Тәртіптері Әдеп жөніндегі кеңесте қаралды

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті жанындағы Әдеп жөніндегі кеңестің жыл аяғындағы қорытынды отырысында осы сала бойынша жүргізілген мониторинг нәтижелері талданды.

Бұл жолы қоғамдық тәртіп пен имандылыққа қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметшілер туралы сөз болды. Мониторинг қорытындысы көңіл көншітерлік деңгейде.

Әрине, ант берген мемлекеттік қызметшілердің арасында мүлдем заң бұзушылар жоқ дегенді есту идеал болар еді. Алайда, өткен кезеңде әкімшілік жауапкершілікке тартылған 9 адам бұл тілектің орындалуына мүмкіндік бермеді.

Бірақ, қаншалықты қайшы болып көрінгенімен, бұл деректер қуантады. Себебі, Әдеп кодексінің қатаң талаптарына сәйкес өмір сүріп, еңбек етіп жатқан 4 мыңнан астам ақмолалық мемлекеттік қызметшінің арасында олар бар болғаны 0,2 пайызды құрайды.

Департамент қызметкерлері жан-жақты, кәсіби және сауатты талдау жүргізгенімен, заң бұзушылықтардың тұрғылықты жеріне, лауазымына немесе жұмыс өтіліне ешқандай қатысы жоқ екені анықталды.

Ұсақ бұзақылық үшін 2 адам, қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйінде жүру бойынша 1 адам жазаланды. Тағы 3 адам заңмен тыйым салынған орындарда темекі өнімдерін тұтынған. Ал, тағы 3 қызметкер көлік құралын мас күйінде басқарған.

Лауазымдық санаттар бойынша құқық бұзушылардың бірі орталық мемлекеттік органның облыстық бөлімшесінің бас маманы, бірі облыстық атқарушы орган басшысының орынбасары, тағы бірі аудандық маңызы бар қала әкімінің орынбасары. Сондай-ақ, тізімде бір ауылдық округ әкімі, екі аудандық атқарушы орган басшысы және үш аудандық атқарушы органның бас маманы бар.

Яғни, жұмыс орны, лауазымы мен құқық бұзушылық түрі арасында ешқандай тәуелділік байқалмайды.

Тұрғылықты жері бойынша да солай. Жарқайың ауданында кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ш. рөлге мас күйінде отырған. Дәл осындай заң бұзған облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Т. Көкшетау қаласында тұрады. Әкімшілік жауапкершілікке тартылған тағы екі департамент қызметкері де осы қаланың тұрғындары.

Ал, 25 қыркүйекте қоғамдық орында Бұланды ауданы Макинск қаласының тұрғыны Д.-ға қатысты балағат сөздер айтқан Қосшы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бұрынғы басшысы Ш. елорда іргесіндегі қаланың тұрғыны.

– Бір қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, ал, 8 адамға қатысты тәртіптік ықпал ету шаралары қабылданған жоқ, – деген ақпарат «Неге?» деген сұрақ туғызады.

Т. мен Ш.-ға қатысты жағдай түсінікті, олар сот актілері заңды күшіне енгенге дейін өз еркімен жұмыстан кеткен. Ал, қалған алтауы ше? Әрине, қарапайым азамат ретінде олар заңда қарастырылған жазасын алды. Бірақ мемлекеттік қызметші ретінде оларды тәртіптік жауапкершілікке де тарту керек пе еді?..

Мүмкін, егер сот шешімінен кейін мемлекеттік орган басшысының атына жеке ұйғарым шығарылғанда, ешкім жазасыз қалмас па еді. Бірақ, ондай ұйғарымдар болған жоқ.

Бәлкім, «төмендегілерге жағдай жақсырақ көрінетін» шығар: құқық бұзушы әлі де жұмыс істеп жатқан ұжым басшылары бұл оқиғадан тек кінәлі адам ғана емес, әріптестері де сабақ алды және алдағы уақытта мұндай жағдай қайталанбайды деп сенетін шығар. Бұл – олардың құқығы, өйткені, міндеттейтін норма жоқ.

Бұған сенуге негіз де бар. Бұл 9 жағдай бәрібір ақмолалық мемлекеттік қызметшілердің қалыптасқан оң имиджін бұза алмайды. Дегенмен, бұл мәселеде «неғұрлым аз болса, соғұрлым жақсы».

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Нина МИТЧИНОВА,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Ақмола облысы бойынша департаментінің Әдеп жөніндегі кеңесінің мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар