Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімованың төрайымдылығымен «Серпін-2050» – Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасын іске асыру жөніндегі өңірлік жобалық кеңсесінің кезекті отырысы болып өтті.
Жиынға қатысушылар «Серпін» жобасымен оқуға келген жастарды бейімдеу бойынша оқу орындарында жүргізілетін шараларды талқылап, бағдарлама қатысушыларының проблемалық мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады.
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ардақ Қапышевтің айтуынша, аталмыш білім ордасы 2014 жылдан бастап «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында студенттер қабылдап келеді. Осы уақыт аралығында университетте 4292 студент білім алған. Қазіргі уақытта білім ордасында 23 білім беру бағдарламасы бойынша 1457 студент оқуда. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша оқуын бітірген 377 түлектің 94-і сол оқуын еңбекпен өтеу үшін өңірлерге жолданған. Солардың 51-і ғана Ақмола облысының аумағында жұмысқа қалған. Қалған түлектердің 20-сы декреттік демалыста отырса, 229-ы оқуларын магистратурада жалғастыруда және бір жігіт әскери борышын өтеуге кеткен.
– Биыл оқуды 267 түлек бітіреді деп күтілуде. Жалпы, 2014–2025 жылдар аралығында 4292 студент қабылданып, 2923 түлек оқуын сәтті аяқтады. 1068 студент оқуын жалғастыруда. Оның ішінде 2046 түлек, яғни шамамен 70 пайызы жұмысқа орналасты. 2025 жылы жалпы жұмысқа орналасу деңгейі 74 пайызды құрады. Университеттің мансап және жұмысқа орналастыру орталығының мәліметіне сәйкес, алдыңғы оқу жылында 217 түлек бітіріп, олардың 83 пайызы жұмысқа орналасқан. 2025 жылы бітіруші 377 студенттің ішінде 327-сі – педагогикалық, 58-і – агротехникалық бағыттағы мамандықтар бойынша оқу бітірген, – деп статистикалық мәліметтермен бөліскен Ардақ Қапышев бұдан әрі «серпіндік» студенттерге жасалып жатқан жағдайларға тоқталды.
Қазіргі уақытта университет жатақханаларында 633 осындай студент тұрып жатыр. Бірінші курс студенттері 100 пайыз жатақханамен қамтамасыз етілген. Бұл олардың әлеуметтік бейімделуіне және оқуына толық көңіл бөлуіне мүмкіндік береді.
Жатақханаларда қолайлы әлеуметтік орта қалыптастыру, студенттердің бір-бірімен және жергілікті қоғаммен сәтті интеграциялануы бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Университетте «Мансап және жұмысқа орналастыру орталығы» белсенді жұмыс істейді.
Биылғы жылдан бастап, А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті де «Серпін» жобасына қатысуды қолға алды.
– 2025–2026 оқу жылында біздің университетке «Серпін» бағдарламасы бойынша 99 студент оқуға түсті. Біздер студенттердің академиялық топтар бойынша бөлінуіне, оқу үдерісіне қатысу белсенділігіне, өндірістік тәжірибеден өтуіне, академиялық ұтқырлыққа қатысуына, сондай-ақ, көркемдік, спорттық, интеллектуалдық және қоғамдық бағыттағы үйірмелерге тартылу көрсеткіштеріне мән беріп, олардың университет ортасына бейімделулеріне ерекше назар аударудамыз. «Серпін» бағдарламасы студенттерінің университетте бейімделу процесі жүйелі және жан-жақты жүргізілуде. Бұл процесті университеттің барлық дерлік құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады, –деді жиын барысында аталмыш университеттің бірінші проректоры Ләззат Кәрімова.
2025 жылы Ақмола облысында «Серпін» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында кадрлар даярлау мен қайта даярлау жұмыстары жаңа деңгейге көтерілді. Бүгінде өңірдегі 9 колледж осы бағдарламаның белсенді қатысушысы болып табылады.
– Қазіргі таңда облыстағы кәсіптік білім беру мекемелерінде еліміздің оңтүстік өңірлерінен келген 154 студент білім алуда. Жыл басынан бері Ақмола облысының колледждері Қазақстанның оңтүстік облыстарының мектеп түлектері арасында «Серпін» бағдарламасын танымал ету мақсатында ауқымды науқан жүргізді. Үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде колледж өкілдері 100-ден астам мектепті аралап, 6 мыңнан астам оқушымен кездесті. Кездесулер барысында болашақ талапкерлерге оқуға түсу шарттары, даярлау бағыттары, колледждердің материалдық-техникалық базасы мен оқу бітіргеннен кейінгі жұмысқа орналасу мүмкіндіктері туралы егжей-тегжейлі ақпарат берілді. Ақмола облысының білім беру мекемелері «серпіндік» студенттерге тек сапалы білім беріп қана қоймай, олардың өңірде тұрақтап, еңбек нарығына белсенді араласуына жағдай жасауда. Жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар алдағы уақытта облыс экономикасына қажетті техникалық мамандардың санын арттыруға септігін тигізуі тиіс, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Нәжмиден Нұралин.
Жиын барысында «серпіндік» студенттер университеттерде білім алуға жасалып жатқан жағдайларға көңілдері әбден толатындығын айта келе, алдағы уақытта оқуларын бітіргеннен кейін осы өңірде мамандықтары бойынша жұмыс табу жайына алаңдайтындықтарын жеткізді. Бұл ретте, жиналған қауым оқу орындарының мансап орталықтары жұмыс істеп, соңғы курстарда түрлі жәрмеңкелер ұйымдастырылатындығы, егер еңбекпен өтеу мерзімінен бас тартып немесе түрлі сылтаулармен жалтарып жатса, оқудың ақысын қайтару қажет болатындығы, бұл заңмен бекітілгені, бағдарламаға енгізілген өзгертулер жайлы жан-жақты түсіндірді.
– Бұған дейін «серпіндіктер» біздің өңірде қалып, оқудың ақысын еңбекпен өтеуден, яғни, Ақмола аумағында жұмыс істеуден жалтарып, өз өңірлеріне немесе Астанаға қарай тартатын. Енді заңға енгігізілген өзгертулерге сәйкес осы бағдарламамен білім алған түлектер, оқуларын магистратурада жалғастыратын болса да, өздері оқыған облыста немесе арнайы бекітілген солтүстік, шығыс, орталық облыстар бойынша 7 өңірдің аумағында міндетті түрде өз мамандықтарымен екі жыл еңбекпен өтеуге жолданады. Егер бұл түлектер оған келіспесе немесе жалтарып кетеміз деп ойлайтын болса, сот алдында жауап беріп, оқудың ақшасын өтейді, –дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің мансап орталығының басшысы Айжан Тәжмиева.
Отырысты қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы «Серпін» – өңіраралық білім беру мен кадр даярлаудағы еліміз үшін аса маңызды жоба екендігін тілге тиек етіп, жобаның оң көрсеткіштері университет, жергілікті атқарушы органдар және жұмыс берушілер арасындағы тиімді әріптестіктің нәтижесі екендігін атап өтті. «Алдағы міндет – студенттердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың жаңа ортада өзін сенімді сезінуін қамтамасыз ету және еңбек нарығына табысты шығуына жан-жақты қолдау көрсету керек» дей келе, білім ордаларына соңғы курста оқып жүрген студенттердің жұмысқа орналасу жайын қарастыруды тапсырды.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
![]()

