Адам құқықтары – мемлекеттің басты құндылығы

ЖОЛДАУ – ЖАҢАРУ ЖОЛЫМЕН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына Жолдауында: «Біздің басты мақсатымыз – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру арқылы әрбір азаматтың құқығы мен бостандығын қорғау», – деп атап көрсеткен болатын.

Осы бағыттағы реформалардың бірі – Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтының конституциялық мәртебесін нығайту. Бүгінде бұл институт Ақмола облысында азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтірудің пәрменді тетігіне айналды.

Президенттің Жолдауда берген тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бастап еліміздің барлық аймағында омбудсменнің өңірлік өкілдері тағайындалды. Ақмола облысындағы өкілдік құқық бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, медиация және жедел әрекет ету арқылы мәселелерді шешуге ықпал етуде.

Биыл облыс бойынша өңірлік өкілдікке 300-ге жуық арыз-шағым түскен. Сонымен қатар, жеке қабылдаулар барысында 262 тұрғын тікелей көмек алған. Өтініштердің басым бөлігі әлеуметтік қамтамасыз ету, ерекше қажеттілігі бар балалардың құқықтары, еңбек және тұрғын үй дауларына қатысты.

Адам құқықтарын қорғаудың шынайы нәтижесін Степногорск қаласының тұрғыны Валентина Гатиятуллинаның тағдырынан көруге болады. Оның қызы сирек кездесетін «қысқа ішек синдромы» дертіне шалдыққан. Бала өмірін қамтамасыз ету үшін арнайы медициналық препараттар мен үздіксіз парентеральды қоректендіру қажет болған. Арнайы әлеуметтік көмектен қағылған ол, адам құқықтары жөніндегі уәкілге жүгінуге мәжбүр болыпты.

– Облыстық денсаулық сақтау басқармасына сан мәрте өтініш жолдағаныма қарамастан, бізге тек уәде берумен шектелді. 10 ай бойы баламның өмірін қамтамасыз етуге қажетті препараттарды ала алмай жүрдік. Депутаттың кеңесімен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлнәр Жанбековаға жүгіндім. Өтініш жазған сәттен бастап мәселе тез арада шешімін тапты. Гүлнәр Архамитқызы дереу жиын ұйымдастырып, барлық жауапты басшыларды жинады. Сол жерде оң шешім қабылданып, балам дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Ол кісі әлі күнге дейін препараттардың уақытылы жеткізілуін жеке бақылауында ұстап отыр, – дейді Валентина Гатиятуллина.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында құқықтық тәртіп пен заң үстемдігін орнатуды басты міндет ретінде қойды. Бұл бағытта Ақмола облысының Адам құқықтары жөніндегі уәкілі Гүлнәр Жанбекова азаматтарды белсенді болуға шақырады.

– Адам құқығы – мемлекет қызметінің басты өлшемі. Құқық бұзылған жағдайда азаматтар үнсіз қалмауы тиіс. Біз әрбір өтінішті жеке қарап, заң аясында шешім табуға көмектесеміз, – дейді ол.

Жолдауда айтылған «Құқықтық сауаттылық» мәселесі аясында өңірдегі мектептер мен колледждерде 40 мыңға жуық жас құқықтық ағарту жобаларымен қамтылған. Осындай жүйелі жұмыстың нәтижесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық деңгейі 7 пайызға төмендеген.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар