Ел Президенті Қ.К.Тоқаев туризм туралы бір айтқанында, Ақмола облысындағы танымал туризм орталықтары Бурабай, Зеренді, тағы басқаларының қатарына Ақкөл ауданын да қосып еді.
Меніңше, бұл өте дұрыс ой. Туристер барған жерінде әсем табиғатты көріп, жақсы дем алғысы келеді. Осындай жерлер Ақкөл өңірінде мол да, мүмкіншіліктер де бар. Бурабайдың қалың орманының басы осы ауданнан басталады. Ауданның Еңбек ауылынан басталып, аралас өскен қарағай, қайың, терек, тағы басқа да ағаштар үздіксіз сол әсем Бурабайға дейін жалғасады. Орманмен қоса, жергілікті өзен-көлдер де жеткілікті. Біразы зерттеуді қажет етеді. Азат (бұрынғы Ивановский) ауылынан Степногорск бағытына шыққанда тұзды көл бар. Мүмкін, бұл көлдің құрамында денсаулыққа пайдалы элементтер бар шығар. Мұны неге зерттеп, медициналық туризмге айналдырмасқа?! Мен білетін Талқара өзенінің бойы Өрнек ауылының сыртынан басталып, сонау Колутон өзеніне құяды, екі аралық шамамен жүз шақырымнан асатын шығар. Бұл өзен ауданның Өрнек, Радовка, Талқара, Амангелді, Урюпинка, Ерофеевка ауылдарын басып өтеді.
Осылардың кейбіреулеріне өзімің көзқарасымды білдірсем деймін. Мысалы, Талқара ауылының маңында үлкен су қоймасы бар, оның екі жағында да орманды алқап. Амангелді ауылы өзенінің арғы бетінде қалың қарағайлы орман жанынан жарқырап Талқара өзені ағып жатыр. Осындай табиғат Урюпинка өңірінде де бар. Көп болмаса да, тарихи орындар да кездеседі. Олар Өрнек ауылының сыртында Құндыз апай тауы, Кеңес ауылына тақағанда 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс болған Домбыралы тауы, Амангелді ауылынан алты шақырымдай жерде белгілі жазушы-шежіреші Жайық Бектұровтың кіндік қаны тамған жер, Урюпинка елді мекеніне тақағанда Абылай ханның тұсындағы Қазы батырдың сарбаздарымен жерленген жері және тағы басқалары.
Аудан туризммен айналыспайды деп айта алмаймын. Алғашқы қадамдар бар. Ақкөл орман шаруашылығы елді мекенінің жанынан демалыс үйі ашылыпты. Талқара ауылының жанында, өзеннің бойында Өмірбаевтар шағын үйлер салып, халықтың жазғы демалысын ұйымдастыруда деп естимін. Ертеден келе жатқан Амангелді ауылының шығысына қарай Шоқтас немесе Өкіншік дейтін жерде табиғаты әсем жер бар. Бұған да жазда демалушылар көп келетін көрінеді. Одан бері Қойсоғым деген жерде Амангелді ауылының азаматы Серік Ибраев демалыс орнын ұйымдастырыпты. Осы ауылдың іргесінде шоқ қарағайдың түбінен Медет Көсембаев шағын үй салып, сақ моншасын ашыпты. Әрине, бұлар біріншіден аз, екіншіден үлкен туризм орталықтарын ашу қажет. Осындай орындар көптеп ашылса, ауыл тұрғындарына да жұмыс болып, халық үдере көшпес еді. Мұны айтып отырғаным, бұрын Амангелді ауылында алпыс шақты үй болса, бүгінде ол екі есе азайыпты. Оннан артық үй бос тұр. Осы үйлерді пайдаланып, қысқы туризмді де ұйымдастыруға болады. Ауыл қотанында электр жарығы бар, орталықтандырылған су жүйесi жүргізілген. Ақкөл қаласынан ауылға дейінгі жол да жақсы. Тек қана Ақкөл-Журавлевка тас жолынан ауылына дейінгі екі-үш шақырым жолды жөндеп, көпірді түзесе, қатынас тіпті жақсарар еді. Осындай туризмді дамытуға ыңғайлы орындар ауданның басқа елді мекендерінде де бар. Тек осыны Туризм және спорт министрлігі мен облыс әкімшілігі жол картасын жасап қолға алса, Ақкөл өңіpі тамаша туризм орталығына айналар еді. Түбі солай болар деп үміттенемін.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
Ақкөл ауданының құрметті азаматы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.
![]()

