Оқу жылының бірінші жартыжылдығын атқарылған жұмыстарды саралап, шәкірттердің осы уақыт аралығында бағындырған алғашқы белестерін қорытындылайтын маңызды кезең деп санаймын.
2025 жылдың қыркүйек айынан бастау алған кезекті оқу-тәрбие үдерісі мектебіміз үшін берекелі де жемісті болды. Біздің оқушылар білім саласында да, спортта да, өнерде де мектеп мерейін үстем етіп, биік белестерді бағындыруда.
Біздің басты мақсатымыз алдымызға келген оқушыларға сапалы білім беріп, тұлғалық қалыптасуына жол ашу. Осы ретте, пәндік олимпиадалар оқушылардың білім деңгейін анықтап, дарынды балаларды қолдайтын және болашақта жоғары оқу орнына түсуге жеңілдіктер беретін маңызды доданың бірі. Биылғы пән олимпиадалары маусымында оқушыларымыз жарқын нәтижелер көрсетті.
Нақтылай түссем, 7-сынып оқушысы Расул Бақтыбаев С.Жексенованың жетекшілігімен ағылшын тілінен олимпиадаға дайындалып, аудандық кезеңде 1-орынды иеленіп, облыстық кезеңге жолдама жеңіп алды. Жалпы, ағылшын тілі пәнінен мектебімізде 8 жүлдегер бар. Олардың қатарында 5-сынып оқушылары Таисия Антонюк пен Александра Рыженко 2-орындарды бағындырды. Бұл арада мектебіміздің ұстаздары Е.Антонюк пен А.Оспанованың еңбектері зор деп білемін.
Мемлекеттік тілді құрметтеу мен меңгеруде де шәкірттеріміз озық тұр. Орыс тілінде оқитын сыныптардың өзге ұлт өкілдерінің арасындағы оқушыларымыздың мемлекеттік тілді білуге құштарлығы сонша, көптеген пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарға ие болғанын атап өткен жөн. Мәселен, орыс сыныбының оқушысы Софья Палий ұстазы М.Бөкенованың жетекшілігімен қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық кезеңде екінші орын иеленіп, мектеп мерейін үстем етті. Сол секілді, Валерия Вахтер орыс тілінен, ал, Екатерина Невидловский құқық негіздерінен жүлделі орындарды иеленіп, ұжымымызды қуантты.
Жоғары сыныптар арасындағы Президенттік «Алтын түлек» олимпиадасының аудандық кезеңінде Екатерина Сальникова мен Малика Хамзина 2-орынға ие болды. Бастауыш буында ұйымдастырылатын «Алтын сақа» математикалық олимпиадасының жүлдегері Константин Каркавиннің жетістігін де мақтанышпен айтамыз.
Оқушыларымыз тек білім жағынан ғана озық емес, өздерін басқа да салаларда жақсы танытып жүр. Спорт саласына мойын бұрып, келешекте ел спортының дамуына үлес қосады деген санатта жүрген жастарымыз да баршылық. Мәселен, Нұртілеу Хуантхан Президенттік «Алтын түлек» олимпиадасында биологиядан жүлдегер атанғаны бір бөлек, сонымен бірге, аудандық футбол жарыстарында да бірнеше дүркін жеңімпаз атанған оқушымыз. Сондай-ақ, полиглот шәкіртіміз Расул Бақтыбаев бастаған волейболшыларымыз Новак Денис, Қайырден Әміржан аудандық «Жастар» спартакиадасының жүлдегерлері, ал, 10-сынып оқушысы Жан Смағұлов футбол, волейбол және баскетболдан мектебіміздің нағыз мақтанышы. Оқушыларымыздың спорттағы жетістіктері дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің жүйелі ұйымдастырып жүрген жаттықтыруларының арқасы. Сондықтан, осы орайда, баскетбол жаттықтырушысы М.Смағұлов, футбол жаттықтырушылары К.Әбенов пен Д.Палий есімді өз істерінің мамандарын ерекше атап өткім келеді. Себебі, баскетбол мен футболдан біздің командаларымыз аудандық жарыстарда бірнеше жыл қатарынан 1-ші және 2-ші орындарды ешкімге бермей келеді.
Мәдени салада да оқушыларымыздың жетістіктері аз емес. «Бала шабыты» республикалық байқауында Нұргелді Сәрсенов пен Екатерина Шияпова жеңімпаз атанса, «Ақмола жұлдыздары» байқауында А.Сейсембаеваның жетекшілік ететін Айша Асқар мен Жарина Жарылқаповадан құралған «Дарайша» дуэті 1-орынды иеленді.
Мектебіміздің мақтанышына айналған «Мақсат» дебат клубы да аудандық жарыстарда жақсы нәтижелер көрсетіп жүр. Білікті мамандар Р.Нұрғазинова мен М.Семченконің жетекшілік етуімен мектептің ділмарлары үш тілде еркін пікір сайыстырып, аудандық деңгейде жеңіс тұғырынан көрінуде.
Мектептің беделі мен абыройы – ұстаздар мен оқушылардың ортақ еңбегі. Біздің әрбір шәкіртіміз бір-бір жұлдыз десе болады. Олардың ғылымға, спортқа және өнерге деген құштарлығы бізге, педагогтарға жаңа серпін береді. Себебі, оқушы жетістігі – ұстаз мерейі.
Ермұхан ЖАПАБАЕВ,
Төлеу Шаханов атындағы №2 жалпы орта білім беретін мектептің директоры.
Ерейментау қаласы.
![]()

