Ереймен, сұлусың ғой тауларыңмен!..

Туған жер

 Туған жерім  Кеңөткел

Əрқашанда ыстықсың сен, Кеңөткелім,

Қой бағып, ат шаптырған туған елім.

Жалаң аяқ ақ жауын суын кешіп,

Балдәурен балалық шақ өткен жерім.

 

Қарасу, Сілетідей өзендері.

Қамыстыкөл, Балықтыдай бар көлдері.

Қос Майлан арасынан шыққан екен,

Еліміздің бір талай көсемдері.

 

Жері жайсаң, суы таза, шөбі құнды.

Семірер жайлап бақсаң төл, құлынды.

Келеді ойымызға сол бір түндер,

Өткізген жас сұлумен қос бұрымды.

 

Көктемде табиғаты мың құлпырды,

Ғажайып таңқалдырып ел-жұртымды.

Бағалап, салыстырсақ өзге өлкемен,

Жер екен малға жайлы ең ұтымды.

 

Қостөбе, Бұзаутөбе белестерім,

Алыстан сағым қуып елестедің.

Жыл өтіп, аңсауымды айтса біреу,

Ол кезде зейін қойып, сенбес те едім.

 

Бес шұңқыр, Қызылкөл мен Құдыярым,

Мол өріс, қызғалдақты кең жайлауым.

Көз алдымнан кетпейді балалық шақ,

Бекер емес әлі де сені ойлауым.

 

Бүлдірген тере барған сай-салалар

Өрісі малға толы кең далалар.

Бәрі де есте қалар ұзақ жылға,

Тарихтың бір ізі деп ол саналар.

 

Ұрпаққа аманат

Балаң өсер білімсіз,

Тәрбие беріп қақпасаң.

Ақыл, кеңес, тәжірибе,

Құлағына айтпасаң.

 

Қыңыр балаң түзелер,

Ісін айтып мақтасаң.

Өсер биік талабы,

Білімнен жолын бастасаң.

 

Өмірдің мәнін білерсің

Қиындықты жеңіп аттасаң.

Тұрмыстың сәнін көрмейсің,

Əйелдің бабын таппасаң.

 

Əйелің кетер ажырап,

Жұдырық алып аттансаң.

Қадірің кетер халқыңнан,

Мінсіз жерде ақталсаң.

 

Болмағанды болды деп,

Көпіріп айтып мақтансаң.

Көрмегенді көрдім деп

Өтірік айтып шаттансаң.

 

Жеңісіңді көрерсің,

Адал істі жақтасаң.

Малың болмас алдыңда

Еңбек етіп бақпасаң.

 

Байлық болар өмірде.

Жалқаулықтан сақтансаң.

Сәйгүлік келер бәйгеден,

Ерінбей күтіп, баптасаң.

 

Досың болар қасыңда,

Достығыңды сатпасаң.

Қуат кетер бойыңнан,

Дем алып бірер жатпасаң.

 

Тағамың тұрар алдыңда,

Таза ұстап сақтасаң.

Ырыс қашар үйіңнен,

Дастархан теуіп аттасаң.

 

Көршілерің дос болар,

Шағым айтып жатпасаң.

Туысың болар қасыңда,

Иттей тістеп қаппасаң.

 

Ата, баба қуанар

Сенімдерін ақтасаң.

Бақыт шығар алдыңнан

Осы өленді жаттасаң.

Ұмытпастай өмірде

Естелікке сақтасаң!

2020 жыл, сәуір.

 

Аялайық әйелді

Атыңнан айналайын әйел деген,

Сұлулық, махаббаттың нәрін берген.

Еркектер, әйелсіз-ау күнің жоқ қой,

Кейбіреу әйел үшін жанын берген.

 

Əйелдер тұрмыстың да сәнін берген,

Еркектер дауласпай-ақ мәлімдеген.

Бірақ та, ішінде бар біреулері,

Еркектің «ызың» қағып жанын жеген.

 

Əйелдер өмірдің де мәнін берген,

Сол үшін барлығын да «ханым» деген.

Махаббат қызуына кірген шақта,

Еркектер еркелетіп «жаным» деген.

 

Əйелдер адамзатқа бақыт берген,

Жақтырған қараңғының шамын сөнген.

Киелі ақ отаудың иесі боп,

Қудырған жамандықты үйге төнген.

 

Əйелдер болашаққа кәміл сенген.

Амалсыз қиындықтың бәрін көрген.

Отбасын аман сақтап қалу үшін,

Ыстық пен суыққа да жаны көнген.

 

Еркектер, әйелдерді бағалайық,

Еркелет, өмір бойы баладай ғып.

Қолыңа келіп қонған алтын құстай

Құрметтеп, қадір тұтып аялайық!

Астана. 2020 жыл, 15 сәуір.

 

Əйел қашан әдемі?..

Айтшы достым әйел қашан әдемі,

Сүйген жарын құшақ жайып қарсы алып,

Сағынышпен көрген кезде әдемі.

Ұрпақтарын жалғастыру ойында,

Жүкті болып жүрген кезде әдемі.

Махаббаттық ыстық сезім лаулаған,

Сүйген жанмен кездескенде әдемі.

Айлы түнде таң атқанша сырласып,

Қол ұстасып жүздескенде әдемі.

Лүпіл қаққан екі жүрек мұңдасып,

Қызыл ерін сүйіскенде әдемі.

Жалын атқан тәндерімен жұптасып,

Екі кеуде түйіскенде әдемі.

Қыз боп туып, нәзік жанды, қос бұрым,

Өрістерін кеңейткенде әдемі.

Сәбилерін бесігінде құндақтап,

Əлдилеумен тербеткенде әдемі.

Ақ төсекте қос анары жарқырап,

Тән мен тәнді тигізгенде әдемі.

Ақ сүтімен ұл-қыздарын тойдырып,

Көкірегімен емізгенде әдемі.

Достарың мен туысқаның келгенде,

Жарқын жүзбен қарсы алғанда әдемі.

Ағайын мен дос-жаранға тойларда,

Бұлбұл құстай ән салғанда әдемі.

Жұрт алдында ерін мақтап, мадақтап,

Сүйіктім деп тамсанғанда әдемі.

Ай аяғы жалақы кеп түскенде,

Тиын-тебен, киімдерін жаңартып,

Сәнге басып жақсарғанда әдемі.

Не айтсақ та әйел қауымы тамаша,

Əсіресе, кездескенде оңаша.

Соның бәрі болсын десең өмірде,

Əйелдерге қарайықшы жаңаша.

Бала-шаға отау құрып кеткенде,

Өмір жылжып қарттыққа жеткенде,

Ең қызығы әйеліңмен сырласу,

Біледі оны сол дәуірден өткендер.

Астана. 2020 жыл, 24 сәуір.

 

Қасиетті Ереймен

Ереймен, сұлусың ғой тауларыңмен,

Құлпырған жасыл орман бауларыңмен.

Мұхиттың көк толқыны болғандайсың,

Жайқалған селеу шөпті қауларыңмен.

 

Ереймен, әсемсің ғой көлдеріңмен,

Кең жайлау өрістегі төлдеріңмен.

Сыңғырлы тау арасы бұлақтарың,

Шипалы суларымен мөлдіреген.

 

Ауасы дертке дауа, жанға жайлы,

Аң-құсы тау арасы және байлы.

Жаратқан табиғатын неден сұлу,

Өзен-көл бір-біріне өте сайлы.

 

Ереймен, әйгілісің көсемдермен,

Ұл-қызың ел басқарып, өсем деген.

Би, батыр шыққан тегі – Ордасы ғой,

Қанша жау шапса дағы теңселмеген.

 

Тілеймін бір өзіңе жайнағанды,

Бұлбұл құс бау-бақшада сайрағанды.

Жасымыз кәрілікке жетсе дағы,

Мен дайын көтеруге байрағыңды!

Астана. 2020 жыл, 17 сәуір.

 

Жұмыссыздар зары

Біз тұрамыз үлкен қала – Астана.

Шаршадық қой сүйреуменен тәшкі арба.

Көше кезіп жүреміз ғой түнімен,

Болмаған соң төбемізде баспана.

 

Үйіміз жоқ, күйіміз жоқ тасқыған.

Ауырады тамақ іздеп асқазан.

Əлсіреген, күйі кеткен адамды,

Соғып, жығып кете ме деп жасқанам.

 

Əйел қалды, бала қалды ауылда,

Ақша да жоқ, көлік те жоқ баруға.

Қазақ халқын осы күйге жеткізген,

Кім кінәлі, түсіндірші қауымға…

 

Ерейментау қаласы, 2006 жыл.

Серік КӨШКІНБАЕВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар