Сара Нұрпейісқызы Дүйсенбаева

Жаңа жылдың алғашқы күндерінің бірінде, 2026 жылдың 3 қаңтарында жетпіс алтыға қараған шағында Сара Нұрпейісқызы Дүйсенбаева қайтыс болды.

Ол 1950 жылы Ерейментау ауданының Благодатное ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келді. Осы отбасындағы баланың үшіншісі еді. Жастайынан еңбекқор болып, жауапкершілікті сезініп өсті. Бойына тәрбиемен біткен осы еңбекқорлығы мен жауапкершілік және айналасына деген мейірімі мен жанашырлық қасиеттері өмір бойғы серігі болды.

Өзінің еңбек жолын 1972 жылы Целиноград мемлекеттік педагогика институтын ағылшын тілі мамандығы бойынша бітіріп, 1972-1974 жылдар аралығында Ерейментау ауданының Торғай орта мектебінде ағылшын тілінен  сабақ беруден бастап, үлкен өмір жолынан өтті.

Талапты да іскер және өз ісіне аса жауапты қарайтын Сара Нұрпейісқызы комсомол-партия жұмыстарына тартыла бастады. Ол өзінің осы қасиеттерімен қандай қызметтер атқармасын, әрдайым абыройлы да беделді болды. 1974-1981 жылдары Целиноград (қазіргі Ақмола) облысы Ерейментау аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1981-1982 жылдары Ерейментау аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің нұсқаушысы, 1982-1985 жылдары халық депутаттары Ерейментау аудандық атқару комитетінің хатшысы, сонан кейін аудандық Кеңес төрағасының орынбасары болды.

Еліміз егемендік алғаннан кейін Сара Дүйсенбаева тәуелсіз Қазақстанның мүддесіне де адал қызмет етті. 1992-1995 жылдары Ерейментау аудандық әкімшілігі төрағасының орынбасары, 1995-2008 жылдары Ерейментау ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.  Содан кейін «Нұр-Отан» халықтық демократиялық партиясының Ерейментау аудандық филиалы төрағасының орынбасары болды. Партияның екі бірдей съезіне  делегат ретінде қатысты. «Томирис» іскер әйелдер клубының мүшесі ретінде қоғамдағы іскер әйелдердің белсенділіктерін арттыруға өз үлесін қоса білді.

Ол шын қайратты, жан дүниесі ақыл-парасатқа толы болатын. Өмірдің ащысына да, тұщысына да сабырмен қарай білді. 1975 жылы Бақтыбай Қабдоллаұлы Ыбыраев деген азаматқа тұрмысқа шығып, берік отбасын құрады. Тұңғыштары Айман 1976 жылы дүниеге келді. Алайда, Айманның ғұмыры қысқа болды. Ол 1995 жылдың 1 желтоқсанында қайғылы қазаға ұшырады. Бұл қаза Сара Нұрпейісқызының ет жүрегіне ауыр жара салды. Алайда, тумысынан қайратты ол өмірге деген сенімін жоғалтпай, өзінің биік рухын сақтай білді, елге қызмет ету қарекетінен өмірінің соңына дейін айнымады.

Әр саладағы ұзақ жылғы қызметі үшін Сара Дүйсенбаева «Құрмет» орденімен, Бүкілодақтық және Қазақстан комсомолдары Орталық комитеттерінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен, «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды.

Өзінің бар саналы ғұмырын еліміздің дамуы мен өркендеуіне, елдің береке-бірлігінің, ынтымағының жарасымды болуына арнап өткен Сара  Нұрпейісқызы Дүйсенбаеваның есімі мен жарқын бейнесі, жоғары адамгершілік пен қайсарлықтың үлгісіндей әрдайым есімізде сақталады.

Д.Е.Айтбаев,  С.Ә.Аяғанов,  Ғ.М.Бекмағамбетов, Б.М.Беспалинов, С.Ж.Жалмағамбетова,
Ж.Е.Ерғалиев, А.Е.Мысырәлімова, Н.З.Мұқатов, Е.Б.Нұғыманов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар