Мал шаруашылығы шеберлері – канадалық мамандар келді

Озық тәжірибе

Жуырда Канададан Ақмола облысына жұмыс сапарымен TELUS Agriculture & Consumer Goods компаниясының өкілдері келіп, облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанмен бірге агроөнеркәсіптік кешеннің жай-жапсарымен танысты.

Канадалық меймандар бірінші кезекте Зеренді ауданында орналасқан ет бағытындағы жетекші кәсіпорындардың бірі «KazBeef» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Жұмыс сапарында мал шаруашылығын тың технологиялармен дамытып отырған ірі бордақылау алаңының жұмысы таныстырылды. Мұндағы жұмыс процесі, мал азығын дайындау мен күтіп-баптау жүйесі толықтай солтүстік америкалық озық тәжірибеге негізделген. Алаңдағы бірінші нысан – мал ұстайтын арнайы қоршаулар. Мұнда жалпы саны 40 қоршау бар, олардың сыйымдылығы 10 мың бас малдан асады. Басқа бордақылау кешендерінен басты айырмашылығы – мұнда тек өгіздер ғана ұсталады.

Кәсіпорынның ең үлкен мақтанышы – кадр мәселесінің шешілуі. Тұрақты әрі жоғары жалақының, жүйелі оқытудың арқасында мамандар бір жерде тапжылмай, сапалы қызмет атқарып келеді. Мұндағы малдың етті тез жинауы үшін бес сатылы арнайы тағам қоспасы қолданылады. Жаңадан келген жас бұзауларға бірден ауыр жемшөпті бермейді. Алдымен, бірінші сатыдағы жеңіл азық беріледі. Содан кейін біртіндеп екінші, үшінші, төртінші сатыға көшіріледі де, ең соңында фиништік рационға ауыстырады.

– Ауданның климатына қарамастан, мұнда малдың тәуліктік салмақ қосу көрсеткіші өте жоғары, орташа есеппен күніне 1160 грамм. Бұл теріскей өңірлер үшін өте жақсы нәтиже. Көбі малды 400-450 келіге дейін ғана бағып сатса, бұл кешен малды 550-600 келілік ірі салмаққа жеткізгенше ұстайды. Себебі, олардың жеке ет комбинаттарымен тікелей интеграциялық келісім-шарттары бар. Сондықтан да, малдың бордақылау алаңында өткізетін күндері де көбірек – 120 күннен 250 күнге дейін созылады. Америка мен Канадада малды бордақылау алаңына кем дегенде 300 келі салмақпен өткізеді. Себебі, ол елдерде жас бұзауды өсірушілер деп аталатын бөлек бизнес дамыған. Олар кішкентай бұзауларды 6 ай бағып, 300 келіге жеткізіп береді. Бізде мал алаңға көбіне 200-270 келі салмақпен кіреді. Егер бұзау тым кішкентай болып, анасынан жаңа айырылған кезде бірден қыс келсе, ол қатты стресс алады да, салмақты аз қосады. Ал, егер мал алаңға 300 келіден асып кірсе, оның өнімділігі бірден күніне 1,7 келіге дейін жетеді. Сондықтан, елімізде де ерте ме, кеш пе осы бордақылау алдындағы дайындық жүйесі толық қалыптасуы қажет, – дейді  «Kazbeef processing» серіктестігінің директоры Азамат Орынбаев.

Бордақылау алаңындағы мал тұқымы сан алуан. Кәсіпорындағы ірі қара саны 13 мың бас. Мұнда герефорд, симентал, ангус және канадалық ақбас сиырлар кездеседі.  Герефорд дегеніміз әлемдегі ең танымал ет бағытындағы сиыр тұқымы. Олар кез келген климатқа, әсіресе, қатты аязға және аптап ыстыққа өте тез бейімделеді. Симентал болса, өте ірі денелі, сүттілігі жоғары және еттілігі жақсы үйлесім тапқан мықты жануарлар. Бұл – сапалы мәрмәр етімен бүкіл әлемге танымал ең үздік ет бағытындағы мал. Ангустар көбінесе қара түсті. Бұқалары өте тез жетіледі.

– Малға тәуліктің соңында берілетін азықтың 80 пайызы таза арпадан, ал, 20 пайызы шырынды азықтан тұрады. Бұл сатылардың бір-бірінен айырмашылығы ішіндегі шырынды азық пен жемнің пропорциясында. Бұзау жаңа тамаққа бір айда үйреніп, содан кейін ғана негізгі бордақылау кезеңі басталады. Жем таратқыш машиналар да арнайы америкалық барабандармен жабдықталған. Олар жемді ішінде жақсылап араластырып, екі жаққа да бірдей шаша алады. Бұл кәдімгі трактормен салыстырғанда уақытты бірнеше есе үнемдейді. Біздің жеріміздің климаты өте құбылмалы, температура тез өзгеріп тұрады. Ірі қара мал үшін ең қауіпті нәрсе – аяз емес, екпінді суық жел. Жел тиген мал тез ауырып, өкпе ауруларына шалдығады, салмағын жоғалтады. Сондықтан, бордақылау алаңында табиғи орманның, қалың ағаштардың болғаны өте маңызды, – дейді  Азамат Орынбаев.

– Бүкіл әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ақуыз өндірісін арттыруға, мал денсаулығы мен өнімділігін жақсартуға, сондай-ақ, егін шығымдылығын көтеруге ғылымды, технология мен бағдарламалық жасақтаманы қолданудың орасан зор мүмкіндіктерін көріп, біліп отырған Қазақстанда, соның ішінде Ақмола өңірінде болу мен үшін үлкен мәртебе. Үздік мамандарымыз бен озық технологияларымызды әкеліп көрсетуге мүмкіндік бергендеріңіз үшін зор алғыс, – дейді TELUS Agriculture компаниясының вице-президенті Джон Янсен.

Аталған канадалық ұжым егін шығымдылығы мен өнімділігін арттыруға септігін тигізетін тыңайтқыштарды, сонымен бірге, топырақтың химиялық және биологиялық құрамын, тұқымдар мен дақылдарды зерттейді. Малдың қоректі жақсырақ сіңіріп, салмақ қосуына ықпал ететін компания Қазақстанға дәл осы технологияларды әкелуді асыға күтуде.

– Бұл аймақ Орталық Азияның нағыз астықты өңірі көрінеді. Ақмола облысындағы және бүкіл Қазақстандағы фермерлердің атқарып жатқан жұмыстары өте бағалауға тұрарлық. Біз Канада, Америка Құрама Штаттары және Еуропа сияқты әлемнің түкпір-түкпіріндегі көптеген ауыл шаруашылығы өндірушілерімен жұмыс істейміз. Менің Қазақстанда байқағаным, мұндағы ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыруға деген ұмтылыс пен ынта-жігер өте ерекше, – дейді  Джон Янсен.

Сондай-ақ, делегация Ақкөл ауданындағы «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды. Мұнда жемшөпке арналған жоғары технологиялық фотосепаратор, яғни, оптикалық сұрыптау машинасы енгізілген. Бұл аппарат малға берілетін жемнің тазалығы мен қауіпсіздігін бұрын-соңды болмаған деңгейге көтеруге мүмкіндік беріп отыр.

Мұндай заманауи сүзгінің бордақылау кешені үшін пайдасы орасан зор. Біріншіден, бұл малдың денсаулығын қорғауға көмектеседі. Әсіресе, жаңадан келген жас бұзаулардың асқазан-ішек жолдарының бұзылуының және улануының алдын алады. Екіншіден, дәнмен бірге келетін ұсақ тастар мен темір-терсекті дер кезінде ұстап қалу арқылы жем тартқыштардың қымбат пышақтарын сынудан сақтап, техниканың ұзақ жұмыс істеуіне кепілдік береді. Сондықтан, сапалы әрі қауіпсіз ет өнімін алуға мүмкіндік туады.

Жаңадан бой көтеріп жатқан заманауи тауарлы-сүт фермасының басты ерекшелігі, мұнда адам күші барынша азайтылып, сауын процесі толықтай автоматтандырылған. Кешенде сиырлардың еркін қозғалуына және өздігінен азықтануына барлық жағдай жасалған. Сауыннан шыққан мал бірден жемшөп жейтін орынға барып, суын ішіп, содан кейін демалуға жата береді.

– Малдың денсаулығы мен сүт өнімділігін бақылау үшін әр сиырдың мойнына арнайы электронды қарғыбау тағылады. Сауын уақыты жақындағанда мал орталық қақпаға қарай бет алады. Бұл жердегі ақылды жүйе қарғыбаудағы чип арқылы сиырдың нөмірін анықтап, оның саууға дайын екенін біледі де, автоматты түрде есікті ашып, ішке өткізеді. Сауын бекетінде сиырларды төрт бірдей заманауи робот аппарат күтіп тұрады. Мал сауу кезінде мазасызданбай, тыныш тұруы үшін әр аппараттың ішіне арнайы жем беретін автоматты жүйе орнатылған. Сиыр роботтың ішіне кірген сәтте, жүйе оның нөмірін тағы бір мәрте нақтылап, автоматты механикалық қол алға қарай жылжиды. Бұл сиырдың пішініне дәл келетін, әр бөлігіне арналған төрт бірдей арнайы сауын стақандарымен жабдықталған. Осылайша, ешқандай адамның көмегінсіз, тазалық талаптарын жоғары деңгейде сақтай отырып, автоматты сауу процесі жүзеге асырылады. Бұл технология сүттің сапасын арттырып, малдың стресс алмауына септігін тигізеді, – дейді жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының орынбасары Сағжан Рақышев.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар одан әрі ынтымақтастық көкжиегі мен іскерлік байланыстарды кеңейту мүмкіндіктері жөнінде пікір алмасты.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Зеренді, Ақкөл аудандары. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар