ПРОКУРАТУРА САҢЛАҒЫ
Ақан сері «Тау болсаң, Жыландыдай биік тау бол» деп жырына қосқан Жыланды тауының етегіндегі Үлгілі ауылынан талай заңғар тұлғалы азамат шықты. Солардың бірі – Қазақстан Республикасы прокуратурасының құрметті қызметкері, аға әділет кеңесшісі Қонысбек Ибраев. Көзі тірі болса, ол бүгінде 70 жасқа келер еді.
1997 жылы Көкшетау облысы жабылып, Солтүстік Қазақстан облысына (СҚО) қосылған соң он жыл тұрған Көкшетау қаласымен қимай қоштасып, отбасыммен бірге Петропавл қаласына қоныс аударуыма тура келді. Сондағы облыстық телерадиокомпанияны басқарып жүрген кезімде Айыртау ауданындағы туған ауылым – Дәуқараға бір барғанымда жергілікті мектепте мұғалім болып істейтін сыныптасым Алданыш Нұрпейісов тоғызыншы-оныншы сыныптарда Көкшетауда өзімен бірге оқыған Қонысбек Ибраев та қызмет бабымен СҚО-ға ауысып, облыс прокурорының бірінші орынбасары болып тағайындалғанын айтып, оған сәлем жолдады. Петропавлға оралған соң Қонекеңе барып, жаңа қызметіне құтты болсын айтып, Алданыштың сәлемін жеткіздім. Мінезі ашық, ақжарқын жігіт екен, ә дегеннен-ақ тіл табысып кеттік. Таныстығымыз біртіндеп достыққа ұласты. Қай қиырда жүрсек те, хабарласып, амандық-саулық білісіп тұрдық, той-томалақтарымызда қуанышымызды бөлісіп, жақындарымыздың бата-дұғасында қайғымызға ортақтасып, бір-бірімізге қолдау білдіріп жүрдік.
Ойлап қарасам, бізді жақындастырған сөз өнеріне құштарлық пен өмір жолдары ұқсас замандастығымыз екен. Қонысбек Балташұлы бала кезінен көркем әдебиетті көп оқып, ақынжанды болып өсіп, ауылдас ағасы, әйгілі журналист, жазушы, қоғам қайраткері Жанайдар Мусин сияқты қаламгер болуды армандағанымен, арқа тұтқан әкесінің бір ауыз сөзін жерге тастамай, Қарағанды мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түсіпті. Сөйтіп туған ауылынан шыққан белгілі заңгерлер Нұрғазы Жүсіпов, Шора Сейітов және Қайрат Жүсіпов сынды ағаларының ізін басты. Кеңес заманында қалыптасқан мансап жүйесімен еңбек жолын қарапайым жұмысшылықтан – Көкшетау аспап жасау зауытының токарьлігінен бастап, жоғары білім алған соң да қатардағы қызметке орналасып, төрт жыл Келлер аудандық прокуратурасының тергеушісі болып істеді. Содан кейін біртіндеп өрлеп, Арықбалық аудандық сотының халық судьясы және төрағасы болып сайланып, жеті жыл қазылық етті. Жиырма бір жыл прокуратура органдарында басшылық қызметтер атқарды. Қазіргі Бурабай ауданының прокуроры, Түркістан облысы прокурорының орынбасары, Ақмола, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары прокурорларының бірінші орынбасары, Петропавл қаласының прокуроры болды. Зейнет жасына жеткен шағында мол тәжірибесі, жоғары кәсібилігі ескеріліп, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының құқық қорғау мәселелері жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырылды. Осы лауазымда үш жыл еңбек етті.
Қонекең қай қызметте жүрсе де, қастер тұтқан қаламын қолынан тастамай, әртүрлі тақырыпқа мақала жазып, газеттерге жариялап жүрді. Өлеңге әуестігін де қалдырған жоқ. Ол, «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Өмір Есқали және мен – үшеуіміздің әзіл-қалжыңымыз жарасып, қолымыз тигенде ұялы телефонмен SMS арқылы айтысып та қоятынбыз.
Қонысбек Балташұлы қара қылды қақ жарған әділдігімен, араша сұрап алдына келген адамға түсіністікпен қарап, кеңесі мен көмегін аямайтын биік адамгершілігімен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің өткір сауалдарынан қаймықпайтын ашықтығымен дараланды. Әлі есімде, 2004 жылғы қазан айында Қызылжар өңіріндегі ЕС 164/3 түзету мекемесінде жазаларын өтеп жатқан 35 тұтқын өздеріне қол жұмсау әрекетіне барғандығы қоғамда үлкен резонанс туғызды. Осыған байланысты жүргізілген прокурорлық тексеріске басшылық жасаған СҚО прокурорының бірінші орынбасары Қонысбек Балташұлы арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, мән-жайды түсіндіріп, журналистердің сұрақтарына жауап берді. Сотталғандардың күн сайын түрме аумағын тазалап, жайластыруға арналған екі сағаттық жұмысқа шығудан бас тарту сияқты бірнеше талабы орынсыз екендігін айта келіп, олардың хаттары мен өтініштері уақтылы жолданбайтындығы, тамақ пен дәрігерлік қызмет сапасының төмендігі туралы шағымдары негізді деді. Сондай-ақ дәрігерлік тексеруге сұранған сотталғандарды мекеме әкімшілігінің бұйрығымен айыппұл оқшаулағышына қамау фактілері болғанын да растады. Сол себепті наразылық акциясына қатысушыларға ешқандай жаза қолданылмайтындығын, ал заң бұзушылықтарға жол берген колония басшылары тиісті жауапқа тартылатындығын мәлімдеді. Осындай әділ шешімге журналистер риза болып тарасқан еді.
Қонысбек Балташұлы Петропавл қаласының прокуроры болған кезінде турашыл да табанды ұстанымымен ауызға ілікті. 2011 жылы күзде Петропавлдың орталығындағы жер телімдеріне құқық беру туралы жергілікті әкімдіктің қаулылары оның Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотқа түсірген шағымының негізінде заңсыз деп танылғандығы біз үшін сенсация болды. Себебі, қалалық мәдениет және демалыс саябағының аумағында және оған жақын маңда орналасқан екі жер телімі жұрт «жер сатушы» деген лақап ат қойған бұрынғы облыс әкімінің тұсында сатылып кеткен екен. Ол шенеунік әлі де жоғары жақта үлкен қызмет атқарып жүрген еді. Сондықтан да болар, Қонысбек Балташұлы баспасөз мәслихатында: «Біз осы жер телімдері үшін үш жыл күрестік. Несін жасырамыз, бастапқыда өз әрекетімізге сеніміміз шамалы болды. Өйткені, бұл телімдердің артында қалталы адамдар тұрды», – деп шынын айтты.
Қонекең ел келешегі – жас ұрпақ тәрбиесіне жауапты білім беру ұйымдарында заңдылық пен тәртіптің сақталуына ерекше көңіл бөлді. Оның бастамасымен жүргізілген тексеріс нәтижесінде Петропавл құрылыс колледжінің директоры жасы алпыстан асқан күзетшіні, банкте, мектептерде жұмыс істейтін таныстарын студент ретінде тіркеп, оларға тиесілі стипендияның ақшасын қалтасына басып келгені әшкереленді. Сол «студенттер» өздерінің колледжде «оқитынын» білмейтін де болып шықты. Араны ашылған басшы жалған «сабақ бергені» үшін де жалақы алып келіпті. Осылайша қыруар қаржыны қалтасына басқан екен. Ақыры сотталып, темір тордың арғы жағына тоғытылып тынды.
Қала прокуроры Қ.Ибраевтың ұсынысымен облыс орталығындағы спорт мектебінің директоры да қызметінен қуылғаны жадымызда. Ол өзінің туыстарын «қызметке алып», жалақы төлеп отырған. Тіпті баласы шетелге оқуға кеткенде де оның шотына ай сайын жалақы сомасын аудара беріпті.
Мен он шақты жыл СҚО Тәртіптік кеңесінің мүшесі болдым. Бір отырысымызға қатысқан қала прокуроры Қонысбек Балташұлы Петропавлдағы №2 орта мектеп директорын қарамағындағы үш қызметкеріне заңсыз сыйақы берді деп айыптады. Біреуінің жұмысқа тұрғанына бір ай да болмапты. Тіпті жұмыста болмаған кей қызметкерге де толық көлемінде жалақы төлеген. Қонекеңнің қызмет бабын асыра пайдаланып, жемқорлыққа жол берген басшыны орнынан босату туралы ұсынысын бірауыздан қолдадық.
Қонекең қала құрылысы саласындағы былық-шылықты тыюға да күш салды. Ол Тәртіптік кеңестің кезекті бір отырысында қалалық прокуратура Петропавл қаласында пайдалануға берілген көмірсутегі шикізатын қайта өңдеу кешенін мемлекеттік қабылдау кезінде қолданыстағы заңнама өрескел бұрмаланғандығын әшкереленгендігі туралы хабарлама жасады. Нақты айтқанда, қабылдау комиссиясының құрамына енуге міндетті мүшелер түгел болмаған және тиісті актілерге заңсыз қол қойылған екен. Осыған орай, Қ.Ибраевтың ұсынысымен Петропавл қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушыны сыбайлас жемқорлыққа жағдай туғызғаны үшін қызметінен босату туралы шешім қабылдадық.
Қонекең кеңес заманында ұмытыла жаздаған ұлттық құндылықтарымызды қалпына келтіру ісіне де хал-қадерінше атсалысты. Өзі басшылық жасаған құқық қорғау органдарында тіл заңнамасы талаптарының орындалуын қадағалап, ұлттық мерекелерді тиісінше атап өтуге ұйытқы болды. Елдің қай өңірінде қызмет етіп жүрсе де, жыл сайын 9 мамырда туған ауылына келіп, Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан әкесі Балташ пен анасы Қалиманың бейіттерінің басына барып, Құран оқытып қайтатын әдетінен ешқашан жаңылған емес. Қарбалас жұмыстан қолы босаған кезде орман-тоғай кезіп, өзен-көлге қармақ салып, оңаша ойға шомуды ұнататын. Аңшылықты атакәсіп санап, ара-тұра дос-жолдастарымен бірге қыста сонарға шығып жүретін. «Егемен Қазақстанның» 2019 жылғы 18 қыркүйектегі нөмірінде жарияланған «Бетің ашылмасын» мақаласында отбасылық қарым-қатынаста өнегелі тәлім-тәрбиенің, әсіресе, ене мен келін арасындағы ізетті қарым-қатынастың орны бөлектігі туралы сөз қозғапты. «1979 жылы болашақ жан жарым Зәуре екеуіміз жүрек жарастырып, үлкендердің батасын алуға елге келдік. Кіндігім кесілген Үлгілі ауылы да, қайынжұрт – Кіші Жамантұз да ашқұрсақ студенттерді құрақ ұшып, құшақ жая қарсы алды. Қашан Қарағандыға жүріп кеткенше енем Тілеуке Асқарқызы ақыл-кеңесін Зәуре екеуіміздің құлағымызға құйып бақты. «Татулық, сыйластық – бір-біріңе кешірімде. Екі жақты да ренжітпеңдер», дей келіп, қызының жүзіне барлай қарады. Сосын «Қонысбек баламның туған-туыстарымен сөзге келіп, бетіңді ашып алма. Түкке тұрмайтын керіс, дау-дамай түймедей нәрсені түйедей етуден тұтанып жатады» деген сөзді қатқыл дауыспен нығарлап айтты. «Үйге күйеу баласыз келуші болма» деп қосып қойды. Содан бері «беттерің ашылмасын» деген ұғым отбасымыздың өмірлік қағидасына айналды.
Қазір ой елегінен өткізіп отырсам, кейде тәрбиенің төресі өткен уақыттың еншісінде қалып қойған сияқты көрінеді. Өйткені, «бетің ашылмасынның» қадір-қасиетін сезінетін, парқын түсінетін ұрпақтың азайып бара жатқаны алаңдатады», деп толғаныпты Қонекең.
Еліміздің бүгінгі Бас Прокуроры Берік Асылов СҚО прокуратурасын басқарып жүрген 2017 жылы «Солтүстік Қазақстан» облыстық газетінде жарияланған мақаласында: «Адалдық пен қайсарлықтың үлгісіндей болған прокуратура ардагерлері Сәкен Оразалин, Қайша Ахметова, Галина Дмитриенко, Степан Зайтлер, Қонысбек Ибраев, Юрий Кинцель, Қазиқан Рақышев, Людмила Завьялова, Уәлихан Кәрімовті ерекше атап өтуге болады. Бұл азаматтардың әрқайсысы биік белестерді бағындырып, батылдық пен кәсібиліктің үлгісін көрсетті», деп жазған екен. Алып-қосары жоқ әділ пікір, лайықты құрмет.
2020 жылы талай асыл азаматты арамыздан алып кеткен коронавирус пандемиясының құрбаны болған досым Қонысбекті еске алғанда бір кезде оған арнап жазған өлеңім ойыма оралады:
Кезің жоқ әділдікті қорғамаған,
Көз жасын тыйып нақақ сорғалаған.
Қамшысы Қанай бидің бір қолыңда,
Қаламың бір қолыңда жорғалаған.
Тірлікте намыс туын жықтырмадың,
Ұстасқан дұшпаныңның жықтың бәрін.
Айнымай ақ жолдан бір, Көкше түгіл,
Шымкенттің шаңын дағы жұқтырмадың.
Жаныңа серік етіп ақындықты,
Көрсеттің бізге талай жақындықты.
Бірақ та сөз қадірі қашқан шақта
Таңдауың заңгерлікті ақыл тіпті!..
Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
![]()

