ƏКІМ – ІС ҮСТІНДЕ
Ақмола облысының әкімі МаратАхметжанов облыс орталығы Көкшетау қаласындағы бірқатар маңызды әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты.
«Болашақ» оңалту орталығы мен көпбейінді облыстық балалар ауруханасына барған аймақ басшысы сондай-ақ, Ақан сері атындағы Көкшетау жоғары мәдениет колледжінің жаңа жатақханасын да аралап көрді.
Алдымен жақында ғана күрделі жөндеуден өтіп, өз жұмысын жаңа тыныспен бастаған «Болашақ» оңалту орталығына барған аймақ басшысы орталықтың ұжымымен жүздесіп, медициналық мекеменің алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Орталық директоры Мұхтар Досхожин аймақ басшысына 1987 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медициналық мекеменің қызметін таныстырды. Орталықта 18 жасқа дейінгі неврологиялық аурулары бар балаларға кешенді стационарлық және оны алмастыратын, кеңес беру-диагностикалық және оңалту көмегі көрсетіледі. Мекеме 52 тәулік бойы жұмыс істейтін төсек-орынға есептелген және жылына шамамен 3 000 науқасты қабылдайды. Медициналық мекемеге 2025 жылы 955,98 миллион теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи медициналық жабдықтар сатып алынды.
– Жөндеу жұмыстары толық аяқталып, жабдықтар жаңартылғаннан кейін көрсетілетін қызмет түрлері едәуір кеңейеді. Мұнда жыл сайын жүздеген бала оңалтудан өтеді. 2025 жылы орталықта барлығы 773 бала медициналық оңалтумен қамтылды. Кадр тапшылығы жоқ, ал, дәрігерлердің орташа жалақысы 441 мың теңгеден асады, –деді Мұхтар Досхожин кездесу барысында.
Облыс әкімі өз сөзінде өтіп бара жатқан 2025 жылы да Көкшетау қаласында әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң динамика сақталғанын айта келе, халықтың өмір сүру сапасын одан әрі арттыра түсу үшін әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту мен экономиканы әртараптандыру мәселелерімен қатар, тұрғындардың денсаулығына да жеткілікті түрде назар аударылып келе жатқанын атап өтті. Содан соң, облыс әкімі орталықтың қызметкерлерінің өтінішіне орай, мекемені қызметтік медициналық көлікпен қамтамасыз ету мәселесін шешуді тапсырды.
Сөз басында айтып өткеніміздей, облыс орталығында 2025 жылы денсаулық сақтау саласында ірі жобалар жүзеге асырылды. Қаладағы көпбейінді облыстық балалар ауруханасына да арнайы ат басын бұрған аймақ басшысы бұл мекеменің де басшылығымен кездесіп, ұжымымен жүздесті. Аталған облыстық балалар ауруханасы 435 орынға лайықталған және облыс аумағындағы барлық балаларға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Аурухана заманауи медициналық құрал-жабдықтармен 94 пайызға жабдықталған. 2025 жылы мекемедегі күрделі жөндеу жұмыстарына барлығы 955,9 миллион теңге бөлінген. Облыс әкіміне аурухана директоры Мұхтар Досхожин мекеменің бүгінгі күндегі материалдық-техникалық базасының жай-күйін және оның кадрлық қамтамасыз етілуі мен көрсетілетін медициналық қызметтер туралы айтып берді. Аурухана басшысының сөзінше, 2025 жылы мекемеге көпфункционалды МРТ және рентген аппараттарымен қатар, тағы қосымша жаңа медициналық жабдықтар сатып алынып, мамандар арнайы медициналық оқытудан өткізілген.
Жалпы алғанда, қаланың әлеуметтік саласына 2025 жылы 6,5 миллиард теңге бағытталды. Соның нәтижесінде білім мен мәдениет нысандары жаңғыртылып, салада жаңаша серпін пайда болды. Мәселен, Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне арналған 300 орындық жаңа жатақхана биыл толық пайдалануға берілді. Құны 1,4 миллиард теңгені құрайтын нысан барлық қажетті жиһазбен және техникамен жабдықталған. Бұл, әрине, өз кезегінде студенттер үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі екендігі даусыз.
Жаңа жатақхана ішін аралап көрген аймақ басшысы колледж ұстаздарымен жүздесіп, оқу орталығының жұмысына оң бағасын берді. Колледж директоры Саян Мұхамедияр оқу ордасына жасалып жатқан қамқорлықтардың барлығы да болашақ ел тізгінін ұстайтын азаматтар мен жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне бағытталатынын атап өтіп, осы үшін өз алғысын жеткізді.
– Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжіне арналған жаңа жатақхана студенттеріміз үшін үлкен мүмкіндік. Жаңадан пайдалануға берілген бұл нысан барлық қажетті жиһаздармен және тұрмыстық техникамен толық жабдықталды. Мұнда өнер саласының болашақ мамандарының жайлы жағдайда тұрып, бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылықпен айналысуына, оқуына да не қажеттің бәрі бар, – деді колледж директоры.
Жалпы, 2025 жылы Көкшетау қаласының білім беру саласына 5,7 миллиард теңге бағытталып, бірнеше мектепке күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Сарыарқа шағын ауданында 1500 орындық жаңа мектептің құрылысы жалғасуда.Өткен жыл Көкшетау қаласы үшін әлеуметтік нысандарды жаңғырту, білім мен денсаулық сақтау саласын дамыту және экономикалық өсімді қамтамасыз ету жылы болды деуге толық сенім бар. Алдағы кезеңде де бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады деген үміттеміз.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

