Аграрлық жетекші аймаққа айналып отыр

АГРОӨНЕРКƏСІПТІК КЕШЕН

2025 жылдың қорытындысы бойынша Ақмола облысы Қазақстанның басты астықты өңірі ретіндегі мәртебесін тағы да нығайтты. Өңір диқандары дәнді дақылдардан рекордтық өнім жинап, бастырылған астық көлемі 7,6 миллион тоннадан асты. Сонымен қатар, жиналған өнімнің 75 пайызы 3-сыныпты сапаға сәйкес келеді. Бұл жоғары көрсеткіш.

Майлы дақылдар өнімі де айтарлықтай артты. Бұл дақылдар бойынша егіс алқабы 2,5 есеге ұлғайып, нәтижесінде шамамен 600 мың тонна өнім жиналды және ауыл шаруашылығы өндірісінің рентабельділігіне қол жетті. Жыл қорытындысы бойынша облыста жалпы көлемі 1,19 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Сондай-ақ, облысымыз еліміз бойынша ең жоғары физикалық көлем индексін (ИФО) қамтамасыз етіп, бұл көрсеткіш 115,9 пайыздан айналды.

Ақмола облысы «Кең Дала» бағдарламасы аясында тартылған жеңілдетілген несиелік ресурстар көлемі бойынша республика аймақтары арасында көш бастады. 928 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші жалпы сомасы 118,7 миллиард теңге көлемінде қаржы алды. Бұл егіс және орақ науқандарына уақытылы әрі сапалы дайындықты қамтамасыз етті. Облыс тарихында алғаш рет несиелік қаражат қайтарымдылығының жоғары деңгейі тіркелді.

Жыл басынан бері жақын және алыс шетелдерге 3,5 миллион тоннадан астам жоғары сапалы астық экспортталды. Бұл өңірдің экспорттық әлеуетін арттырып, Қазақстанның әлемдік нарықтағы позициясын да нығайта түсуде.

Сонымен қатар, облыста мал шаруашылығын дамыту стратегиясы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Соның ішінде негізгі бағыттардың бірі – Ерейментау ауданында мал шаруашылығы кластерін қалыптастыру. Жоба аясында бастапқы қуаттылығы 7,5 мың бас қалмақ тұқымдас ірі қара малға арналған екі репродуктор, сондай-ақ, 30 мың басқа арналған бордақылау алаңын салу көзделген. Бұл алдағы уақытта ет бағытындағы мал шаруашылығын дамытуда және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды қадам болмақ.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар