Бұланды ауданының Қараөзек ауылындағы мәдениет үйінің қызметкері, айтыскер ақын, «Қауырсын» жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Елеш Қабылханұлы 7 қаңтарда ердің жасы 50-ге толғалы отыр.
Елеш Қабылханұлы «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы», Республикалық әкелер қауымдастығының «Қамқор әке» медальдерінің иегері, Ақмола жұлдыздары байқауының үш мәрте лауреаты, Ақмола облысында өткен «Мерейлі отбасы» өнер байқауының екі мәрте бас жүлдегері, «Ақмола айтқыштары» байқауының жеңімпазы. Ол «бұлақ көрсең, көзін аш» демекші, ауылда балалар мен жасөспірімдерге арнап домбыра және жас ақындар үйірмелерін ашып, шәкірттерін ұлттық өнерге баулып, тәрбиелеуде. Кезінде «Қисық кітап» әзіл-сықақ театрын ашып, көрермендерге жақсы көңіл-күй сыйлаған азамат жүздеген жас жұбайлардың бетін ашып, жастарға бақыт та тіледі. Облысымыз бен ауданымыздың намысын қорғап, бірталай айтыстар мен байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрінді. Аяулы жары, ұлағатты ұстаз Алданған Мағзұмқызы екеуі жеті бала өсіріп, қасиетті қара шаңырақты абыроймен ұстап отырған ардақты отбасы.
Елештің Нұрислам Әбділ, Ақтілек Хайымхан, Нұрғиса Елеш, Сырым Қызырбек, Аяулым Ахметжанова, Арайлым Съезхан секілді шәкірттері ұстаздың жолын қуып, ел абыройын қорғап, талай байқаулар мен айтыстардан жүлде алып жүр. Айтыскер ақын, айтулы асаба, ұлағатты ұстаз, әулетіміздің ең қадірлі азаматы Елеш бауырымызды ердің жасы елу жасымен шын жүректен құттықтаймыз!
Аяулы бауырым, мерейтойың құтты болсын! Жаның нұрға бөленіп, құшағың гүлге тола берсін. Біз өзіңе өкінбес өмір, кіршіксіз көңіл, сарқылмас бақыт, таусылмас байлық, отбасыңа ырыс-құт, береке-бірлік тілейміз!
Хайымхан ӘБДІЛҰЛЫ.
![]()

