Президент шыршасы шат-шадыман шаттық болып, балғындар жүрегін баурады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан ұйымдастырылған балалардың Жаңа жылдық шырша мерекесі Қазақстанның барлық өңірлерінде өтті. Көкшетауда Президент шыршасы Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен «Болашақ сарайында» ұйымдастырылып, оған аудандар мен қалалардан 9-13 жас аралығындағы 200 бала жиналды.

Салтанатты шарада облыс әкімі Марат Ахметжанов ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бүлдіршіндер мен көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды, сондай-ақ, оқуда, спортта және қоғамдық өмірде айрықша жетістіктерге жеткен дарынды оқушыларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтады.

Мерекелік көңіл-күй әсем ғимарат табалдырығынан басталды. Далада балаларды сүйікті мультфильм кейіпкерлері қарсы алып, оларды «Болашақ» сарайының ішіндегі сиқырлы әлемге бастап әкелді. Облыс әкімі келгенге дейін бүлдіршіндер үшін «Сәлем, Жаңа жыл!» атты қызықты ойын бағдарламасы ұйымдастырылды. Мерекенің шымылдығы «Сиқыр әлеміне қош келдіңіз!» атты кіріспе бөліммен ашылып, кішкентай көрермендер назарына театрландырылған ертегі қойылымы ұсынылды. Бағдарлама аясында шыршаны жағу рәсімі, мерекелік хор және ертегі қойылымдары өтті.

– Бүгін Президентіміздің ғажайыпқа толы Жаңа жылдық шыршасына қатысып жатырсыздар. Еліміздің болашағы – сіздерсіздер. Балалар бар жерде әрқашан береке мен қуаныш бар. Ең бастысы, сіздердің жақсы білім, лайықты тәлім-тәрбие алуларыңыз. Осы мақсатта біздер, ересектер, жаңа мектептер ашып, заманауи спорттық кешендер саламыз. Сіздердің алдарыңызда үлкен өмір жолы ашық. Тек өздеріңізге және армандарыңызға сеніп, еліміздің мақтанышы, білімді азамат болып қалыптасу үшін күш-жігерлеріңізді салуларыңыз қажет. Сонда барлық армандар орындалады. Бүгінгі мереке сіздерге ертегідей ғажайып сыйлап, алдағы жыл тек жақсылықтар әкелсін, – деген облыс әкімі Марат Ахметжанов балаларды Мемлекет басшысының атынан құттықтап, оларға зор денсаулық пен оқуда табыс тіледі.

Сахна төрінде Аяз ата мен Ақша қар пайда болғанда, балалардың қуанышында шек болмады. Бұл жолы жаңа жылдық шыршаның бір ерекшелігі, заманауи технологиялардың қолданылуы болды. Балалар лэд-экран арқылы көрсетілген жұмбақтарды шешіп, ертегі кейіпкерлерін табу арқылы логикалық ойындарға белсене қатысты.

Степногорск қаласынан келген 6-сынып оқушысы Дина Нұрахмет осындай деңгейдегі жаңа жылдық шараға алғаш рет қатысып отыр. Ол мереке үшін шыршаның басты кейіпкері – Ақшақар костюмін таңдапты.

– Көкшетауда бізді өте жақсы қарсы алды. Бүгінгі шырша бізге шынайы мерекелік көңіл-күй сыйлады. Баршаңызды келе жатқан жаңа жылмен құттықтаймын және жақсылықтар тілеймін, – деді шыршаның жас қатысушысы.

Ақмола облысы білім басқармасының қорғаншылық, қамқоршылық және тәрбие жұмысы бөлімінің басшысы Айгүл Мағавинаның айтуынша, 24-желтоқсанда балалардың көңілін көтеруге арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Бүлдіршіндер тарихи-өлкетану музейін аралап, Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында болып, қойылым тамашалады. Ал, күндіз және кеште олар жоғары техникалық колледжде мерекелік түскі және кешкі астарын ішті. Ол жерде балдырғандар ән айтып, би биледі, байқаудың бағдарламасы бойынша қызықты ойындар ойнады.

– Балалар үшін бүгінгі Жаңа жылдық шоуды Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің студенттері, сондай-ақ, Көкшетау қаласының жоғары техникалық колледжінің қызметкерлері мен педагогтары ұйымдастырып, қойды. Сонымен қатар, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі күн бойы балаларды полиция департаментінің арнайы бөлінген қызметкерлері алып жүрсе, Жаңа жылдық шырша барысында жедел жәрдем қызметкерлері мен төтенше жағдай қызметкерлері де іс-шараның соңына дейін қауіпсіздікке атсалысты. Мереке балалардың көңілінен шығып жатыр, – дейді Айгүл Мағавина.

Қызыққа толы Жаңа жылдық мерекенің соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан барлық кішкентай қатысушыларға ақшалай сертификаттар мен тәтті жиынтықтар тапсырылды. Бұл күн балалардың есінде нағыз сиқыр мен мейірім мейрамы ретінде қалары сөзсіз.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар