Баршаға мәлім, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің былтырғы Жолдауында бұқаралық спортты дамытуға баса мән берілуі тиіс екендігін атап өтіп, аймақтарда спорт нысандары бой көтеріп жатқанын, түрлі бағыттағы үйірмелердің балаларға қолжетімді бола бастағанын ерекше айтқан болатын.
Осы ретте, Ақмола облысында да бірқатар спорт нысандары бой көтеріп, ақмолалықтардың салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен және дене шынықтырумен айналысуларына игі ықпалын тиізуде. Өңірде спортпен шұғылданушылар саны жыл өткен сайын артып келеді. Өткен жылдың қорытынды мәліметтеріне сүйенсек, облыста дене тәрбиесі және спортпен шұғылданушылардың саны 343 580 адамды құрайды. Бұл – аймақ халқының 43,6 пайызынатең көрсеткіш. Оның ішінде ауылдық жерлерде спортты жанына серік еткендер саны 153 мыңнан астам адамды құрайды.
Бүгінгі таңда осы спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында өңірде тиісті жағдайлар жасалуда. Қазір облыс аумағында 1175 спорт ғимараты жұмыс істеп тұр, оның 652-сі ауылдық елді мекендерде орналасқан. Былтырғы жылғы нәтижелі жұмыстың арқасында спорт нысандарының саны 51 бірлікке көбейді.Бүгінгі таңда өңірдің спорттық инфрақұрылыммен қамтылу көрсеткіші 70,8 пайызға жетіп отыр.
Өткен жылы өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту бағытында бірқатар маңызды нысандар пайдалануға берілді. Бұл ретте,заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару есебінен құрылған арнайы мемлекеттік қордың қаражатына Зеренді ауылында бой көтерген спорт мектебін ерекше атап өтуге болады.Сонымен қатар, жыл бойы Бурабай ауданының Мәдениет ауылында және Жақсы ауданының Жаңақима ауылында спорттық кешендер, Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында, Шортанды ауданының Бозайғыр және Қорғалжын ауданының Қорғалжын ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері, Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында және Степногорск қаласында ангар типтес спорт нысандары, Қырыққұдық ауылы мен Қосшы қаласында екі мәдени-спорттық кешендер есігін айқара ашты. Бұған қоса, облыс орталығы мен қалаларда да ауқымды жұмыстар аяқталды. Атап айтқанда, Көкшетау қаласында көпфункционалды спорт кешені, Макинск қаласында жүзу бассейні және Щучинскіде Спорт сарайы пайдалануға берілді.
Қазіргі уақытта Бестөбе және Жақсы ауылдарында екі дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталу сатысында тұр. Ал, Степногорск қаласында «АК Алтыналмас» акционерлік қоғамының инвестициясы есебінен құны 12 миллиард теңгені құрайтын зәулім дене шынықтыру және спорт сарайының құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Бұқаралық спорттың қолжетімділігін арттыру мақсатында және тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуі үшін облыстың 10 өңірінде 37 жаңа спорт алаңы салынды. Нақтылай түссек, Целиноград ауданында 13 алаң, Көкшетау қаласында 8, Зерендіде 6, Шортандыда 3, Ерейментауда 2, Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандары мен Степногорск және Қосшы қалаларында бір-бір алаңнан салынды.
Жүргізілген жұмыстар мен салынған нысандар өңір тұрғындарының, әсіресе, жастардың спортқа келуіне даңғыл жол ашып отыр. Облыстың спорттық әлеуеті жыл санап артып келеді. Мәселен, салауатты өмір салты және мемлекеттік қолдау бағытында 10 мың бала тегін спорт секцияларымен қамтылды. Бұл өңірде тек инфрақұрылымды дамыту ғана емес, сонымен қатар, бұқаралық спортты танымал ету бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатқандығын айқын дәлелдейді. Жыл басынан бері облыс көлемінде 1626 спорттық-бұқаралық іс-шара ұйымдастырылып, оған 95 мыңнан астам адам қатысты.
Сондай-ақ, өңірде «ArtSport» және «Damubala» платформалары да балалар спортының жаңа тынысын ашты. Бүгінгі таңда облыста damubala.kz платформасы арқылы жүзеге асырылатын мемлекеттік спорттық тапсырыс жобасы қарқынды дамуда. Осы бағытты қолдау мақсатында 2025 жылы облыстық бюджеттен 1911,6 миллион теңге бөлінді. Аталған damubala.kz платформасы арқылы бүгінгі таңда 229 спорт секциясы тіркеліп, оның 113-і нақты қызмет көрсетуде. Осы секцияларда белгіленген 64 спорт түрінің ішінен Ақмола облысы бойынша 21-і мақұлданды. Атап айтқанда, еркін,қазақ және грек-рим күресі, бокс, дзюдо, каратэ, шахмат, футбол, шаңғы жарысы, үстел теннисі, жүзу, волейбол, көркем және спорттық гимнастика секілді спорт түрлері қарастырылған. Дегенмен, жобаға деген сұраныс әлі де жоғары. Қазіргі уақытта тағы 8 мыңға жуық бала спорттық ваучер алу үшін кезекте тұр. Бұл көрсеткіш мемлекеттік бағдарламаның халық арасындағы тиімділігі мен маңыздылығын тағы бір мәрте дәлелдейді.
Мемлекет басшысы ерекше қажеттілігі бар азаматтарға және егде адамдарға арналған спорт клубтары ашылып жатқанын да тілге тиек еткен еді. Осы ретте, өңірде ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды спортқа тарту және олардың әлеуметтенуіне жағдай жасау мәселесіне баса назар аударылуда. Бүгінгі таңда облыста 27816 мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, оның ішінде 13908 адамның спортпен шұғылдануына медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ.Қазіргі уақытта солардың 20 пайызы немесе 2790 адам дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 250 адамға артық. Облыс орталығындағы ерекше қажеттіліктері бар жандарды спорт бағытында қолдауға арналған «Мерген» спорт клубының орны бөлек. Мұнда спорттың 11 түрі бойынша 338 адам жаттығып жүр.
Сонымен қатар, өңірде үшінші жыл қатарынан «Ерекше қажеттіліктері бар адамдар мен халықтың мобильділігі төмен топтары үшін спорт залына баруды қамтамасыз ету жөніндегі жобаны ұйымдастыру»мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы жүзеге асырылуда. Бұл жобаның негізгі мақсаты — ерекше қажеттіліктері бар жандар мен жүріп-тұруы шектелген топтардың спорт залдарына кедергісіз баруын ұйымдастыру. Бүгінгі таңда аталған қызметпен 313 адам қамтылса, оның 96-сыбалалар.Бұл бастамалар мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамға бейімделуіне ғана емес, олардың рухын шыңдап, физикалық белсенділігін арттыруға септігін тигізуде.
Өңірдегі спорттың жоғары көрсеткіштерінің негізі жүйелі түрде дайындалып жатқан спорттық резервпен байланысты екені белгілі. Бүгінгі таңда облыста спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеумен 29 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі айналысады. Олардың 4-еуі олимпиадалық резерв мәртебесіне ие болса, 10-ы мамандандырылған, 15-іжалпы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі.Бұдан бөлек, талантты спортшыларды шыңдау мақсатында Олимпиадалық резервті даярлау орталығы, Олимпиадалық резервтегі мектеп-интернат-колледжі, Жоғары спорт шеберлігі мектебі, Ұлттық және бұқаралық спорт түрлері бойынша спорт клубы жұмыс істейді.Қазіргі таңда бұл ұйымдарда 20 663 жас спортпен шұғылдануда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 0,8 пайызға артық.
Кәсіби спорт саласына ойыссақ, Ақмола облысының намысын Қазақстан Республикасының чемпионаттарында 5 кәсіби команда абыроймен қорғап келеді. «Арлан» хоккей клубы, «Оқжетпес» футбол клубының ерлер және әйелдер командалары, «Оқжетпес» баскетбол клубының әйелдер командасы мен «Ұшқын Көкшетау» ерлер командасы өткен жылы негізінен, өз жетістіктерімен ақмолалықтарды қуантып, бірқатар белестерді бағындырды. Әсіресе, «Арлан» хоккей клубының жетістіктері ерекше атап өтуге лайықты. Бүгінгі таңда клуб Қазақстан Республикасы Кубогының үш дүркін иегері және «PRO HOKEI LIGASY» (Про хоккей лигасының) тұрақты чемпионатының үш дүркін чемпионы болып табылады.«Оқжетпес» әйелдер баскетбол командасы Ұлттық лига командалары арасындағы ел чемпионатында жүлделі 3-орынды иеленді. Сондай-ақ, ақмолалық баскетболшылар Қазақстан Республикасы Кубогының күміс жүлдегері атанды. «Оқжетпес» ерлер футбол клубы 2024-2025 жылғы маусымда Премьер-лига командалары арасындағы ел чемпионатында 8-орынға тұрақтаса, тек «Оқжетпес» әйелдер футбол командасы ғана маусым қорытындысы бойынша соңғы орындардың бірінен көрінді. «Ұшқын Көкшетау» волейбол командасы 2024-2025 жылғы маусымды ел чемпионатының турнирлік кестесінде 9-орынмен аяқтады.Бұл нәтижелер тұтастай алғанда облыс командаларының еліміздің ең жоғары дивизиондарында бәсекеге қабілетті екенін және аймақтың спорттық абыройын асқақтатып жүргенін көрсетеді.
Ақмола облысының спортшылары еліміздің намысын халықаралық ареналарда да абыроймен қорғап келеді. Бүгінгі таңда спорттың түрлі бағыттары бойынша 563 ақмолалық спортшы Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының сапына енген. Бүгінде Олимпиадалық спорт түрлері бойынша 329 спортшы, Олимпиадалық емес спорт түрлерінен 160, ұлттық спорт түрлерінен 15, паралимпиадалық және сурдолимпиадалық бағыттарда 59 адам ұлттық құрама сапында.
2025 жылдың қаңтар айынан бергі кезеңде облыс спортшылары халықаралық және республикалық жарыстарда барлығы 861 медаль иеленді. Оның 286-сы алтын, 284-і күміс, 291 қола медаль.
Спортта жоғары нәтижелерге қол жеткізген сайыпқырандарды қолдау мақсатында облыста арнайы ынталандыру жүйесі жолға қойылған. Бүгінгі таңда 130 жетекші спортшыға ай сайын ақшалай қолдау көрсетіліп тұрады. Көрсеткен нәтижелері мен рейтингіне байланысты төлем мөлшері 103 мың теңгеден бастап, 923 мың теңгеге дейін барады. Бұл материалдық қолдау спортшылардың ештеңеге алаңдамай, тек жаттығу процесіне назар аударып, жаңа белестерді бағындыруына қосымша серпін береді деп ойлаймын.
2025 жыл облыс спортшылары үшін халықаралық және республикалық додалардағы айтулы жеңістерге толы болды. Ақмолалық саңлақтар дүниежүзілікуниверсиададан бастап, Азия ойындарында ел намысын абыроймен қорғады. Италияның Турин қаласында өткен дүниежүзілік универсиадаға, яғни, студенттердің басты бәсекесіне облыстан 8 спортшы қатысып, шорт-трекші Яна Хан мен биатлоншы Арина Крюкова қоржынға 2 қола медаль салды. Қытайдың Харбин қаласында өткен IX Қысқы Азия ойындарында Ақмола облысының 14 спортшысы өнер көрсетіп, 11 медаль еншілеп келді. Сонымен бірге, еліміздің VI Қысқы Спартакиадасында облыс құрамасы өз тарихында тұңғыш рет жалпыкомандалық 1-орынды иеленіп, сенсация жасады. Спортшыларымыз 16 алтын, 9 күміс және 4 қола медальді жеңіп оралды. Бұл жарыста, әсіресе, шаңғышылар (10 алтын) мен биатлоншылардың (3 алтын) үлесі зор болды.
Жастар мен жасөспірімдер арасындағы жетістіктерге тоқталып өтсем, III Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында облыстан 4 спортшы қатысып, Санжар Қартай (ММА) алтыннан алқа тақса, Екатерина Михайленко (жеңіл атлетика) мен Лейла Рахымжанова (джиу-джитсу) қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, ҚР Жастар ойындарында облыс құрамасы 20 аймақтың ішінде 11-орынға тұрақтап, барлығы 65 медаль (21 алтын) еншіледі.Ауыл спортшыларына арналған республикалық «Ақ бидай» спартакиадасында облыс құрамасы 12 медаль жеңіп алып, 17 өңірдің ішінде жалпыкомандалық 8-орынға тұрақтады.
Ақмолалық спортшылар жылдың соңына қарай әлемдік және құрлықтық додаларда нағыз спорттық мінез көрсетті десе болады. Әзірбайжанда өткен ТМД елдерінің III Ойындарында облыс спортшылары 2 күміс және 1 қола медаль иеленсе, Дубай төрінде өткен шаршы алаңдағы шайқастарда ақмолалық былғары қолғап шеберлері тарихи нәтиже көрсетті. Онда боксшы Оразбек Асылқұлов қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, Әлем чемпионы атанды. Бұл облыс спорты үшін ғаламат жетістік болды. Ал, тәжірибелі спортшымыз Теміртас Жүсіпов бұл жолы әлем біріншілігінің қола медалін иеленіп, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеп оралды.
Өткен жылға өкпе жоқ. Спорттық инфрақұрылымның дамуы мен мемлекеттік қолдаудың арқасында облыс спортшылары рекордтық көрсеткіштерге қол жеткізіп, салауатты өмір салтын аймақтың басты брендіне айналдыра білді. Енді, есігімізді алшаң басып кірген жаңа жылдан да үмітіміз зор. Былтырғы бізді қуантқан жеңісті жол әрі қарай жалғаса беретіндігіне еш күмәніміз жоқ.
Ардақ ТӨЛЕНДИН,
Ақмола облысының дене шынықтыру
және спорт басқармасының басшысы.
![]()

