Өзгерістер ел дамуының жаңа кезеңін айқындайды

ҚҰРЫЛТАЙДАН КЕЙІНГІ ОЙ-ПІКІРЛЕР

Қызылорда қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтті. Тарихи маңызы зор, ел шежіресінде айрықша орны бар Сыр бойында өткен бұл алқалы жиын Қазақстанның саяси, әлеуметтік және экономикалық дамуындағы жаңа кезеңге бетбұрысты айқындаған маңызды оқиға болды.

Құрылтай барысында елдің мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды бастамалар талқыланды. Атап айтқанда, Конституциялық өзгерістерді пысықтайтын комиссия құру, жалпыхалықтық референдум өткізу тетіктерін жетілдіру, басқару институттарын жаңғырту жөнінде ұсыныстар айтылды. Сондай-ақ, заң шығарушы биліктің құрылымы мен атауын қайта қарау, депутаттық корпусқа қойылатын талаптарды күшейту, қоғамдық өкілдікті кеңейту мәселелері күн тәртібіне шықты. Ассамблея қызметін жаңа форматта қайта ойластырып, қоғам пікірін жүйелі түрде жеткізетін кеңесу алаңын құру идеясы да талқылау өзегіне айналды.

Мемлекет басшысы өз сөзінде экономиканың орнықты дамуы, инфляцияны тежеу, қаржы тәртібін күшейту, инвестициялық ахуалды жақсарту және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша назар аударды. Денсаулық сақтау саласын жаңғырту, өңірлік инфрақұрылымды дамыту, энергетикалық қауіпсіздік, цифрландыру және ұлттық қауіпсіздік – ел болашағы үшін шешуші бағыттар ретінде атап өтілді.

Сонымен бірге, руханият, ұлттық бірегейлік, тарихи жадыны сақтау, экологиялық қауіпсіздік, соның ішінде Арал теңізі өңіріндегі күрделі жағдайды шешу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл экономикалық өсім мен рухани жаңғыруды қатар ұстанған теңгерімді саясаттың көрінісі. Ұлттық құрылтай жай ғана кеңес алаңы емес, ол қоғамның шынайы сұранысы мен мемлекеттің стратегиялық бағыты тоғысатын маңызды институт бола білді. Қызылордада өткен бесінші отырыс ел дамуының жаңа сапалық кезеңіне аяқ басқанымызды көрсетті. Мемлекет басшысы көтерген бастамалар басқарудың ашықтығын арттыруға, халықтың шешім қабылдау процесіне қатысуын кеңейтуге бағытталып отыр.

«Respublica» партиясы әрдайым әділетті экономика, жауапты мемлекет және белсенді қоғам қағидаттарын қолдайды. Құрылтайда айтылған ұсыныстар осы ұстанымдармен үндес. Әсіресе, өңірлердің дамуына, қаржының тиімді жұмсалуына, шағын және орта бизнесті қолдауға, әлеуметтік теңгерімді сақтауға басымдық берілуі партиямыз үшін аса маңызды. Алдағы кезеңде айтылған бастамалар нақты іске айналып, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға қызмет етеді деп сенеміз. Жаңа Қазақстанды бірге құру жолындағы ортақ жауапкершілігімізді айқындайтын маңызды қадамдар жасалады деп күтеміз. Ұлттық құрылтайдың V отырысы Қазақстанның саяси жүйесін жаңғыртуға, ұлттық мүдде мен заман талабын үйлестіре отырып, елдің ұзақ мерзімді даму бағытын нақтылауға арналған пәрменді алаң ретінде есте қалары сөзсіз. 

Алмат ТҰҚМАҒАНБЕТОВ,
«Respublica» партиясы»  қоғамдық бірлестігі Ақмола облыстық филиалының төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар