Ерте бізден кетсең де, жүректе мәңгі қалғансың!

Еске алу

Уақыт заңымен жылжи ағып, жыл артынан жылдар өтіп жатса да, менің әкеме деген  сезімім, әкемнің бейнесі, ұлым деп айтқан ақыл-кеңесі, әкемді сағыну жүрегімде мәңгі қалды. Әкемнің жұмыс басындағы апаттан қайтыс болғанына  30 жыл өтсе де, құран оқытып, зират басына барып, қол жайып,  бет сипауды тоқтатқан емеспін.

Менің әкем Серікбай Нұрханұлы Нұрханов 1948 жылы 20 қазанда Көкшетау ауданының «Раздольный» кеңшарының Жамбыл ауылында туды. Үйдің тұңғыш ұлы болды. Мектепті бітіріп Көкшетаудағы белді оқу орны – автомеханикалық техникумға оқуға түседі. Оқуда үздік болып, орта буынды инженер-механик мамандығымен бірге, жүргізуші куәлігін алып шығады. Әскер қатарына шақырылып,  Отан алдындағы міндетін абыроймен атқарып, елге оралып, бөлімшеде жүргізуші болып жұмысқа орналасады.

Елдегі мектепте ұстаздық қызметте жүрген анамызбен қол ұстасып, отбасын құрады. Содан өмірге үш бала – екі қыз және мен келдім. Біздің болашағымызды ойлап әкеміз бен анамыз сол кездегі аудан орталығы Краснояр селосына қоныс аударады. Әкем кеңшардағы  жанар-жағар май базасына меңгеруші қызметіне орналасады. Шаруашылық бөліп берген құрылыс материалдарынан кең, төрт бөлмелі үй тұрғызады. Үлкен апамды тұрмысқа ұзатып, немере сүйеді. Мен де мектепті бітіріп, әкем оқыған техникумға оқуға түстім. Қарындасым оныншы сыныпта оқитын. Әкем қолға алған істі ұршықша иіруші еді. Сол кездегі шаруашылық есеп жүйесімен жұмыс істегенде кеңшардың жанар-жағар май мәселесі оң жолға қойылды. Әкеме алыс-жақын  кеңшарлардан келіп, тәжірибе алмасып, жұмысын үйреніп жататын.

Әкемді көзі көргендер сиреп бара жатса да, әлі де еске алатындары жақсы сөздерін, ақадал ой-пікірлерін айтып жатады. Әкең өмірден өтсе де көзін көргендер аман болсын деген сөз бар ғой. Ондайда жан әкеміз үшін қуанып қаламыз. Апат айтып келмейді. 1996 жылдың желтоқсан айының 23-інде қоймадағы бензин құйылған үлкен цистерна жарылып, әкем мерт болды.

Осылай небары 48 жасында әкеміз Серікбай Нұрхановтан айырылып қалдық. Сол кезден бері қаншама уақыт өтсе де, әкемнің бейнесі мәңгілік жүректің төрінде тұрады. Бұл күнде әкеміздің өшпес өмірі 8 немере, 4 шөберемен жалғасып жатыр. Алла жазса, осы жылдың тамыз айында аяулы әкемізге құран оқытып, жарқын бейнесін еске алып, ағайын-туысқа ас беруді жоспарлап отырмыз.

Ерте бізден кетсең де,
Жүректе мәңгі қалғансың.
Бергелі жатқан дұғамыз,
Өзіңе әкешім, арналсын!

Еске алушы, соңында қалған ұрпақтарының атынан ұлы

Арман НҰРХАНОВ.

Астана қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар