Ұлт сөзін сөйлеген тұңғыш Алаш басылымы

2 АҚПАН – ҰЛТТЫҚ БАСЫЛЫМ КҮНІ

Осыдан 113 жыл бұрын 1913 жылы 2 ақпанда алты Алаштың айбынды үніне айналған «Қазақ» газетінің тұңғыш саны жарық көрді.

Ал, 2023 жылы елімізде Үкімет Қаулысымен дәл осы күн Ұлттық басылым күні болып белгіленді.

Сонау ХХ ғасырдың басында бірнеше жыл зор ұйымдастырушылық, қиыншылықтармен Орынборда шығып тұрған «Қазақ» газеті шын мәнісінде ұлт өмірінде ерекше оқиға болды. Ғасырлар бойы қордаланған ұлтымыздың асқақ мұраты ашық ақпараттық алаңға шығып, жұртшылықтың назарын еркіндік үшін күреске бұрды.

Кеңес өкіметінің жергілікті ұлт мәселесіне кері көзқарасынан 1918 жылы шығуын тоқтатқанша, газет бар қажыр-қайратын ұлтының әлемдік өркениетке ұмтылуына арнады. Ол Алаш арыстарының осы жолдағы теңдесі жоқ жан-жақты саяси ұйымдастырушылық жұмысын барынша ашық көрсетті. Сондықтан, қазақ баспасөзінің тағылымы мол тарихында бұл оқиғаның маңызы ерекше. Өйткені, осы басылымның басы-қасында болған Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт кемеңгерлері мен «Қазақ» газеті ұлттық жаңғырудың нағыз қайнар көзі болды.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бұл газеттің ең белсенді авторларының бірі ғана болған жоқ, оның тікелей ұйымдастырушысы және саяси басшысы болып, басылымның ұлттық деңгейге көтерілуіне зор үлес қосты. Осы газет бетінде кешегі Алаш жетекшілері көтерген тәуелсіздік, ұлт, тіл, дін, демократия, руханият, тағы басқа мәселелер қоғамымыз үшін әлі де өзекті екеніне дау жоқ.

Қазақ халқы өзінің тәуелсіздік жылдарында баспасөзге кенде бола қойған жоқ. Алайда, кейбір ұлттық мәселелер әлі де кенже қалып келе жатқаны жасырын емес. Демек, бір кезде «Қазақ» газеті бастауында тұрған ұлттық мүдде, ұлттық идеялар әлі де күн тәртібінен түскен жоқ десек, қателеспейміз. Бұл ретте, сол кезде ұлтымыздың бағыт-бағдарына айналған «Қазақ» басылымы бізге несімен қымбат десек, алғаш халқымыздың осы мұң-мұқтажын жалғанның жарығына шығарып, қалың бұқара арманына үн қосуымен, елді еркіндік пен мәдениетке, өнер-білім, отырықшылыққа үндеуімен қымбат.

Бұл ретте, осы газетті 88 жылдан кейін қайта тірілтіп, 2006 жылдың 22 наурызынан бастап осы тұңғыш басылымның ізімен «Қазақ» атты газет шығаруды қолға алған, сөйтіп, осы миссияны бірнеше жыл ойдағыдай атқарып келген белгілі жазушы Қоғабай Сәрсекеев ағамыздың ерлік ісі де еске түсіп, ризашылық сезімімізді туғызады.

Бұл күнде елімізде қаншама газет-журнал жарық көргенімен, бір кездегі жұртшылық санасы мен ақыл-ойына қозғау салған «Қазақ» газеті сияқты тұңғыш басылымдарымыздың орны қашанда бір бөлек. Олар әлі де ұлттық тарихымызды байытып, ел шежіресінің бастау-тұнығында тұра берері сөзсіз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар