибе тарату жұмыстарын негізінде жұмыс істейміз.

Қазіргі уақытта білім ордасы оқушыларға сапалы, заманауи және құндылыққа негізделген білім беру мазмұнын қамтамасыз етіп, оқу процесіне жасанды интеллект, робототехника, цифрлық білім ресурстарын енгізуде, оқу пәндерін оқытуда Абай ілімін және ұлттық мәдени мұраны кіріктіре қарастырады, оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау, зерттеу жүргізу, өздігінен білім алу дағдыларын дамытады. Осылайша, тәжірибеде «Толық адам» ілімін негізге ала отырып, оқушылардың адамгершілік-рухани құндылықтарын қалыптастырамыз, ұлттық мәдениет пен дәстүрді құрметтеуге тәрбиелейміз, олардың бойындағы патриоттық, елжандылық пен жауапкершілік сезімдерін нығайтуға басым назар аударамыз.

Білім ордасында оқытудың екі бағыты – қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттар бойыша білім береді. Сондай-ақ, «Жетістікке жол», «IQ ДОДА» қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы зияткерлік, 9-11 сынып оқушыларына арналған «Brain ring» зияткерлік жобалары да білім берудің негізгі бағыттарына енгізілген.  Мектепте әдеби-танымдық бағыт бойынша «Шешендік өнер» үйірмесі, «Абай тағылымы» әдеби-танымдық клубы, «Өнегелі кездесу», «Абай ізімен», «Speaking Club» жобалары да жұмыс істейді. Оқушыларға ұлттық тәрбие беру бағытында «Ұлттық киім күні», «Абай үні», «Балалар театры», «Мейірім» еріктілер, «Бір үйдің баласындай», «Көшбасшылар мектебі» жобалары мен «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы бар.

«Абай мектептері» желісіне кіретіндіктен, оқу орнының білім бағдарламасына сай пәндердің басым көпшілігі Абай шығармашылығымен байланыстырыла оқытылады. Біздің білім ордамыз  бен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті арасындағы дуалді оқыту саласында өзара ынтымақтастық туралы бірлескен меморандум жасалған.

Біз  білім  саласында, ұзақ жылдар  бойы ең әуелі білім, сосын ғана тәрбие деген авторитарлы педагогика принципі призмасымен қарап келгеніміз рас. Ал, әлемнің озық елдерінде ең бірінші тұлғатану тұжырымдамасына көшіп «индивид + тұлға» эволюциялық диалектикалық жүйеге  бет  бұрғандықтан, білімде зор нәтижеге жетіп отыр. Өйткені, кез келген мемлекеттің саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік,  идеологиялық табыстылығын тек тұлғалар ғана жасай алады. Енді осыған байланысты Қазақстан  Республикасының білім беру саласында соңғы 4-5 жыл көлемінде  «құндылықтар»,   «ұлттық  құндылықтар  жүйесі»  деген  педагогика ғылымының тәрбие құрылымы алдыңғы қатарға шығып, түрлі жобалар іске асырылуда.  Яғни,  шетелдік  тәжірибе  емес, өз ортамызға,  өзіміздің  төл рухани дүниемізге қайтып оралу арқылы нәтижеге жетеміз деп, «Абай  шығармашылығы – қазақ  баласының өмір сүруінің формуласы» деген көзқарас  дүниеге  келді  десем,  қателескенім емес.

Мектебімізде «Абай тағылымы»  жобасын жүзеге асыруда тереңдетіле оқытылатын пән мұғалімдері, шығармашылық бағыт және үйірмелер мен «Абай»  клубы  мүшелері, жалпы  ұжым  бірлесе жұмыс жасайды. Әр сыныптың  төрінен орын алған «Бес асыл іс» қағидасы оқушы танымын арттырады.  Әрине, оқушыларымыздың санасында құндылықтар жатталса,  ғұмырына азық болары сөзсіз.

Ал, Абай шығармаларын түсініп оқыту, жаттату арқылы біз тіл категориясының тәрбиедегі рөлін ашық мойындағанымыз.  Өйткені, құндылықтар   тұжырымдамасы   туралы  сөз  етер  болсақ,  оның  ең  асыл  әрі қажеттілігі  зоры –  тіл  категориясының  құндылығы.

Білім ордасында Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ағылшын тілі және оқыту әдістемесі кафедрасының филиалы ашылды, шетелдік еріктілермен онлайн-оффлайн-сессиялар тұрақты ұйымдастырылады. «Advanced English Speaking Club» жобасы – оқушылардың ағылшын тілін меңгеруін жеделдететін, олардың тұлғалық дамуына әсер ететін тиімді алаң. Жоба арқылы оқушылар әлемдік білім мен мәдени кеңістікке еркін қадам басады.

Әр оқу жылында «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты оқу – тәрбие үрдісінде  «Ыстық қайрат» бойынша спорттық іс-шаралар мен марафондар. «Нұрлы ақыл» пән сабақтарында Абайдың «Толық адам» іліміне бағытталған сабақтар өткізіледі, сондай-ақ TEDx  форматта «Абайдың қара сөздерін» айту, «Ғылым әлемін ашамыз» ғылыми-зерттеу сайыстары, «Жылы  жүрек» бойынша қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады.

Мектебіміздің өрендері білім бәсекелерінде топ жарып, аймақ абыройын еселеуде. Атап айтар болсақ, оқушымыз республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобаларға қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Солардың ішінде Араужан Жүнісова, Зерде Бегзан, Ақерке Дүйсенбек, Мадияна Базарқұл, Томирис Қабақбай, Анар Жанұзақ, Фариза Шаменова, Нұрсәуле Арын, Жансая Маратова, Қарлығаш Құлшымбек, Әлима Сейсен секілді бірқатар оқушыларымыз түрлі республикалық ғылыми жобалар мен шешендік өнер байқауларының, Абай оқуларының, қазақ тілі мен әдебиетінен пән олимпиадаларының жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатарында.

Абай – қазақ руханиятының алтын қазығы, ғұлама биігіне көтерілген тұлға. Абайдың әдеби мұрасын өмір сүру қағидасына айналдыру кейінгі буынның міндеті. Абайдың шығармашылығы – қазақ баласының өмір сүруінің формуласы. Шығармашылығы – шамшырақ, тұлғасы – темірқазық. Міржақып Дулатұлының сөзімен айтқанда: «Ең жоғары, ардақты орын Абайдікі, қазақ халқына сәуле беріп, алғашқы атқан жарық жұлдыз – Абай».

Бүгінгі ұрпақ Абайдың ұлағатымен, ілімімен тәрбиеленуі тиіс. Мұны Президентіміз де ұдайы айтып келеді. Осы ретте, бізге қойылатын талап – ұлттық сипатымызды жоғалтпай, алға сенімді адымдар жасайтын буын тәрбиелеуге тамшыдай болсын үлес қосу. «Болашақ – жастардың қолында». Сапалы да саналы ұрпақ – еліміздің алға басудағы үміті, дүбірлі додада озып шығатын дүлдүлі. Осыған тамшыдан болсын, қосып жатқан үлесіміз, үміт-сеніміз ақталады деп сенеміз.

Анаргүл ҚҰРМАШЕВА,
Абай атындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық
мамандандырылған мектеп-интернатының директоры.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар