БІР ЕЛ – БІР ХАЛЫҚ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқын Жаңа жылмен құттықтауында еліміздің алдына қойған жаңа міндеттері, жастар мен балаларға арнаған үндеуі еліміздің болашағын айқындайтын, жас ұрпағымыздың әлемдік өркениеттің тілімен сөйлесуіне, Қазақстанның осы қадам арқылы әлемнің өсіп, өркендеген, дамыған, қуатты мемлекеттер қатарында нық тұруына деген қамқорлығы деп білеміз.
Кең байтақ қазақ жеріне жаңа 2026 жыл да келді! Барша адамзат баласындай біздің халқымыз да Жаңа жылды жақсы ниет, жақсы тілекпен қарсы алып жатыр. Әр жылдан күтер жақсылықтарымыз да, жаңа жыл да елімізге, халқымызға берекелі, бірлікті, бай да дәулетті жыл болар деген үмітіміз де бар.
Барша қазақстандықтар сияқты біздің әрқайсымыз да, өз отбасымызда, бала-шағамыздың ортасында дастархан басында отырып, Жаңа жылды қарсы алдық. Президентіміздің Жаңа жылдық құттықтауын тыңдап алып, сонан соң барып босағамызды аттаған Жаңа жылды қарсы алатын жылдағы дәстүрмен 2026 жылды күтіп алдық.
Президентіміздің өткен 2025 жыл халқымыз үшін мерейлі жыл болды дегені өте орынды еді. Ең бастысы елімізде тыныштық, береке-бірлік болды. Еліміздің дамуында айрықша бір серпіліс, жаңалық болғандығын көзіміз көріп отыр. Бұл жайлы Президентіміз нақтылы айтты.
Міне, Жаңа жыл! Енді біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр! Сол жаңа міндеттердің ең бастылары Мемлекет басшысының құттықтауында айтылды. «Бәріміз бір ел болып Әділетті, Қауіпсіз, Күшті, Таза, Озық Қазақстанды құрып жатырмыз», – деген Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз құттықтауындағы осы бір ауыз сөзі біздің еліміздің қашан болсын биік ұстайтын туы, берік ұстанымы болып қала берері анық. Бұл біздің елдік істеріміздің ең бір басты әрі тарихи маңызы зор міндеттеріміз деп санаймыз.
Жылқы жылы еліміз жаңғырудың жаңа кезеңіне қадам басатындығы жайлы Жаңа жылдық құттықтауда анық айтылды. Расында да біз қазіргі уақытта Адал да Әділ Қазақстан құру жолында Конституциялық реформадан басталған біраз қажетті әрі елімізді дамытуда үлкен маңызға ие болып отырған өзге де реформаларды сәтті жүргізе отырып, болашаққа сеніммен қарай бастадық. Ілгері жылжу, өркендеу, даму, халықтың жағдайын жақсарту жолындағы қажырлы істердің шын табысқа жеткізе бастағандығының куәсі болып отырмыз.
– Біз келесі жылдан көп жақсылық күтеміз. Өркениетті ұлт ретінде алысқа көз тігеміз. Алға қойған биік мақсатымыз және нақты жоспарымыз бар,– деді Президентіміз. Бұл орайда Қазақстанның өсіп-өркендеуіне тың серпін беретін алдағы конституциялық реформаның тарихи маңызы зор екендігін терең сезінеміз. Бұл орайда, Президентіміздің бастамашылдығымен Қазақстанда жүргізіліп жатқан қазіргі және келешектегі де реформалардың әрқайсысының біздің елімізді әлемдік дамудың алдыңғы қатарына шығарарына да бек сенеміз.
Қазақстанның энергетикалық әлеуетін одан әрі нығайтып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, су мәселелерін шешу, көлік-логистика саласын және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын дамыту жолында соңғы жылдары қыруар пайдалы жұмыстар жүріп жатқандығын біз өз өңірлеріміздің даму жағдайынан анық көріп отырмыз. Әсіресе, елімізде атом электр станциясын салу, жаңа қуат көздерін игерудің маңыздылығы сол – бұл Тәуелсіздігімізді тәуелділікте қалдырмаудың тарихи миссиясы!
– Мен биылғы Жолдауымда Цифрлық мемлекет болуымыз керектігін жарияладым. Сондықтан, келесі жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп атау туралы шешім қабылдадым. Озық технологиялар еліміздің барлық саладағы әлеуетін арттыруға жол ашпақ,–дей отырып, Президентіміз бізді тағы да ғылыми-техникалық прогрестің алдында жүруге шақырып отыр.
Сонымен, 2026 жыл – «Цифрландыру және жасанды интеллект» жылы! Өркениеттің қазіргі дамуының қарышты қадамынан қалыс қалмау үшін Мемлекет басшысының бұл бастамасы әбден орынды! Ендігі дамудың кілті осы Цифрландыру мен жасанды интеллект екендігіне күн сайын, күн сайын емес, сәт сайын көзімізі жете түсуде.
Президентіміздің бастамасымен, тіпті қамшылауымен Қазақстанның Цифрландыру мен жасанды интеллектің дамуына қадам басып отырғандығы, бұл біздің еліміздің болашағын айқындайтын, жас ұрпағымыздың әлемдік өркениеттің тілімен сөйлесуіне, Қазақстанның осы қадам арқылы әлемнің өсіп, өркендеген, дамыған, қуатты мемлекеттер қатарында нық тұруына деген Қасым-Жомарт Тоқаевтың қамқорлығы деп білгеніміз абзал.
Қамқорлық дегеннен шығады, Президентіміз әдеттегідей осы жолы да өз құттықтауында «өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету – басты міндетіміз. Менің бастамаммен жүзеге асырылып жатқан «Ұлттық қор – балаларға» жобасы аясында осымен үшінші жыл қатарынан әр баланың есепшотына қаражат түседі. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындай береді. Біз білім беру және денсаулық сақтау салаларын дамытуға әрдайым айрықша назар аударамыз», – деп жас ұрпаққа үндеу тастады.
–Шын мәнінде, туған елге қызмет етуден артық бақыт жоқ. Халқымыз «Ынтымақ бар жерде – ырыс бар» дейді. Сондықтан, берекелі бірлігімізді сақтап, біртұтас ұлт болып елімізді дамыта берейік. Бүгін осы ерекше сәтте жастар мен балаларға үндеу жолдағым келеді, – дей келіп, Президентіміз қазіргі уақыт мүлдем жаңа құбылыстар және зор мүмкіндіктер дәуірі екендігін алға тарта отырып, «Әркім, ең алдымен, өзіне, бойындағы күші мен қабілетіне сенуі керек. Ұлы Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деген сөзі әрдайым өзекті. Белсенді, білімді, еңбекқор, тәртіпті, ұшқыр болыңыздар. Жолдарыңыз ашық болсын! Әрқашан алар асуларыңыз биік болсын!»,– деп жас ұрпаққа батасын берді.
Мемлекет басшысының осы тарихи сөзінде жас ұрпағымыздың өркениеттің алдыңғы қатарында болсын, олар бүгінгі әлемнің дамуының қарқынына ілесе білсін, бүгінгі өркениеттің өз тілімен еркін сөйлесе білсін, сөйтіп туған елімізге қызмет жасасын, елімізді өркендетсін, халқымызды әлемнің озық ұлттарының қатарына тұрғызсын деген тарихи мүдде жатыр.
Жаңа жылғы ел алдында тұрған міндетіміз айқын! Ұстанған саясатымыз да айқын! Әлемдік аренада зор абыройы бар Президентіміздің Қазақстанды қуатты, демократиялы, заң үстемдік ететін мемлекетке айналдыру жолындағы саясатының бар тұжырымы халқымыздың бүгінгі және болашақтағы тағдырын анықтап, барша қазақстандықтардың сенімін нығайта түсті.
Жаңа жыл тек жақсылық әкелсін!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
![]()

