ЖОЛДАУ ЖОЛДАРЫМЕН
Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде Мәлік Ғабдуллин музейінің ұйымдастыруымен әдебиеттанушы-ғалым, ақпарат саласының үздігі Асылбек Байтанұлының «Мәлік Ғабдуллин. Ғибратты ғұмыр» атты кітабының салтанатты тұсаукесері өткізілді. Оқу орнының «Шоқантану» залында өткен тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, ұстаздар, музей қызметкерлері және студенттер қатысты.
Көкшетау жұртшылығына Асылбек Байтанұлының есімі жақсы таныс. Ол ұзақ жылдар бойы Мәлік Ғабдуллин музейінде қызмет атқарып, қазақтан шыққан тұңғыш Кеңес Одағының Батыры, академик, профессор, филология ғылымдарының докторы, көрнекті фольклортанушы ғалым Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен ғылыми мұрасын зерттеп, насихаттауға бар күш-жігерін арнаған қаламгер. Батыр тұлғаның тағылымды ғұмырын, елдік пен ерлікке толы өнегесін кейінгі ұрпаққа жеткізуді азаматтық парыз санаған ғалымның бұл кітабы – сол көпжылдық ізденістің нәтижелі жемісі екені даусыз.
Жаңа жарық көрген танымдық еңбекке автордың Мәлік Ғабдуллин туралы ғылыми-зерттеу мақалалары, публицистикалық толғамдары, музейде қызмет істеген жылдардағы іссапарларынан туған баяндамалары мен естеліктері енген. Көлемі 14 баспа табақтан тұратын бұл кітапта батыр-ғалымның өмірі мен шығармашылығы тарихи деректер негізінде кеңінен қамтылып, тұлғаның адами болмысы, ғылыми мұрасы терең ашылады.
Шараның модераторы, Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Қонқаев жиынды ашып, қонақтарды таныстырып, автордың музей қабырғасындағы қажырлы еңбегіне ерекше тоқталып өтті. Ол Асылбек Байтанұлының Мәліктану ғылымының дамуына қосқан үлесін атап өтіп, бұл еңбектің бүгінде маңызы зор екенін, жас мәліктанушылар үшін де таптырмас әдебиет екенін жеткізді.
Құттықтау сөз сөйлеген жазушы-драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиұлы да кітапты Мәліктану ғылымындағы ұзақ жылдарға созылған табанды ізденістің, терең ой мен қажырлы еңбектің нәтижесі деп бағалады. Сонымен қатар, ол кітап авторына Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың Алғыс хатын табыс етті.
Жиында қоғам қайраткері Мұрат Ыдырысұлы, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Ардақ Қайыржанұлы, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының әлеуметтік-гуманитарлық пәндер, тілдер және психологиялық дайындық кафедрасының профессоры, азаматтық қорғау полковнигі Сандуғаш Кенжебекқызы сөз сөйлеп, авторға жүрекжарды лебіздерін білдіріп, сый-сияпаттарын тарту етті. Көкшетаулық достары қаламгердің иығына шапан жауып, ақ тілектерін арнады.
«Мәлік Ғабдуллин. Ғибратты ғұмыр» кітабының тұсауын Жабал Ерғалиев, Мұрат Ыдырысұлы, Аманжол Есмағұлов кесіп, ақ баталарын берді. Осылайша, тағылымы мол еңбек қалың оқырманға жол тартты.
Тұсаукесер барысында сөз алған кітап авторы Асылбек Байтанұлы бұл күннің өзі үшін айрықша қуанышты әрі тарихи сәт екенін атап өтті. Ол еңбектің жарық көруіне қолдау көрсеткен Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры Мұхаммед Қонқаевқа, музейдің ғылыми қызметкерлері Майра Шаяхметқызына, Жанат Жаңбырбайқызына, Аягөз Мұратқызына, сондай-ақ, қаржылай қолдау білдірген меценат, ұлт жанашыры Жасұлан Мадимұхаметовке шынайы алғысын жеткізді.
Сонымен қатар, жыл соңындағы қарбаласқа қарамастан, тұсаукесерге қатысып, ізгі тілектерін білдірген ел ағалары мен әріптестеріне, оқу орындарының басшылары мен оқытушыларына, музей саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне, ақын-жазушыларға, өнер иелеріне, достарына және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне ризашылығын білдірді.
– Мәлік Ғабдуллиннің өнегелі өмірі мен ғылыми мұрасын танытатын дүниелер әлі де көптеп жарық көреді. Осы игілікті іске шамамыздың келгенінше үлес қоса береміз. Ер даңқын асқақтатар еліміз аман болсын! – деді автор өз сөзінде.
Содан соң университет қабырғасындағы Мәлік Ғабдуллин атындағы клуб мүшелері Төлеген Қажыбай мен Қапан Сатыбалдының батырға арналған арнау өлеңдерін нақышына келтіре оқып, кеш көркін аша түсті. Сөйтіп, шара дәстүрлі әнші Мұрат Әлібидің орындауындағы «Көкшетау» әнімен қорытындыланды.
Қорыта айтқанда, «Мәлік Ғабдуллин. Ғибратты ғұмыр» атты бұл еңбек – Мәліктану ғылымына қосылған құнды қазына, қазақ әдебиеті мен ұлттық руханияттың дамуына сүбелі үлес. Батырдың ерлікке толы өмірі мен ғалымдық жолын насихаттайтын мұндай еңбектер жас ұрпаққа елдік пен отансүйгіштіктің жарқын үлгісі болары сөзсіз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.
![]()

