Шәмші әндері мәңгі жасайды

ФЕСТИВАЛЬ

Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі сазгер, қазақ вальсының королі атанған Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толуына орай, «Достар» мәдениет сарайында «Шәмші әндері» облыстық ән фестивалі болып өтті.

 «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының мұрындық болуымен өткен ән фестиваліне аудандар мен қалалардың ардагерлер Кеңестерінің жанындағы ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдары қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Шараның басты мақсаты қазақтың ұлттық музыка мұрасын ұлықтау, Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын насихаттау, ардагерлер арасында, этномәдени бірлестіктердің шығармашылық ұжымдарында және Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы құрылымдарда мәдени-рухани байланысты нығайту және ән өнерін дамыту болып табылады.

Айтулы шараның ашылу салтанатында Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыманов құттықтау сөз сөйлеп, фестивальға демеушілік жасаған кәсіпкер азаматтарға алғысын жеткізді және қатысушыларға сәттілік тіледі.

Сонымен, қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы болған сазгердің туындылары шырқалған әсерлі кеш Көкшетау қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір» орталығы қатысушыларының арнайы әзірлеген вальс биімен басталды.  Қазақ эстрадасының негізін қалаған, 300-ге жуық ән жазған, ұлт рухын әсерлі әуенімен өрнектеген Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған осы кеште оның «Сыған серенадасы», «Мойынқұмда ауылым»,  «Бақыт құшағында», «Арыс жағасында», «Қайдасың», «Кешікпей келем деп ең», «Ана туралы жыр», «Қуаныш вальсы», «Ақ бантик» сияқты өзге де әндері шырқалып, қалың көрерменнің, әсіресе, аға ұрпақтың жүрегін елжіретіп, тебірентті десек болады. Себебі, олардың жас дәурен кезеңін осы ән жанрының майталманы – Шәмші әндерінсіз елестету де мүмкін емес.

Фестивальдің жеке орындау бөлімінде Ақкөл ауданынан келген Қабдолла Әбенов, Жақсыдан ат терлетіп жеткен Ырысбике Жарасбаева, бұландылық Мәуегүл Жолдасова, жарқайыңдық Надежда Каковихина, көкшетаулық Жармұрат Сәменов, Рая Хамзина, «Чинсон» корей этномәдени орталығы мен «Орыс, славян, казак  қауымдастығынан қатысқан Жанар Цой мен Татьяна Кульгиналар сазгердің сазды әндерін нақышына келтіріп, әсерлі шырқады.

Осы орындаушылардың ішінде «Бақыт құшағында» әнін укулеле аспабымен әсерлі орындаған Мәуегүл әжеміздің өнеріне ерекше тәнті болдық. Сонымен бірге, кештің екінші бөлімінде Қосшы қаласының «Есіл-Нұра» ансамблі де ерекше өнер көрсетіп, сазгердің әндерінен әдемі попури орындап, залға жиналған қауымның зор қошеметіне ие болды. Астрахан ауданының «Жас жүректер», Жақсы ауданының «Сырласу», Біржан сал ауданының «Асыл дария» вокалдық топтары мен Бурабай ауданының «Ақ дариға» әжелер вокалдық тобы, Сандықтау ауданының «Думан» квартеті де лирикалық әндерді әсерлі орындап, кешке жиналған тыңдарманның құлақ құрышын қандырды.  Ал, хор орындау бөлімінде Көкшетау қаласының «Шаңырақ» хоры ерекше көзге түсіп, «Кешікпей келем деп ең» әнін әсерлі орындап, зор қошеметке ие болды. Сонымен бірге, әсем әндер шырқалған әсерлі кеште Атбасар, Ерейментау, Жарқайың, Бұланды аудандары мен Көкшетау, Қосшы, Степногорск қалаларының да хор ұжымдары ән шырқап, дүйім жұрттың ыстық ықыласына кенелді.

Ашылған сәтінен әдемі әндермен өріліп, көрерменін баурап алған фестиваль бір демде, бір ырғақта өтті деуге болады. Соңында қатысушылардың барлығына ұйымдастыру алқасының атынан дипломдар мен ақшалай сертификаттар тапсырылды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Нұрболат БЕКТҰРҒАНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар