СУЫТ ХАБАР!
Щучинск қаласында орналасқан Қорғаныс министрлігінің Ш.Уәлиханов атындағы әскери колледжінде қызылша ауруының өршігені анықталып отыр.
Оқу орны қызметкерлерінің мәлімдеуінше, жұқпалы дерттің алғашқы белгілері студенттер қысқы демалыстан оралғаннан кейін байқалған. Дәрігерлердің пайымдауынша, инфекция сырттан әкелінген болуы мүмкін.
Сонымен, соңғы екі күн бойы әскери колледждің 71 курсанты медициналық көмекке жүгінген. Олардың 24-інен қызылша дерті зертханалық зерттеу тұрғысында нақты анықталды. Қазір Көкшетаудың өзінде курсанттарға қажетті ем-дом көрсетіліп жатыр. Ал, әскери колледж карантинге жабылды.
Кадет корпусының екі курсанты облыстық көпсалалы балалар ауруханасының интенсивті терапия бөлімінде, қалғандары жұқпалы аурулар орталығында емделуде. Қызылша инфекциясы анықталмаған курсанттар қазір жіті респираторлық вирусы инфекциясына қарсы ем-дом алып жатыр.
Науқастармен байланыста болған тұлғалар оқшауландырылған. Колледжде карантин енгізіліп, инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында санитарлық бақылау күшейтілді. Жағдай Қорғаныс министрлігі мен денсаулық сақтау органдарының бақылауында.
–Қазір курсанттардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Олардың үшеуі жан сақтау бөлімінде жатты. Қазір олардың жағдайы орташа, интенсивті терапия емін алуда, ал, біреуі жалпы палатаға ауыстырылды. Дәрі-дәрмектер пен қажетті құралдардың бәрі жеткілікті. Сырқаттар ем-домды толық көлемде алып жатыр. Бұдан бөлек, кадет корпусында да стационар ұйымдастырылды. Өйткені, сырқаттармен байланыста болғандардың бәрі тексеріліп жатыр. Оларға да ем-дом толық көлемде көрсетілуде, –дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Ермек.
Жалпы, бүгінде республика бойынша қызылша ауруы жиі тіркелуде. Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, аурудың өршуінің басты себебі осы жұқпаға қарсы екпе алмағандардың көп болуынан.
Ы.ШАМШИЕВА.
Сурет stan.kz сайтынан алынды.
![]()

