Елорда маңындағы елді мекендерде өрт оқиғалары облыстың басқа аудандарына қарағанда әлдеқайда жиі орын алады. Бұл жай ғана болжам емес, ресми статистика растап отырған ащы шындық.
Жақында «Аманат» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесі мен Экологиялық кеңестің бірлескен отырысында өткір мәселе көтерілді. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының орынбасары Біржан Тәшенов бұл жағдайдың бірнеше негізгі себебін атап көрсетті.
Маманның айтуынша, басты себептердің бірі ретінде үйлердің өз бетінше салыну әдісінің тыйылмауы аталады. Көптеген коттедждер ешқандай рұқсатсыз бой көтеріп, кейін ғана заңдастырылады. Электр сымдарын жүргізу мен қазандықтарды орнату жұмыстары кәсіби мамандарға емес, көбіне кездейсоқ адамдарға тапсырылады. Оған қоса, халықтың тығыз орналасуы Жарқайың немесе Сандықтау аудандарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары екені байқалады.
Щучье-Бурабай курорттық аймағында бес бірдей өрт сөндіру депосында 400-ден астам маман жұмыс істейді. Қазіргі жоспар бойынша, олардың бір бөлігі Целиноград ауданына ауыстырылмақ. Алайда, халық саны 100 мыңнан асқан Қосшы қаласына бұлай жасау мүмкін емес, өйткені, онда өрт сөндірушілердің жұмыс орны, яғни, тұрақтайтын жері жоқ. Яғни, қала бар, өрт жиі болады, бірақ, өрт сөндіру бекеті әлі күнге дейін салынбаған.
«Аманат» партиясының Жол картасына сәйкес, төрт көлікке арналған бұл нысан 2023 жылы-ақ пайдалануға берілуі тиіс еді. Бірақ, құрылыс тоқтап қалды. Бұған тапсырыс беруші емес, мердігердің, атап айтқанда, алматылық «Достар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жұмыстан бас тартуы себеп болған. 2021 жылы жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, 2022 жылы 1 миллиард теңгеге жуық сомаға келісім-шарт жасалған болатын. Құрылыстың аяқталуына жарты жыл қалғанда мердігер материалдардың қымбаттауына байланысты жұмысты тоқтатты. Азаматтық кодекстің 655-бабына сүйеніп, шығын 10 пайыздан асса, сметаны қайта қарауды талап еткен компания соңында жұмысты жалғастырудан үзілді-кесілді бас тартқан.
Нәтижесінде құрылыс тек 66 пайызға ғана орындалып тұр. Қазіргі таңда нысанның техникалық жағдайы тексеріліп, жарамды деген қорытынды берілді. Бюджеттен құжаттарды түзету үшін тағы 18,6 миллион теңге бөлінді. Жаңа есептеулер бойынша, құрылысты аяқтау үшін кемінде 755 миллион теңге қосымша қаржы қажет. Осылайша, Қосшыдағы депо халық арасында «алтын» депо атанып кетуі мүмкін, өйткені, оған жұмсалған шығын мен уақыт тым көп. Нысанның аяқталу мерзімі енді 2027 жылға шегеріліп отыр.
Осы орайда, орынды сұрақ туындайды: 2027 жылға дейін Қосшы халқы тағы қанша өседі және оған дейін орын алатын өрттерге, оларды сөндіруге кім жауапты болады? Астанадан келетін көмекті күтіп отырғанда, қанша ауыр жағдайлардың орын алуы мүмкін екенін енді тек уақыт қана көрсетеді.
Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

