Өткен жылға ризамыз, Жаңа жылдан да сондай жақсылық күтеміз

ЕЛДІК СӨЗ

Қадірлі де қымбатты халқым, өнерсүйер ардақты әлеумет, құрметті жерлестер!

Міне, тағы бір жылды артқа тастап, жаңа жылдың табалдырығын аттағалы отырмыз. Әрбір кезеңнің, әрбір жылдың өз жүгi, өз сабағы бар. Өткен уақытқа өкпе артпай, керісінше одан өнеге алып, алға нық қадам басу дегеніміз саналы елдің ұстанымы. Бұл  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айқын айтылған, уақыт талабы.

Өткен жылдар біз үшін берекелі, жемісті болды деп нық сеніммен айта аламыз. Әсіресе, қасиетті Көкше жерінде, Ақмола облысында атқарылған игі істер аз емес. Президент Жолдауында көрсетілген «Халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірлерді тең дамыту, ауыл мен қаланың әлеуетін көтеру» секілді нақты міндеттер біздің облыста жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқанына куә болып отырмыз.

Бұл оң өзгерістердің барлығы облыс әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың білікті басқаруының, істі тиімді үйлестіріп, әрбір бастамаға тікелей өзі бас-көз болып, жауапкершілікпен қарауының нәтижесі деп білемін. Көкшетау қаласының күн санап көркейіп, ай сайын ажарланып келе жатқаны соның айғағы.

Президент Жолдауында еңбек адамына айрықша мән беріліп, ауыл шаруашылығы ел экономикасының тірегі екені баса айтылды. Осы бағытта Ақмола облысының диқандары биыл 7,5 миллион тонна астық жинап, республика бойынша үздік нәтиже көрсетті. Бұл  шаруаларға көрсетілген мемлекеттік қолдаудың, жан-жақты қамқорлықтың жемісі. Еңбек еткен адамның еңсесі көтерілсе, елдің де мерейі үстем болады.

Өңірімізде бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар:  тұрғын үйлер, жаңа мектептер мен ауруханалар, спорт сарайлары мен мәдени-ойын-сауық орталықтары халықтың өмір сапасын жақсартып, ертеңге деген сенімін нығайта түсті. Қопа көлінің жағалауын абаттандыру, «Көкшалғын» жобасы аясында демалыс саябақтарының салынуы Президент Жолдауында айтылған «Жайлы орта – жайлы өмір» қағидатының нақты көрінісі.

Ал, биылғы жылдың ең басты жетістіктерінің бірі – халықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінің шешімін табуы деп білемін. Бұл Мемлекет басшысы үнемі назарда ұстап келе жатқан, халықтың денсаулығы мен тұрмысына тікелей әсер ететін аса маңызды мәселе.

Президент тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламалардың Ақмола облысында алғашқылардың бірі болып орындалып жатқаны  аймақ басшылығының ел мүддесіне адал қызмет етіп отырғанының дәлелі. Сол үшін елдің ризашылығына бөленіп, тынымсыз еңбек етіп жүрген Марат Мұратұлына және оның командасына, мемлекеттік саясатты абыроймен жүзеге асырып жүрген барша іні-бауырларыма, сіңілілеріме шынайы алғысымды білдіремін.

Ардақты ағайын! Сіздермен бөлісер тағы бір сүйінші жаңалығым бар. Сал-серілердің, өнер мен руханияттың ордасы болған сұлу Көкше жерінде жаңа театр ғимараты салынатын болды. Бұл Президентіміздің өңірге жасаған сапары кезінде көтерілген, мемлекет басшысы толық қолдау білдірген маңызды мәдени жоба. Облыс әкімі бұл қуанышты хабарды театр ұжымына арнайы келіп жеткізген болатын. Бұл да болса, Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған «Ұлттық мәдениет пен рухани құндылықтарды дамыту – елдігіміздің негізі» деген ұстанымның нақты іске айналғанының көрінісі. Әкім тек экономиканы ғана емес, мәдениет пен руханиятты да қатар дамыту қажет екенін терең түсінеді. Өйткені, мәдениеті жоқ елдің рухы әлсірейді, ал, рухсыз қоғамның болашағы бұлыңғыр.

Театр – халықты ізгілікке, адамгершілікке бастайтын киелі мекені. Әдебиет пен баспасөз – елдің ой-санасын тәрбиелейтін алтын арқау. Сондықтан, сөз өлмесін, өнер өлмесін! Осы салаға айрықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырған ел басшыларына Алла тағала ұзақ ғұмыр, зор денсаулық берсін.

Жаңа жыл елімізге, жерімізге ырыс пен береке әкелсін! Халқымыздың тұрмысы түзеліп, елдің еңсесі биік, көңілі тоқ болсын! Әр шаңыраққа шаттық пен тыныштық, молшылық пен бірлік тілеймін!

Жібек БАҒЫСОВА,
Қазақстан Республикасының халық әртісі,
«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері,
Ақмола облысының құрметті азаматы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар