Қан майданда от кешіп, бейбіт өмірді түлеткен

Жақсы адамдар туралы айтуды бәріміз жақсы көреміз. Жақсының жақсылығының өзі адамды сөйлеуге жетектеп, өзіне тартып тұратын сияқты. Адамдармен көп араласып жүргенде байқағаным, олардың бәрі біркелкі емес, ала-құла, біреулері шешіліп сөйлегенді жақсы көреді, екіншілері көп сөзді емес, көбірек тыңдағанды ұнатады, үшіншілері оқта-текте әңгімеге араласып, сөйлеушіге дем беріп отырады. Ал, бірақ, осындай мінез-құлықтары әрқилы адамдардың өзі кезек көпшілікке ұнамды, халыққа ортақ сүйкімді кісіге келгенде, әрқайсысы ол туралы көңіліне түйген жақсылығын айтуға асығып тұрады.

Міне, осындай көптің көңілінен шыққан, өмірден өткелі талай жылдардың жүзі болса да, жасаған жақсылықтары аңыздай айтылып ел аузында жүрген абзал азаматтарымыздың бірі Қиззат Қатренұлы Қатренов болатын. Әрине, уақыт зымырап өтіп жатыр, сондықтан, бұл кісілердің көзін көрген адамдар да азайып қалуы заңдылық. Осы себептен де, көзден кеткеніне едәуір уақыт өткен осы бір аяулы жан туралы оны білетін жандардың есіне түсіріп, ел аузында жүрген естеліктерді жаңғыртуды міндетіме алып отырмын. Өйткені, мұндай адамдар туралы кейінгі ұрпаққа біздер айтып таныстырып отырмасақ, үлкендігіміз қайсы?!

Міне, 2025 жыл аяқталып, жаңа жылды да қарсы алғанымызға он шақты күн болып қалды. Әрине, әр өтіп жатқан жыл әркімге әртүрлі жаңалығымен есте қалары анық. Менің өз басым және марқұм болған жолдасым Сәбит Меңдібайұлы Шағыров екеуімізбен араласқан ағайын-туыс, дос-жолдастар үшін өткен жылдың бір есте қалары, біз, міне, дәл былтыр Сәбең туралы «Адал адам туралы сөз» деген кітап шығарып, аруағының алдында бір борышымызды өтегендей болдық. Мұны есіме алып жатқан себебім, осы аяулы ел азаматтарының бірі Сәбит Меңдібайұлы осы Қиззат Қатренұлымен өз өмірінде қатты сыйласып өткен жандардың бірі еді. Жоғарыдағы аталған кітапты жазу үстінде біз Сәбеңмен бірге жүріп, араласқан, қатты сыйласқан Қиззат ағатайымызды еске алдық, кітапқа атын енгізіп, жақсылықтарын атап өттік. Дегенмен, әрине, бір адам туралы жазып отырып, екінші адамның қадір-қасиетін тереңдетіп әкете алмайсың ғой. Сондықтан да, сол кездерде Қиззат ағатайымыз туралы жеке мақала жазылса деген ой туып, жаныма тыныштық бермеді. Және оның үстіне ол кісіні білетін, сыйлайтын көкшеліктер, айналамыздағы араласқан адамдар да бұл ойымды қолдайтынына, осындай сағынышты пейіл олардан да табылатынына сол сәт толық сенімді едім.

Енді білмейтін көпшілік үшін, әсіресе, ұрпақтар үшін, жақсы адамның аруағын жаңғырта отырып, ол кісінің өмірбаян жолдарына шолу жасай кетейін. Қиззат Қатренұлы егер өз ағайын-туыстары арасында ғана белгілі жан болса, өз айналамызда ғана сөз етіп, мұншалықты жариялауға әрекет қылмаған да болар едік. Бірақ, біздер, бұл кісінің жақсылық, шарапаты тек ағайын-туыстарына ғана емес, жалпы көпшілікке де тиіп, елі үшін еселі еңбек еткеніне куә болған жандар едік. Оған өздеріңіз де өмірбаян жолдары арқылы көздеріңізді жеткізе жатарсыздар.

Сонау 1981 жылы, 2 сәуір күні, осыдан 45 жылдан бұрын облыстық «Қазаяқкиім» сауда базасының меңгерушісі Қиззат Қатренұлы небәрі 56 жасында өмірден өткенде жаназасына жиналған адамдардың қарасы өте көп болды. Ағылған машина, сапырылысқан адамдардың қарасына қарап тұрып, көзіміз жылаулы, қайғылы күйде тұрсақ та, асыл ағатайымыздың халық үшін орыны қаншалықты биік екенін, оның тек өз айналамыз үшін ғана қымбат еместігін, отбасы немесе туысқандары үшін ғана еңбектенбегенін жақсы түсінгендей болдық. Қайғырып тұрсақ та, жүрегімізді оған деген әрі құрмет, әрі мақтаныш сезімі биледі.

Қиззат Қатренұлы 1925 жылы бұрынғы Көкшетау облысы, Володар ауданы, Құмтөккен ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Еңбек жолын 1940 жылы Жданов атындағы қолхозда есепші болып бастады. Ал, 1942 жылы он жеті жасында өзі сұранып Кеңес Армиясы қатарына алынып, Ұлы Отан соғысына қатысты.  Соғыс уақытында бастан-аяқ Қиыр Шығыс өңірінде болып, жапон милитаристеріне қарсы ерліктің үлгісін көрсетті. Содан туған жерге Отан алдындағы әскери борышын толық өтегеннен кейін, тек 1947 жылы ғана араға табаны күректей бес жыл салып, бір-ақ оралды. Ол кісінің сол соғыста бірнеше марапаттарға ие болып, жан алысып, жан беріскен майдан даласынан аман қайтуы ағайын-туыс, ел үшін де үлкен қуаныш, бақ десек те болар.

Армия қатарынан аман оралған соң, Қиззат Қатренұлы Көкшетау механикалық зауытында жұмысшыларды жабдықтау дүкенінің меңгерушісі болып еңбек етті. Ал, 1949 жылдан 1963 жылға дейін Көкшетау қалалық сауда өндіріс шаруашылығының директоры қызметін атқарды. Одан кейін, 1963 жылдан өмірінің соңына дейін облыстық «Қазаяқкиім» сауда базасының меңгерушісі болып қызмет етті. Қиззат Қатренұлының өмір бойы осы Көкшетау облыстық, қалалық сауда жүйелерінде басшылық қызмет атқаруының өзі оның іскерлігінің, адал еңбек ете білуінің, жауапкершілігінің молдығының белгісі деп ұғамыз.

Оның нақты дәлелі сол, кезінде Көкшетау облысы қала деңгейіндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, бірнеше рет Көкшетау қалалық халық депутаттары Кеңесінің құрамына енді, облыстық сауда, тұтынушылар кәсіподағы президиумының мүшесі де болды. Қазақ КСР-і сауда саласының үздік қызметкері атағын алып, КСРО сауда саласының төрт бірдей медалімен марапатталды.

Міне, өмір бойы облыс, қала деңгейінде еліне елеулі, халқына қалаулы болған, абырой-беделі ешкімнен кем емес Қиззат Қатренұлының көпшілік алдындағы қадір-қасиетін танытар көрнекті еңбектері осындай.

Ал, енді, осы көпке танымалдылығы, Көкше жұртшылығына қадірлі болғандығы меніңше, ол кісінің ағайын-туыс арасынан озық шығып, өзінің еті тірілігімен даралануының арқасы деп ойлаймын. Ең алдымен, өз ағайын-туысына қадірі болмайтын адамның көпшілікке абыройлы болуы мүлде мүмкін емес жағдай.

Қиззат ағатайым қызмет етіп, еліне сыйлы болып жүргенде, жас бала болсам да, мен ол кісінің кімге болсын сөзі өтімді екеніне, былайғы жұрттың алдында да беделді адам екендігіне көзім жететін. Ағайын-туыс арасы, қандай бір мәселе туындап қалса да, «Қиззат ағатаймен ақылдасайықшы, сол кісі біледі, шеше алады» деп жататын.

Біз дана Абай туралы кітаптарды оқып, бойжеттік, сонда айтылады ғой, «Абайдан ақыл сұрап, көмек сұрап, жан-жақтан адамдар ағылып жататын» деп. Әрине, Қиззат ағатайымызды ондай биік дәрежелі адам демеспіз, дегенмен, көпшіл, халықтың адамы екенін ажырататынбыз. Өз айналамызға ғана емес, алыс-жақыннан келген, көмек сұраған, қол ұшын беруді өтінген жанға ол кісі әрқашан дайын еді. Ешкімнің қолын қағып немесе бетін қайтарып көргенін естіген де, білген де емеспін. Ол кісінің алдынан әркім жасаған жақсылығына алғысын айтып, риза көңілмен шығып жататын. Адамдардың сондай разы пейілін көрудің өзі біз сияқты жақындары үшін ерекше мақтаныш болатын.

Мен өз басым, Марал Сайлауқызы, ол кісімен немерелес туыспын, ол кісінің қолында тұрып оқыдым, осы шаңырақтан ұзатылдым. Сәбит Меңдібайұлы екеуіміз отау құрып, өз алдымызға үй болып кеткеннен кейін де, ол кісі бізге құдды туған әкеміздей қамқорлық көрсетіп отырды. Мұндай шексіз жақсылықты қайдан ұмытарсың?!

Былай қарағанда, ол кісіге күйеу бала болып келетін жолдасым Сәбит оны туған әкесінен кем көрген жоқ, өле-өлгенше аруағын еске алып, разылығын жеткізумен болды. «Шіркін, нағыз бір кітап қылып жазуға тұратын адам ғой!» дегенді жиі қайталап, айтып отыратын. «Тірі болсам, осы борышымды өтермін!» деп отырушы еді, әттең, ол арманына жетіп үлгермеді.

Ал, енді, біз Қиззат ағатайымнан көрген жақсылығымызды өз атымыздан ғана айта алатынымыз анық, ал, ол кісінің мұндай жақсылығын көргендер біздің айналамызда толып жатыр. Елдің бәрі көрген жақсылығын сыртқа шығара бере ме? Оған біреудің мүмкіндігі жетіп жатса, көпшілігінің ішінде кетіп жатады, тек өмірден өткенше әңгіме қылып өтумен шектеледі. Бәлкім, осы мақаланы жазуым жалғыз өз атымнан емес, сол жақын-жуық адамдардың аманатын орындауым да болар.

Ақыр аяғында, ағайын-туыс ортасында әбден қадір-қасиеті биіктеген Қиззат Қатренұлының адамдарға жасаған осы жақсылығының арқасында көпшілік арасында да беделі жоғарылап өсе түсті, елінің өз адамына айналды. Сондықтан да шығар, ол кісі біздің өз ішімізде ғана емес, басқа жерлерде де абыройы асып, «біздің Қиззатымыз», «өзіміздің Қиззат» деп аталып кеткенін талай естіп, көңіліміз өсіп, марқайып жүрдік. Ол кісінің қасында жүру, араласу, пікірлес, әріптес және істес болу өзгелер үшін абырой, тіпті, бедел еді.

Мына бір жыр шумақтары Қиззат ағатайымызға, халықтың өз перзенті Қиззат Қатренұлына деген ықылас-ілтипатымыздың белгісіндей болсын!

Беу, шіркін, аяулы Қиззат ағам,

Еліңе, ағайынға қымбат бағаң.

Жақсылығың есіме түскен сайын,

Кеудемді мақтан  кернеп, қуаттанам.

 

Қиззат ағатайым, мақтанышым,

Еңбектендім сеніміңді ақтау үшін.

Қолыңнан келгеніңді аямадың,

Не істейін есіміңді сақтау үшін?!

 

Кітап арнау, ағатай, ендігі арман,

Өте шығар әркімге мына жалған.

Жақсы адамнан бір белгі қалса деймін,

Ұрпақтарға жететін, біздің қолдан.

 

Ізі қалса егер, адам мәңгі өлмеген,

Білсе ұрпағы, жақсылығы ол көрмеген.

Немере мен шөберелер жетілді,

Қиззат ағатай, отың сенің сөнбеген.

 

Біздер соған бәріміз қуанамыз,

Ізі өшкен жоқ әлі деп жұбанамыз.

Ағатайым, істерің мәңгі өлмейді,

Ұрпақ өсер, артыңда қалар аңыз!..

  Марал САЙЛАУҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар