ПРЕЗИДЕНТ ТАПСЫРМАЛАРЫ
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында туризмді экономиканың «маңызды драйвері» ретінде атап өтіп, отандық курорттарды ұлттық брендке айналдыруды тапсырған болатын. Сонымен қатар, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында Мемлекет басшысы туризм аймақтардың дамуына серпін беретін салаға айналуы тиіс екеніне де тоқталды.
Ақмола облысы елдегі қысқы туризмнің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Біздің өңір қысқы маусымда демалуға арналған әртүрлі туристік нысандарды және дамыған инфрақұрылымды ұсынады. Аймақтың табиғи-климаттық жағдайлары қысқы спорт түрлерін, экологиялық бағыттарды және отбасылық демалысты белсенді дамытуға қолайлы. Жыл сайын қыс мезгілінде 600-ден астам туристік нысан келушілерді қабылдайды.
2024 жылы облысымызға келген туристер саны 1 миллион адамнан асты, оның ішінде 404,7 мың адам орналастыру орындарының қызметін пайдаланды. 2025 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында өңіріміздегі осындай орындарда қызмет көрсетілген адамдар саны 530 мың адамға жетіп, 31 пайыз өсім байқалды. Алдағы қысқы маусымда өңірге 300 мыңға дейін турист келеді деп күтілуде. Бүгінгі таңда Бурабай курортындағы қысқы маусымды ілгерілету және дамыту «Magic Burabay 2026» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Аталған тұжырымдамаға сәйкес жергілікті тұрғындар мен туристер үшін еркін кіруге болатын локациялар қарастырылған. Олар Бурабай кенті (ертегілер станциясы), Аютас жартасы (Бурабай көлі) және Burabayland. Бұл аумақтарда туристер қысқы белсенді демалыстың коньки мен шаңғы тебу, сноутюбинг пен қысқы сырғанақтар, қысқы жаяу маршруттар, треккинг және хаски иттерімен, сондай-ақ, атпен серуендеу бағыттары бойынша тамашалай алады.
Қысқы кезеңде Бурабай курорттық аймағында белсенді және отбасылық демалысқа арналған кең ауқымды қызметтер көрсететін түрлі орналастыру және демалыс нысандары жұмыс істейді. «Discovery Borovoe», «Atyrau Avenue», «Sultan Plaza», «Grand Hotel Burabay», «Terrassa Park», «Forest Camp», «Wyndham Garden Burabay», «Rixos Borovoe» және басқа да қонақүйлер шаңғы, коньки, қарда жүретін техникаларды жалға беру, сырғанақтарда сырғанау секілді қысқы ойын-сауық түрлерін ұсынады. Аталған орындарда коньки, шаңғы және шанамен сырғанау қызметтерінің орташа құны 2 000–3500 теңге аралығында, ал, квадроциклдерді жалға алу құны 10 000 теңгеден жоғары.
Ақмола облысының шипажайлары жыл бойы емдеу-сауықтыру және тұру қызметтерін көрсетеді. Қыс мезгілінде танымал шипажайлардың қатарында «Оқжетпес», «Жұмбақтас», «Щучинский» және басқалары бар. «Жұмбақтас» шипажайында коньки тебуге және хоккей ойнауға арналған үлкен ашық мұз айдыны жұмыс істейді.
«Қазақстандық Лапландия» кешені Бурабай курортындағы қысқы демалысқа арналған ең танымал нысандардың бірі болып саналады. Кешен хаски иттер жегілген шанамен серуендеуден бастап, қорқыныш бөлмесіне дейін әртүрлі ойын-сауық қызметтерін ұсынады. Мұнда балалар мен ересектерді қызықтыратын интерактивті аймақтар, жаңа жылдық фотолокациялар және отбасылық демалысқа арналған бағдарламалар ұйымдастырылған, Қысқы ойын-сауық қызметтерінің құны 3 500 теңгеден басталады.
Туристер курорттық аймақтағы ат спорты клубтарының қызметтерін де пайдалана алады. Мәселен, «Конный двор» және «Жеті Қазына» ат клубтары шанамен сырғанау, сондай-ақ, жылқы, пони, түйе және бұғылармен серуендеу қызметтерін ұсынады.
«Aqmaral» марал шаруашылығы да қыс мезгілінде баруға қызықты нысандардың бірі. Қонақтар бұл жерге тек панта емін алу үшін ғана емес, сонымен қатар шаңғы және шанамен сырғанау мақсатында да келеді.
Тау шаңғысы мен сноуборд әуесқойлары үшін Ақмола облысында әртүрлі күрделіліктегі трассалар мен арқан жолдары бар бірнеше тау шаңғысы базасы жұмыс істейді. Солардың ішіндегі ең танымалдарының бірі — «Elikti Park» тау шаңғысы кешені. Бұл нысан өз қонақ үйі мен мейрамханасына ие, арқан жолы, жабдықтарды жалға беру қызметтерін көрсетеді. Сондай-ақ, бастаушылар үшін кәсіби нұсқаушылардың оқыту қызметі қолжетімді. Арқан жолының құны сағатына 8 000 теңгеден, күніне 14 000 теңгеге дейін, ал, жабдықтарды жалға алу құны 7 000 теңгеден басталады.
«Orman Ski» кешені де тұру қызметін және қысқы белсенді демалыс түрлерін ұсынады. Алдағы уақытта мұнда шаңғы трассасын іске қосу жоспарланып отыр.
Зеренді курорттық аймағында қысқы туризм қызметтерін көрсететін бірқатар орналастыру нысандары бар. «Зерен-Нұр» санаторий-сауықтыру кешені тірек-қимыл аппараты, тыныс алу мүшелері, жүрек-қан тамырлары, ас қорыту, қан айналымы және жүйке жүйесі ауруларын оңалтуға бағытталған кең ауқымды медициналық қызметтер ұсынады. Белсенді демалыс түрлерінен шаңғы тебу, коньки, шана, тюбинг қарастырылған. Сондай-ақ, «Аврора Гарден», «Danel» демалыс аймақтарында да қысқы ойын-сауық түрлері қолжетімді.
Қысқы кезеңде курорттық аймақта жыл сайын Шаров атындағы шаңғы базасы жұмыс істейді, онда шаңғы мен тюбингті жалға алу қызметтері көрсетіледі.
Айта кету керек, қысқы туризм тек Щучинск–Бурабай және Зеренді курорттық аймақтарымен шектелмейді. Ақмола облысының басқа да аудандарында бұл бағыт белсенді дамып келеді. Мәселен, Қорғалжын ауданында жергілікті тұрғындар мен туристер арасында қысқы балық аулау кеңінен таралған.
Ақкөл ауданында да қысқы демалыс түрлері ұсынылады. Мұнда «Wyndham Residences Aqkol» қонақ үйі, «SHARZHUM» демалыс базасы, «Лагуна Ақкөл» демалыс аймағы сияқты 10-ға жуық орналастыру нысаны жұмыс істейді. Атап айтқанда, «SHARZHUM» белсенді демалыс пен спортты ұнататындар арасында танымал. Нысан қонақтар үшін мұз айдынын, сырғанақтар мен шаңғы трассасын іске қосуды жоспарлап отыр. Қыс мезгілінде мұнда балалар мен ересектерге арналған шаңғы жарыстарын өткізу көзделген.
Қосшы қаласында «TAU Park» және «Jailau Resort» демалыс базалары жұмыс істейді. «TAU Park» базасы тау шаңғысымен төмен сырғанау, тюбинг, атпен серуендеу, пейнтбол, садақ ату, қарда жүретін техникалармен серуендеу, сондай-ақ, монша қызметтері секілді қысқы ойын-сауықтың кең түрін ұсынады.
Аршалы ауданында орналасқан «Ozero» және «Beibarys» демалыс базалары да қонақтарды қабылдап, әртүрлі қысқы демалыс қызметтерін көрсетеді.
Целиноград ауданында «Balqaragai» және «Золотой Фазан» демалыс аймақтары орналасқан. Бұл нысандарда атпен серуендеу, квадроцикл, қарда жүретін техника және баггимен жүру, шана, шаңғы, коньки, тюбинг, «банан» аттракционы және пейнтбол қызметтері демалушылар үшін қолжетімді.
Табиғи ресурстардың, заманауи инфрақұрылымның және қысқы ойын-сауықтың кең ауқымының үйлесуі арқасында Ақмола облысы жыл бойы жұмыс істейтін туристік бағыт ретіндегі мәртебесін нығайтып, отандық және шетелдік туристер үшін тартымдылығын арттыра түсуде. Бұл Мемлекет басшысының отандық курорттарды ұлттық брендке айналдыру жөніндегі тапсырмасын орындауға белсене кірісудің нақты көрінісі десек, артық емес.
Андрей ПОДГУРСКИЙ,
Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы.
![]()

