Жазғы туристік маусымның басталуымен Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағына келушілер саны арта түсті. Тек өткен апталардың бірінде ғана ұлттық паркке дем алуға 70 мыңнан астам адам келген.
Туристер санының артуы Бурабайдың табиғи кешендеріне түсетін жүктемені де көбейтуде. Әсіресе, тынығушылар өздерінен кейін қалдырып кететін тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс мәселесі өткір тұр. Осыған байланысты ұлттық парк аумағында мемлекеттік инспекторлар мен тиісті бөлім қызметкерлері ерекше қорғалатын табиғи аумақ тәртібінің бұзылуын болдырмау және оның алдын алу мақсатында күнделікті рейдтер жүргізіп келеді.
Өткен демалыс күндерінің қорытындысы бойынша 10 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, автокөлік жолдарынан көлікпен бұрылып, орман алқабына кіргені және арнайы рұқсат етілмеген орындарға шатыр тіккені үшін айыппұл төледі.
Ұлттық парк өкілдері орман алқаптарына көлікпен кіру топырақ жамылғысы мен өсімдіктерге зиян келтіретінін, ал, арнайы белгіленбеген жерлерде шатыр тігу табиғи ортаға қосымша салмақ түсіріп, ерекше қорғалатын табиғи аумақтың жалпыға ортақ ережесін бұзатынын еске салады.
Бурабай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі келушілерді сапар бағыттарын алдын ала жоспарлап алуға, қажет болса, ресми туристік және пикник аймақтарын ғана пайдалануға, осы ретте, белгіленген тәртіп талаптарын сақтап, қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырады. Еліміздің басты курорттық аймағы Бурабайды, оның табиғатын сақтау әрбір турист, әрбір қонақтың жеке жауапкершілігінен басталатынын, керісінше жағдайда айыппұлдар мен басқа да қатаң жауапкершілік күтіп тұрғанын еске салғымыз келеді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.
![]()

