Мықты отбасы мықты мемлекетке негіз болады

ӘРБІР ШАҢЫРАҚ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел халқына арнаған өз Жолдауында берекелі шаңырақтың қоғамдағы орны туралы дәл осылай деген болатын. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы кейінгі кезде отбасы құндылықтарының төмендеуіне алаңдаушылық білдіріп, жастар арасында жауапкершілікті арттыру қажеттігін де баса айтты.  Бүгінгі таңда отбасы институты үлкен трансформацияны бастан кешіруде. Ақмола облысындағы неке мен ажырасу динамикасы қоғамдағы әлеуметтік-психологиялық өзгерістердің айнасы іспеттес. Осы орайда біз өңірдің мемлекеттік орган өкілдері, заңгерлер, әлеуметтанушылар, педагогтар мен дін өкілдерінің бұл мәселеге қатысты пікірлерін сұрап білген едік.

Отау тіккен жастарымыз жұбын жазбасын

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақмола облысы бойынша филиалының Азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасының басшысы Бота Әділбайқызының айтуынша, еліміздегі неке бұзу үдерісі «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекс аясында реттеледі. Мұндағы басты талап – ажырасудың қай органда жүргізілетіні ерлі-зайыптылардың жағдайына тікелей байланысты болуында. Мәселен, егер жұбайлардың өзара келісімі болса, ортақ кәмелетке толмаған балалары мен мүліктік даулары жоқ болса, сондай-ақ, тараптардың бірі сот шешімімен қабілетсіз деп танылған немесе хабар-ошарсыз кеткен жағдайда, неке АХАТ органдары арқылы бұзылады. Ал, кәмелетке толмаған балалары бар, мүлікке немесе алиментке қатысты даулары таусылмаған, сондай-ақ, тараптардың бірі ажырасуға үзілді-кесілді қарсы болған жағдайда мәселе тек сот тәртібімен шешіледі.

Басқарма басшысы ұсынған статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Ақмола облысы бойынша 2024 жылы 854 отбасы екі жақтың өзара келісімімен некесін үзген, ал, 2025 жылы бұл көрсеткіш 731-ді құрап, шамамен 5 пайызға төмендеген. Өңірдегі халық санының тығыздығына қарай, ажырасудың ең көп үлесі Атбасар және Бурабай аудандарына, сондай-ақ, Степногорск пен Көкшетау қалаларына тиесілі.

– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің цифрлануы некені бұзу процесіне де өзгерістер әкелді. «Электрондық үкімет» порталы арқылы өтініш берудің жеңілдеуі процедураны жеделдетіп, тиісінше тіркелген деректердің артуына әсер етті. Мәселен, облыс бойынша 2024 жылы портал арқылы 346 өтініш түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 452-ге жетіп, 30,6 пайызға артқан. Бұл үрдіс, бір жағынан, халықтың онлайн қызметтерге деген сұранысы мен сенімінің артқанын көрсетсе, екінші жағынан, қоғамдағы отбасылық тұрақтылық мәселесіне мемлекеттік деңгейде баса назар аудару қажеттігін тағы бір мәрте айқындап отыр, – дейді Бота Сейфулина.

Медиация – өркениетті таңдау

Отбасылық дау-дамайды шешуде медиатордың рөлі ерекше. Ақмола облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судья-медиаторы Айжан Байжұманова, медиатор – бұл екі тарапқа да ортақ, бейтарап делдал екенін айтады. Оның басты миссиясы – соттағыдай үкім кесу емес, керісінше, шаңырағы шайқалған жұптардың арасындағы эмоцияны бәсеңдетіп, үзілген коммуникацияны қалпына келтіру. Медиатор жұбайлардың шынайы мүдделерін анықтай отырып, бала күтімі, мүлікті бөлу және алимент секілді күрделі мәселелерді өзара келісіммен шешуге жол ашады.

Тәжірибе көрсеткеніндей, өңірдегі жұптардың ажырасуға бел бууына: ерлі-зайыптылардың бір-бірін тыңдай алмауынан туындайтын ұрыс-керістер, сондай-ақ, ерлі-зайыптылардың бірінің сатқындық пен опасыздық, қаржылық дағдарыс, зорлық-зомбылық және тәуелділік, құмар ойындар мен маскүнемдікке салынуы себепші болуда.

Балалы отбасылар үшін медиацияның маңызы зор. Ең алдымен, бұл процесс баланың психологиялық жүктемесін азайтады. Соттағыдай текетірес емес, сабырлы ортада өткен келіссөздер балаға қауіпсіздік сезімін сыйлайды. Сонымен қатар, медиация ата-аналарды ажырасқаннан кейін де бала тәрбиесінде конструктивті ынтымақтастық орнатуға үйретеді. Мұнда баланың тұратын жері мен кездесу кестесін соттың қатаң шеңберінен тыс, отбасының нақты жағдайына қарай икемді түрде шешуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, медиация барысында мүлікті бөлу және алимент тағайындау мәселелері де өзара тиімді негізде шешіледі. Тараптар мүліктің әділ бөлінісін, алименттің қолайлы мөлшері мен төлеу мерзімін ерікті түрде келіседі. Бұл шешімдерді судья емес, тараптардың өздері қабылдайтындықтан, олардың орындалу деңгейі де жоғары болады.

– Бүгінде Ақмола облысында медиация институты оң қарқынмен дамып келеді. Көптеген жұптар сотқа дейін-ақ келісімге келіп, дайын құжаттарды ұсынады. Мәселен, 2024 жылдың 11 айында 1011 талап арыз түсіп, 645 іс бойынша неке бұзу туралы шешім шығарылды. Ал, 2025 жылдың 11 айында 854 талап арыз түсіп, олардың ішінде 584 іс бойынша неке бұзу туралы шешім қабылданды. Алайда, бұл сандар өңірімізде ажырасу азайды дегенді білдірмейді, өйткені, көптеген арыздар аудандық және қалалық соттарда да қаралады.

Медиацияның мақсаты – тек некені сақтап қалу емес, тараптардың саналы, әрі бейбіт шешімге келуіне көмектесу. Десек те, медиаторға жүгінген жұптардың 20–30 пайызы (кейде 40 пайызға дейін) қарым-қатынастарын сақтап қалуға шешім қабылдайды. Қалғандары ажырасқан күннің өзінде, оны өзара құрметпен, ұрыс-керіссіз жүзеге асырады. Бұл – қоғамдағы отбасылық мәдениеттің жаңа белесі,- дейді Айжан Байжұманова.

Отбасы тұрақтылығы – әлеуметтік кемелдіктің өлшемі

Қазіргі қоғамдағы отбасы институтының трансформациясы мен ажырасу мәселесі – бірнеше терең әлеуметтік факторлардың жиынтығынан тұратын күрделі процесс. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ассистент-оқытушысы, әлеуметтанушы Томирис Қапардың шаңырақтың шайқалуының себептері жайлы айтқан пікірі судья-медиатор Айжан Байжұманованың жоғарыда айтқан пікіріне сәйкес келді. Оның сөзінше, отбасының іргесін бекемдеуде экономикалық тұрақтылық пен білім деңгейі шешуші рөл атқарады. Халықаралық тәжірибе мен отандық деректер білімі жоғары жұптардың сирек ажырасатынын көрсетеді. Бұл олардың некеге кемелденген шағында, тұрақты табысы мен әлеуметтік жауапкершілігі қалыптасқан кезеңде келуімен байланысты. Керісінше, жұмыссыздық пен қаржылық тапшылық отбасы ішіндегі шиеленісті арттырып, некенің бұзылу қаупін жоғарылатады.

Бүгінгі таңда әйелдердің білім алып, еңбек нарығына белсене араласуы отбасындағы рөлдерді қайта қарауды талап етеді. Социологиядағы «екінші» және «үшінші» ауысым ұғымдары, яғни, жұмыстан кейінгі ақысыз үй еңбегі мен туыстарға күтім жасау сияқты эмоционалдық жүктеменің тек әйелдің иығына түсуі – патриархалдық ұстанымдардың сарқыншағы. Қазіргі білімді әйелдер бұл жүкті жалғыз көтеруге дайын емес. Сондықтан, отбасылық міндеттерді теңдей бөлісу – заманауи некенің беріктік кепілі.

Елімізде, соның ішінде Ақмола облысында, алғашқы некеге тұру жасының ұлғаюы, нақтырақ айтқанда, ерлерде – 27, қыз балаларда – 25 жастан жоғары болуы байқалады. Бұл – жастардың «аяққа тұрып», өзін-өзі жүзеге асырғаннан кейін ғана жауапкершілік алуға деген ұмтылысын білдіреді. Алайда, ерте құрылған некелерде алғашқы 4 жыл – ең сыни кезең. Мұндағы басты кедергілердің бірі – ағайын-туыстың жас шаңырақтың ішкі ісіне орынсыз араласуы. Қазақстандық қоғамдық даму институтының дерегінше, ажырасқан жұптардың 27,7 пайызы дәл осы «туыстардың килігуінен» зардап шегетін көрінеді.

– «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген тәмсіл отбасылық тәрбиенің өзегін құрайды. Ата-ананың ажырасуы баланың өзіне деген сеніміне нұқсан келтіріп, мазасыздық деңгейін арттырады және сабақ үлгеріміне кері әсер етеді. Ең өкініштісі – баланың бұл жағдайға өзін кінәлап өсуі, бұл оның болашақтағы жеке өміріне көлеңке түсіреді. Сондықтан, баланың көз алдындағы салауатты отбасылық үлгі – оның болашақ бақытының іргетасы. Отбасын сақтап қалу үшін тек сезім ғана емес, сонымен бірге жауапкершілікті бөлісу, қаржылық сауаттылық және ең бастысы – жас жұбайлардың жеке кеңістігіне құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру қажет, – дейді әлеуметтанушы Томирис Қапар.

Ұлттық тәрбиенің іргетасы

Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің қызметі – отбасы құндылықтарын дәріптеу, ата-ананың тәрбиелік әлеуетін арттыру және шаңырақтарға кешенді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетуге бағытталған. Ассамблея жанындағы Аналар кеңесі төрайымының орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Нұрсәуле Мұратқызының айтуынша, кеңестің басты миссиясы – ұлттық тәрбие жүйесін нығайту арқылы қоғамдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау. Шынында, әр отбасы ұлттық тәрбие мен әлеуметтік тұрақтылықтың іргетасы болуы керек.

Бүгінгі таңда елімізде әйелдердің экономикалық белсенділігі артып, білімге қолжетімділік кеңейген. Тәрбие методикалары цифрлық ресурстар арқылы байып, волонтерлық бастамалар жандана түсті. Дегенмен, жаһандану мен тұтынушылық мәдениеттің өсуі отбасылық жүйеге өз салқынын тигізуде. Жұмыс пен отбасы теңгерімінің бұзылуы, дәстүрлі құндылықтардың трансформациялануы және экономикалық стресс – қазіргі отбасылар бетпе-бет келіп отырған негізгі түйткілдер.

Аналар кеңесіне түсетін өтініштердің басым бөлігі қаржылық қиындықтарға, коммуникацияның төмендігіне және ұрпақаралық қайшылықтарға негізделген. Бұл мәселелерді шешуде Аналар кеңесі «индивид – отбасы – қоғам» атты экологиялық-системалық: мәселенің тереңде жатқан себептерін анықтайтын отбасылық терапия, эмоцияны реттеу мен тиімді сөйлесу мәдениетін үйрететін дағдыға бағытталған тренингтер, отбасылық бюджетті жоспарлау арқылы стресті азайтатын қаржылық сауаттылық және даулы мәселелерді бейбіт жолмен реттейтін медиация тәсілін қолданады.

Кеңес тәжірибесінде кешенді қолдаудың арқасында ажырасудың алдын алған нақты мысалдар жеткілікті. Мәселен, жұптарға арналған арнайы семинарлар мен қолдау топтарының жұмысы нәтижесінде отбасылардағы қанағаттану деңгейі артып, ұрыс-керістер азайған. Мұндағы басты фактор – психолог, заңгер және әлеуметтік педагогтардан тұратын команданың ұзақ мерзімді жұмысы.

«Отбасы – тәрбиенің негізі» деген қағиданы ұстанатын Нұрсәуле Мұратқызы ананың рөлін эмоционалдық қауіпсіздік пен этикалық нормаларды беруші алғашқы әлеуметтік агент ретінде қарастырады. Қазіргі ақпараттық ағым заманында аналарға медиа-сауаттылық пен ақпараттық гигиена дағдыларын меңгерту – бала тәрбиесіндегі маңызды қадам. Маманның пікірінше, берік шаңырақтың заманауи формуласы: «Сенім. Ашық коммуникация. Ортақ құндылықтар. Икемділік. Эмоциялық қолдау және Экономикалық жоспарлау».

– Тұнық ой мен асыл сөз жүректің түбінде жатады, ол тек шынайы диалог пен жылылық арқылы сыртқа шығады. Аналар кеңесінің алдында тұрған негізгі міндет – білім беру жүйесіне отбасы тәрбиесі пәндерін енгізу, дағдарыс орталықтарының жұмысын жетілдіру және заңнамалық деңгейде тұрмыстық зорлықпен күресті күшейту. Аналар кеңесі бұдан былай да ерте араласу жүйесін дамытып, позитивті отбасылық үлгілерді насихаттау арқылы қоғамның рухани діңгегін нығайта бермек, – дей келе Нұрсәуле Мұратқызы «бірлесіп пішкен тон келте болмайды» деген ұстаныммен ерлі-зайыптыларды барлық шаруаны ақылдасып шешуге шақырады.

Неке – Алла алдындағы аманат

Ислам дінінде шаңырақ көтеру – жай ғана екі жастың келісімі емес, бұл – Жаратушының алдындағы қасиетті серт және өлшеусіз жауапкершілік. Көкшетау қалалық Жақия қажы мешітінің бас имамы Ұлан Шәріповтың айтуынша, неке қию рәсімі арқылы жастардың ерлі-зайыпты болғаны Алла Тағаланың және ата-аналарының алдында жария етіледі. Бұл үдерістің негізінде «аманат» деген ұлы ұғым жатыр: ер адам – шаңырақтың тірегі мен қамқоршысы болса, әйел заты – сол үйдің берекесі мен жылуы.

– Қазір қоғамда «бақытты отбасы болу үшін мол дүние мен ақша керек» деген жаңсақ түсінік белең алуда. Алайда, асыл дініміз бақытты материалдық игіліктермен өлшемейді. Нағыз бақыт – ерлі-зайыптының арасындағы шынайы сүйіспеншілікте, Алланың разылығы үшін бір-бірін кешіре алуында және кеңшілік танытуында. Құран Кәрімде айтылғандай, Алла Тағала жұбайлардың арасына махаббат пен рақымшылықты сый ретінде берген. Егер отбасы тек дүниеге ғана арқа сүйесе, сол дүние таусылғанда береке де бірге кетеді. Сондықтан ислам жастарды мәңгілік рухани құндылықтарға үндейді,- дейді бас имам Ұлан Шарипов.

Дінімізде ажырасу мәселесіне өте сақтықпен қарау бұйырылған. «Алланың алдындағы ең сүйкімсіз іс – ажырасу» деген хадис жұбайларды сабырлылыққа, кешірімді болуға және отбасын сақтап қалуға шақырады. Әлбетте, зорлық-зомбылық орын алып, ерлі-зайыптылардың бірі екіншісінің хақысын аяқасты еткен жағдайда шариғат бойынша ажырасуға рұқсат беріледі. Бірақ, бұл – барлық мүмкіндік таусылғанда ғана қолданылатын ең соңғы шара. Көп жағдайда ажырасуға діни білімнің таяздығы мен бір-бірін жете танымау себеп болып жатады.

Бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанынан құрылған «Шариғат және пәтуа» бөлімі мен өңірлердегі мешіт мамандары отбасылық жанжалдарды шешуге белсене атсалысуда. Мешіт жанындағы мамандар да ажырасуға келген жұптарды алдымен бітімгерлікке шақырып, рухани тәрбие жұмыстарын жүргізеді, татуласуға уақыт береді. Жүйелі түрде өткізіліп тұратын семинар-жиындарда неке мен талақ үкімдері, ерлі-зайыптылардың хақысы мен міндеттері кеңінен насихатталады. Бұл орайда, Жақия қажы мешітінің бас имамы «Неке – рухани тазалықтың бастауы және ұлт болашағының кепілі. Шаңырақтың беріктігі әрбір жанның Алла алдындағы аманатына адалдығымен өлшенеді», – дегенді айтады.

Аға буынның алаңдаушылығы

Ажырасу – бір отбасының ғана емес, бүтін қоғамның жарасы. Бір қарағанда, бұл екі адамның ғана тағдыры сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ, тереңірек ойласақ, ерлі-зайыптылардың ажырасуы – ата-ана үмітінің үзілуі, бала тағдырының талқандалуы, қоғамның рухани әлсіреуі. Себебі, көп жағдайда ата-аналар баласының қуанышы үшін барын салып, «Елден қалмасын», «Баламыздың бағы ашылсын» деген ниетпен несие алып, дүркіретіп той жасайды. Алайда, өкінішке орай, ата-ана үмітінің күл-талқаны шығатын жағдайларды көріп жүрміз. Сайып келгенде, аз ғана қиындыққа шыдамай, жұптардың екі жаққа кетіп тынғаны ең алдымен ата-анаға ауыр соққы. Баласының бақытсыздығына күйзелетін ата-ананың жағдайын айтпағанда, жылдарға созылатын қарыз-несиеге ешкім жеңілдік жасамасы анық.

74 жастағы зейнеткер Айғаным әже қоғамда ажырасудың жиілеуіне отбасылық тәрбиенің солқылдақтығы да әсер етіп отырғанына қынжылады. Ол қазіргі қоғамда әйелдердің салмағы артып, ерлердің бұрынғыдай сөзін өткізе алмауы да отбасылық қарым-қатынасты қиындатып жібергенін айтады.

– Қазір көп ата-ана қыздарын барған жеріңе тастай батып, судай сің деп емес, ертең бір өзің қалып қойсаң, аш болмайтындай дипломың, жұмысың болсын деп тәрбиелейді. Бұрынғы аналарымыздай үйінде отырып ерін күтетін, бала-шағасын тәрбиелейтін әйелдің басты қызметі бұл күнде ұмыт болып барады. Баяғыда балалар анасының «әкең келе жатыр» деген сөзінен именетін. Өкінішке қарай, қазір кейбір отбасыда әкелердің рөлі түсіп кетті.

Неке – бұзылса лақтыра салатын базардан алған зат емес қой. Біздің заманда «жаманды жасырып, жақсыны асырып» өмір сүрдік. «Сабыр түбі – сары алтын, сабырлы жетер мұратқа» деген бар. Қазіргі жастар «мінезіміз келіспеді» деп тез ат-құйрығын кесіседі. Бірақ қиындыққа төзгенің – құлдық емес, шаңырақтың берекесін ойлағаның, – дейді қария.

Түйін

Ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын тақырып аясында мамандар мен сарапшылардың пікірін саралай келе, ажырасу мәселесін тек сот үкімімен немесе заң тетіктерімен ғана шешу мүмкін еместігіне көз жеткіздік. Бүгінгі таңда отбасын сақтап қалу – заманауи медиацияның мүмкіндіктерін пайдалану, психологиялық сауаттылықты арттыру және материалдық қиындықтарды бірлесе еңсеру ғана емес, бұл, ең алдымен, некені – Алланың аманаты, ұрпақтың тағдыры және екі адамның бір-біріне деген шексіз құрметі ретінде қабылдау.

Неке – тек дүркіретіп жасалған той емес, үлкен жауапкершілік. Ерлі-зайыптының екі жаққа кетуінің ең үлкен құрбаны – бала. Егер, әрбір жұп қиындық туғанда «ажырасуды» емес, «түсінісу мен келісімге келуді» бірінші орынға қойса, қоғамның іргесі әлдеқайда берік болары сөзсіз. Сондықтан, отбасы институтын нығайту – тек мамандардың міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың өз ошағының отын сөндірмей, жылуын сақтап қалуға деген ізгі ниетінен басталатын ортақ іс.

Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар