Ерекше қажеттілігі бар балалардың жағдайы алаңдатады

ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

Ақмола өңірінде ерекше білім беруді қажет ететін балалардың саны 13 мыңға жетсе, оның ішінде 1 мыңға жуық бүлдіршінге «аутизм» диагнозы қойылған. Осыған қарамастан, аймақта мамандандырылған медициналық көмек пен инклюзивті білім беру саласындағы білікті кадрлар мәселесі әлі де өзекті.

Халық қалаулылары ерекше қажеттілігі бар балалардың болашағына алаңдаушылық білдірді. Бүгінде облыс орталығында ашылған жалғыз орталық бір мезгілде тек 30 баланы қабылдай алады. Оның үстіне, емдік-оңалту шаралары әр балаға небәрі үш ай мерзімге ғана жоспарланған. Депутаттар мұндай қысқа мерзімді оңалтудың тиімділігі төмен екенін, орталықтардың санын арттырып, қызмет аясын кеңейту қажеттігін алға тартты. Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева мемлекеттік қызметтердің әр баланың ерекшелігіне сай икемді болуы керектігіне тоқталды.

– Мемлекет тарапынан арнайы бір қызмет көрсету спектрі белгіленген. Дегенмен, ата-аналардың ойынша мұндай көмектің тиімділігі төмен. Себебі, әр баланың аутизм деңгейі әртүрлі. Сол себептен мен мемлекет тарапынан берілетін қызмет түрлерін нығайтып, оның ауқымын арттыру керек деп есептеймін, –  деді Наталья Дементьева.

Мамандардың айтуынша, аутизм дертінен толық айығу мүмкін болмаса да, үздіксіз жұмыс пен оңалтудың арқасында балаларды қоғамға бейімдеуге болады. Алайда, бұл мақсатқа жету жолындағы басты кедергі – білікті кадрлардың жетіспеушілігі. Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская инклюзия кабинеттері мен орталықтардың заманауи жабдықталуы жеткіліксіз екенін, ең бастысы,  маман даярлау ісін жолға қою керектігін айтты.

– Келесі өзекті мәселе, кадр тапшылығы. Қарап отырсақ, осындай орталықтар мен инклюзия кабинеттері ашылуын ашылып жатыр. Оларда барлық жағдай жасалған әрі заманауи жабдықталған. Дегенмен, мамандар жеткіліксіз. Сондықтан, білікті кадрларды қамтамасыз ету өте маңызды. Бұған қоса, балалардың жыл бойы сол орталықта үздіксіз оқып, білім алуына жағдай жасау қажет, –  деп өз сөзінде атап өтті Юлия Кучинская.

Сапар соңында «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобы Көкшетау қаласының активімен кездесті. Жиын барысында Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттар мен заңнамалық өзгерістер талқыланып, жоғарыдағыдай ерекше балаларды қолдау мәселесі бақылауда болуы тиістігі айтылды.

Бейбарыс ШАЛАБАЕВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар