ЖАҢА ҚАДАМ
Президенттің жасанды интеллекті дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында Ақмола облысында Ауыл шаруашылығы және Ішкі істер министрліктерімен бірлесіп, ауыл шаруашылығы мен қоғамдық қауіпсіздік жүйесіне AI технологиялары енгізілуде. Бұл туралы Үкімет отырысында облыс әкімі Марат Ахметжанов айтып берді.
Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында өңірлік IT-хабты дамыту облыстың технологиялық өсімінің негізгі қозғаушы күшіне айналуда. Биыл облыста креативті технологиялар орталығы – Tumo Center, сондай-ақ, Ақкөл, Қосшы және Жақсы қалаларында жастардың тәжірибелік сабақтар өтуіне арналған үш Tumo Classroom кампусы ашылады. Сонымен қатар, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің базасында Tumottow инновациялық мектебін ашу жөнінде меморандумға қол қойылды.
Аграрлық сектордың тиімділігін арттыру мақсатында өңірде «ақылды АӨК» моделі енгізілуде. Жасанды интеллект жердің мақсатты пайдаланылуын бағалауда қолданылып, мемлекеттік қолдау шараларын «бір терезе» қағидаты бойынша ашық әрі жедел алуға мүмкіндік береді және саланың табыстылығын арттырады.
Тағы бір басым бағыт – елді мекендердегі қауіпсіздікті күшейту. Ішкі істер министрлігі мен жеке инвесторлармен бірлесіп, Қосшы қаласында бейнебақылау жүйесін кеңейту жобасы жүзеге асырылды. Қолданыстағы 500 камераға қосымша 1 000 жаңа камера орнатылып, олар заманауи жедел басқару орталығына біріктірілді. Жүйе қоғамдық тәртіпті бақылаумен қатар, автоматты режимде коммуналдық мәселелерді, қаңғыбас жануарлардың бар-жоғын және жол жамылғысының жағдайын анықтайды.
Бірыңғай дрондар инфрақұрылымы арқылы ауыл шаруашылығы алқаптары мен орман массивтеріне мониторинг жүргізіліп, заңсыз қоқыс орындары мен өрт ошақтарын жедел анықтауға мүмкіндік берілуде.
– 2030 жылға дейінгі цифрландыру стратегиясы бекітілді. Жүргізілген жұмыстың негізгі нәтижесі Digital Aqmola бірыңғай экожүйесін қалыптастыру болды. Оған платформаның өзі, жағдайлық орталық, бірыңғай байланыс орталығы, стартаптарды сүйемелдеу және қолдау жүйелері кіреді. Сонымен қатар, экономиканың барлық салаларына жасанды интеллектіні енгізу жұмыстары қатар жүргізілуде. Біз жасанды интеллектінің нақты экономикалық пайда әкелуіне және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруына басымдық беріп отырмыз, – деп атап өтті Марат Ахметжанов.
Ақмола облысы әкімінің баспасөз қызметі.
![]()

