«Алауда» үміт оты лаулай түсті

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана қаласында коньки спортының өкілдерімен кездесіп, олардың төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеге дайындықтарымен танысты. Аймақ басшысына ұлттық құрама командасы жаттығатын «Алау» мұз сарайының жаттығу трегі көрсетіліп, олимпиадашыларды даярлау үшін әзірленген бірегей жабдықтар таныстырылды.

Алдағы ХХV қысқы Олимпиада ойындарына шорт-трек бойынша Ақмола облысынан үш спортшы қатысады. Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері Денис Никиша, халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері Яна Хан мен Ольга Тихонова басты жарыстарға қатысу үшін 8 лицензия жеңіп алды.

– Ақмола облысы ел бойынша қысқы спорт түрлерінен көш бастап келеді. Жерлесіміз Владимир Смирнов Лиллехаммердегі Олимпиадада шаңғы жарысынан тәуелсіз Қазақстанымыз үшін алғашқы алтынды жеңіп алған еді. 2025 жылы өңірде 13 спорт нысанын салдық, олардың қатарында Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және «Көкше Арена» спорт кешені бар. Шорт-трек құрамасы Олимпиада ойындарына жоғары спорттық әрі психологиялық дайындық деңгейінде келіп отыр. Енді тек сәттілік серік болып, елімізге жүлдемен оралыңыздар, – деп тілек білдірді өңір басшысы.

Ұлттық құраманың бас бапкері Петр Гамидов құрамаға көрсетілген қолдау үшін облыс басшылығына алғыс айтты.

Қысқы Олимпиада бағдарламасында ақмолалық конькишілер жеке жарыстарда да, аралас эстафетада да өнер көрсетеді. 25 қаңтар мен 4 ақпан аралығында спортшылар Нидерландының Херенвен қаласында оқу-жаттығу жиындарына қатысып, одан кейін Олимпиада ойындарына аттанады.

Айта кетейік, ХХV қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар