Алдын ала болжам бойынша жазғы туристік маусымда Ақмола облысына келетін туристер саны артады және жыл ішінде шамамен 2 миллион адамға жетеді деп күтілуде.
Туристерді тартатын негізгі орталық дәстүрлі түрде Бурабай курорттық аймағы болады. Мұнда келушілерді қабылдауға арналған инфрақұрылым мен туристік нысандарды дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Туристік маршруттарды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта қолданыстағы он бағыт абаттандырылып, Жөкей көлі мен Ақылбай ауылы маңында екі жаңа маршрут ашылуда. Сонымен қатар, курорттың ішкі инфрақұрылымы да қарқынды дамып келеді. Бурабайда сегіз бақылау алаңы салынып, жаңа саябақ аймағы ашылды. Ұзындығы 30 шақырым болатын велосипед жолы тағы 10 шақырымға ұзартылып, 55 санитарлық-гигиеналық торап орнатылды.
Көлік қолжетімділігі бойынша да маңызды өзгерістер орын алуда. Осы айда Щучинск қаласындағы жаңғыртылған теміржол вокзалы пайдалануға беріледі. Вокзалдан жолаушылар тасымалын жайлы ұйымдастыру үшін жаңа автобус бағыттары іске қосылады.
Курорттың қонақ үй инфрақұрылымы да белсенді түрде дамытылуда. Шілде айында Mövenpick қонақ үй кешенін, ал, желтоқсан айында бес жұлдызды Radisson Blu Burabay қонақ үйін ашу жоспарланған. Сонымен қатар, бес жұлдызды Dolce by Wyndham қонақ үйінің құрылысы да жалғасуда, ал, шілде айында Holiday Inn Resort Burabay жобасы іске асырыла бастайды.
Бурабайдың жаңа келбетіне айналатын тағы бір жарқын жоба – заманауи конгресс-орталық. Қазіргі уақытта осыған байланысты жобалық құжаттама мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Курорттық аймақта демалушылардың қауіпсіздігін 40 полиция қызметкері және құрамында 123 «ақылды» камера бар заманауи интеллектуалды бейнебақылау жүйесі қамтамасыз етеді. Щучье, Бурабай және Үлкен Шабақты көлдерінде үш құтқару станциясы жұмыс істейді. Олар жазғы маусым кезеңінде күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілген.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

